- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Шалқарда әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Шалқар қаласындағы әлеуметтік нысандар - 150 балаға арналған өнер мектебі мен Шалқар аудандық ауруханасының стационарына жапсарлас салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылыс барысын бағамдады.
Шалқар қаласындағы жаңа өнер мектебі «Қазақстан темір жолы» компаниясының қолдауымен бой көтеруде. Жобаның жалпы құны 1,71 млрд теңге. Аумағы 2109 шаршы метр құрайтын нысан 150 балаға шақталған.
Құрылыс жұмыстарын «ATM Holding» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс биылғы наурыз айында басталды. Нысанды қараша айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылысшылар ғимаратты әрлеп, жарық тартылып жатыр.
Жаңа өнер мектебі балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, музыка, өнер және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша қосымша білім алуына мүмкіндік береді.
Шалқар аудандық ауруханасының стационарына жапсарлас салынып жатқан екі қабатты қосымша ғимаратқа қаржы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінді.
Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Мердігер – «МСФ «Мұнайқұрылыс» ЖШС. Қазіргі таңда нысанның шатыры жабылған, енді ішкі әрлеу жұмыстары басталмақ. Ғимаратты 2027 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа қосымша ғимарат аурухананың инфрақұрылымын кеңейтіп, аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсету жағдайын жақсартуға сеп.
Асхат Шахаров құрылыс нысандарындағы жұмыстардың қарқыны мен сапасына назар аударды. Өңір басшысы мердігерлерге құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп, нысандарды сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
«Шалқар тұрғындары үшін бұл нысандардың маңызы зор. Жаңа Өнер мектебі балалардың шығармашылықпен айналысуы және қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Ал аудандық аурухананың стационарын кеңейту халыққа медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Құрылыс барысында сапа талаптары мен белгіленген мерзімдер қатаң сақталуы тиіс. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ерекше назар аудару қажет. Нысандар пайдалануға берілген кезде барлық талапқа сай, толық дайын болуы керек», – деді облыс әкімі.
- 22.09.2026
- 4


