- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қостанай облысына жұмыс сапарым аясында Қарабалық ауданының тұрғындарымен кездестім. Азаматтарға министрліктің өңірдегі су саласын дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып бердім.
Көктемгі су тасқынына дайындық аясында алты гидротехникалық нысанды реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру каналының құрылысы жалғасып жатыр.
Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жоба жақын маңдағы елді мекендерді су басудан қорғауға және мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар Су шаруашылығы комитеті алты су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеп жатыр. Олардың қатарында өңірдегі ең ірі Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары бар.
Бұдан бөлек, осы екі нысанда автоматтандырылған бақылаудың пилоттық жүйесі енгізіліп жатыр. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба су қоймаларының техникалық жай-күйін бақылауға және су тасқыны кезінде қажетті шараларды уақытылы қабылдауға бағытталған.
Елді мекендерді су басудан қорғау үшін төрт су қоймасында жергілікті хабарлау жүйелері орнатылды. Сонымен қатар жақын уақытта Тобыл, Шортанды және Торғай өзендерінің жекелеген учаскелерін тазалау жоспарланып отыр.
Біздің мақсатымыз – су тасқынының салдарын жоюға ғана емес, оның алдын алуға да бағытталған орнықты жүйе қалыптастыру. Ол үшін басталған жобаларды уақытылы аяқтау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін тұрақты бақылау және әрбір нысанның тиісті деңгейде пайдаланылуын қамтамасыз ету маңызды.
Бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі – елді мекендер мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігін арттыру. Осы міндеттерді орындау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК-ның және су пайдаланушылардың үйлесімді жұмысы маңызды.
Кездесу барысында Қарабалық ауданының тұрғындары Тоғызақ өзенінің арнасын тереңдету, су қорғау аймақтарын белгілеу және су құбырларын реконструкциялау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Кейін азаматтарды жеке қабылдап, онда жерасты суын игеру және суару мақсатында пайдалану, сондай-ақ арнайы су пайдалануға рұқсат алу мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап бердім. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар бердім.
- 19.10.2026
- 6


