- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Қостанай облысына жұмыс сапарым аясында Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының мамандары және «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткіздім.
Жиында өңір тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелерді қарадық. Әсіресе судың «қара нарығына» қарсы күреске ерекше назар аударылды.
Министрлік құрылғаннан бері бассейндік инспекциялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қызметкерлер саны артып, барлық облыс орталығында бөлімшелер ашылды. Инспекторлардың функцияларын кеңейтуді көздейтін жаңа Су кодексі қабылданды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Сондықтан өңірдегі су ресурстарына қатаң бақылау орнату қажет. Азаматтардың өтініштері де жедел қаралуы тиіс.
Кеңес қорытындысы бойынша Тобыл-Торғай бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК-ның, сондай-ақ министрлікке қарасты жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар бердім.
Кейін «Қазсушар» РМК-ның Қостанай филиалына да бардым. Онда жұмыс орындарын аралап, кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелестім.
Одан кейін Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетінің жұмысымен таныстым. Еске сала кетсем, биыл нысанды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Жоба жақын маңдағы елді мекендерді су басудан қорғауға және мал шаруашылығын жемшөп қорымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта «Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша гидротехникалық құрылыстың қауіпсіздік декларациясын әзірлеу жоспарланып отыр.
Ал Ашутасты ауылдық округінде Ашутасты су қоймасының жұмысымен таныстым. Сыйымдылығы 5 миллион текше метр болатын нысан Арқалық қаласын сумен қамтамасыз етеді. Келесі жылы су қоймасына көпфакторлы тексеру жүргізу жоспарланған.
- 19.10.2026
- 6


