- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Қазақстан мен Қытайдың қаржы саласындағы ынтымақтастығы тың деңгейге көтеріліп келеді
Алматыда өткен Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі II Тянь-Шань форумында Қытай Халық Республикасының Қаржы министрі Лан Фоанмен кездесудің сәті түсіп, онда ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, қаржы нарықтарын дамыту, инвестициялық ресурстарға қолжетімділікті кеңейту және бірлескен экономикалық бастамаларды қолдау перспективаларын талқыладық. Қазақстан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Екі жақты қарым-қатынас өзара құрмет пен сенімге негізделген және қол жеткізілген келісімдерді практикалық тұрғыда бірізді түрде орындаудың маңыздылығы жоғары. Кездесуде халықаралық қаржы институттары аясында әріптестікті дамыту жөнінде айтылды. Оның ішінде ШЫҰ Даму банкін құру бастамасы жайлы пікір алыстық. Сондай-ақ Қытайдың капитал нарығындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырдық. Қытайлық әріптестеріме биыл жалпы көлемі 10 млрд юаньға жететін қазақстандық панда-облигациялардың екі егеменді шығарылымын табысты орналастыруға қолғабыс еткені үшін ризашылығымды білдірдім. Қаржыландырудың тиімді шарттары мен инвесторлардың жоғары қызығушылығы екі жақтың қаржылық өзара іс-қимылының маңызды нәтижесі болды және халықаралық инвестициялық қауымдастық тарапынан Қазақстанға деген нық сенімнің бар екенін байқатты. Биыл шілде айында қол қойылған өзара түсіністік туралы ведомствоаралық меморандумды нақты орындауға ерекше назар аударылды. Басым бағыттардың қатарында салық пен мемлекеттік қаржыны басқару және заманауи қаржы технологияларын енгізу саласында тәжірибе алысу қарастырылған. II Тянь-Шань форумы халықаралық серіктестердің Орталық Азияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Қол жеткізілген уағдаластықтарды бірізді іске асыру Қазақстан-Қытай қаржы-экономикалық байланыстарын нығайтуға және инвестиция тарту мен бірлескен жобаларды орындауға жол ашатынына сенімдімін.
- 02.11.2026
- 15


