- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына арналған тың қаржы тетіктері
Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі II Тянь-Шань форумы аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Қытай Халық Республикасының Қаржы министрі Лан Фоанмен болған кездесуіне қатыстым. Оған Қытайдың экспорттық-импорттық банкінің, CITIC тобының және ҚХР ШҰАА өкілдері де қатысқанын айта кетейік. Кездесудің басты тақырыбы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты қаржы құралдарының тұтас жүйесін қалыптастыруға арналды. Екі елдің қаржы институттарының қатысуымен Қазақстан-Қытай тікелей инвестициялар қорын құру перспективаларын, сондай-ақ үлестік, займдық және сақтандыру қаржыландыру тетіктерін біріктіру мүмкіндіктерін қарастырдық. Бұл тәсіл капиталға қолжетімділікті кеңейтуге және ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Біз үшін Қазақстан мен Қытайдың қаржы институттарының ынтымақтастығы нақты жобаларға бағдарланып, екі елдің экономикасына практикалық нәтиже бергені маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап оны қолдау үшін бірлескен қор құруды пысықтауды ұсынды. Екі елдің қаржы институттарын тарту тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ете алады және бұл бағытты дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруды жеделдетуге қауқарлы. Сондай-ақ Алматы метрополитені мен Астананың көлік инфрақұрылымын дамыту, «Орталық-Батыс» автомобиль жолын салу және елорданың сумен жабдықтау нысандарын жаңғырту сынды бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша біз өзара әріптестікті нығайтуға және қаржы институттары арасындағы тікелей іс-қимылды дамытуға мүдделі екенімізді қуаттай түстік. Бірлескен жұмыс көтерілген бастамаларды бірізді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін.
- 02.11.2026
- 12


