- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің цифрландыру және цифрлық технологиялар, бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтауы
Бүгін Қазақстанда екі кәсіби мереке – Цифрландыру және цифрлық технологиялар қызметкерлері күні және Бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерінің күні атап өтілуде.
Мемлекеттік қаржы жүйесі үшін бұл екі бағыт өзара тығыз байланысты. Заманауи технологиялар процестердің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етсе, мамандардың кәсіби дәлдігі деректердің шынайылығы мен қабылданатын шешімдердің негізді болуына ықпал етеді. Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржыны басқарудың барлық кезеңдерін қамтитын бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастыруда. Ол бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік сатып алудан бастап, қазынашылық атқару, салықтық және кедендік әкімшілендіру, бухгалтерлік есеп пен ішкі мемлекеттік аудитке дейінгі бағыттарды қамтиды. Қазіргі уақытта Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті, Ұлттық тауарлар каталогы, KEDEN жүйесі, Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай платформасы және басқа да цифрлық шешімдер дамытылуда.
Біз үшін цифрландыру – қызметтерді электрондық форматқа көшіру ғана емес. Бұл бюджет қаражаты қозғалысының ашықтығы мен қадағалануын қамтамасыз етуге, тиімсіз шығындардың алдын алуға, әкімшілік жүктемені азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді азаматтар мен бизнес үшін қолайлы етуге мүмкіндік береді.
Бухгалтерлер мен аудиторларға ерекше алғыс білдіремін. Қаржылық есептіліктің анықтығы, қаржылық тәртіпті нығайту және мемлекеттік әрі корпоративтік институттарға деген сенімді арттыру сіздердің кәсіби біліктіліктеріңізге, принципшілдіктеріңіз бен мұқияттылықтарыңызға тікелей байланысты. Министрлік бухгалтерлік есеп пен аудит стандарттарын жетілдіруді, кәсіби сертификаттауды дамытуды, бұлтты бухгалтерлік есепті және бухгалтерлік операцияларды автоматтандырылған талдау жүйесін енгізуді жалғастыруда. Сонымен қатар технологиялар адамның кәсіби пайымын алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Кез келген цифрлық жүйе сапалы деректерге, нақты есепке және мамандардың жауапты жұмысына негізделгенде ғана тиімді болады. Әзірлеушілердің, талдаушылардың, бухгалтерлер мен аудиторлардың бірлескен еңбегі мемлекеттік қаржының заманауи, орнықты әрі ашық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сала қызметкерлерінің барлығына кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығы үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, жаңа идеялар және ел үшін маңызды жобаларды табысты іске асыруды тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
- 10.11.2026
- 63


