- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
«Жібек жолы» және «Гишт-Куприк»: Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы үйреншікті бағыт қайта ашылды
Қараша айында Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаровпен бірге реконструкциядан өткен екі өткізу пунктін аштық. Енді екі елдің тұрғындары Түркістан облысындағы «Жібек жолы» және Ташкент облысындағы «Гишт-Куприк» өткізу пункттері арқылы мемлекеттік шекараны үйреншікті бағытпен қайта кесіп өте алады.
Тек 2024 жылдың өзінде «Жібек жолы» өткізу пункті арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Біреулер үшін бұл – шекараның арғы жағында тұратын туған-туыстарына апаратын жол болса, енді біреулер үшін жұмысқа немесе оқуға баратын бағыт. Реконструкция кезінде тұрғындар айналма жолдармен жүруге мәжбүр болды, ал көршілес өткізу пункттеріне қосымша жүктеме түсті.
Тұрғындарға танытқан төзімділігі үшін, ал екі елдің шекарашылары мен кеденшілеріне осы кезеңдегі еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаржы министрлігі шекара инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртып келеді. «Жібек жолы» өткізу пунктінде екі жолаушылар терминалы салынды: бірі – Қазақстанға кіруге, екіншісі – елден шығуға арналған. Енді жаяу жүргіншілер мен көлік құралдары бөлек қозғалады, ал кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін ұлғайтылды. Бұған дейін өткізу пункті тәулігіне 35 мың адамды өткізуге есептелген болатын.
Реконструкциядан кейін жүктеме жоғары күндері мұнда тәулігіне 100 мыңға дейін адам шекарадан өте алады. Терминалдарда паспорттық бақылауға арналған 82 кабина және 20 автоматтандырылған Q-gate жүйесі орнатылды. Біз үшін ең бастысы – барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, адамдардың күту уақытын қысқарту. Екі өткізу пунктінің бір мезгілде ашылуын қамтамасыз ету үшін шекараның екі жағындағы мамандар бірлесе жұмыс істеді. Құрылысшыларға, шекара және кеден қызметтерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ өзбекстандық әріптестерімізге алғысымды білдіремін.
Мен үшін тұрғындардың екі ел арасындағы серіктестіктің нәтижесін күнделікті өмірде сезінуі маңызды. Енді отбасылардың бір-біріне барып-келуі жеңілдеп, кәсіпкерлердің іскерлік кездесулер өткізуіне, ал тасымалдаушылардың жаңа жолаушылар бағыттарын ашуына көбірек мүмкіндік туатынына сенімдімін.
- 26.11.2026
- 16


