- Блогтар
- Нұржігітов Н.М.
Нұржігітов Н.М.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының отырысы өтті
Жиында Қазақстанның 2024-2026 жылдардағы төрағалығы кезеңінде Қордың Атқарушы комитеті атқарған жұмыс қорытындылары қаралды. Осы кезеңде жұмыс он бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, даму жөніндегі әріптестерден гранттық қаржы тартылды. Оның ішінде Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылатын су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыру жөніндегі өңірлік ынтымақтастық жобасына (CAWEC) 20 миллион АҚШ доллары, REMIT бағдарламасы аясында 145,2 миллион АҚШ доллары және Француз даму агенттігінің жобаларына 2 миллион еуро бөлінді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен 13 меморандум мен келісім жасалды.
Сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының (ПБАМ-4) іске асырылу барысы және ХАҚҚ-ның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметі қаралды.
Отырыстың маңызды қорытындыларының бірі – Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім болды. Қор басқармасы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) осы жоспарды әзірлеу және бассейн мемлекеттерінің өкілдерінен жұмыс тобын құру туралы шешімін мақұлдады. Тараптарға ұлттық үйлестірушілерді айқындау, жұмыс жоспарының жобасын әзірлеп, келісу тапсырылды. Кейін құжат МСШҮК-ның бекітуіне және ХАҚҚ Басқармасының мақұлдауына ұсынылады. Ал Қордың Атқарушы комитетіне жоспардағы іс-шараларды іске асыру үшін даму жөніндегі әріптестермен техникалық және қаржылық қолдау мәселелерін пысықтау міндеттелді.
Өз сөзімде қатысушыларға Орталық Азиядағы су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция жобасын әзірлеу барысы туралы және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының ілгерілеуі туралы ақпарат бердім. Бұл бастаманы 2026 жылғы 8-10 желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында талқылау жоспарланып отыр.
Бүгінгі отырыс Қазақстан Республикасының Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығын қорытындылады. Осы кезеңде Қордың Атқарушы комитеті даму жөніндегі әріптестермен бірлесіп, бірқатар өңірлік бастаманы іске қосты. Төрағалық кезеңіндегі басты оқиға Астанада өткен ХАҚҚ-ны құрушы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы болды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен мемлекет басшыларының бірқатар шешімі қабылданды. Соның ішінде 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы шешім бар.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қорға төрағалық ету Өзбекстан Республикасына өтеді.
- 27.11.2026
- 28


