- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Қосшының құтты қонысы құтайып келеді
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Целиноград ауданындағы жұмыс сапары кезінде Қосшы ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен және салынып жатқан емхана мен мектеп құрылыстарының барысымен танысып, ауылдық полиция бөлімінің жедел басқару орталығында және бала- бақшасында болды.
Нұр-Сұлтан қаласына қол созым жерде орналасқан Қосшыны қазіргі кезде ауыл деп айту қиын. Бұл елді мекен күн сайын өсіп жатыр. Мұнда күніне елордаға бірнеше автобус маршруттары қатынайды. Елді мекенде осы күні 9 шаруа қожалығы мен 204 серіктестік және 446 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.
Аймақ басшысы елді мекенге сапарын жергілікті тәртіп сақшыларының шағын жедел басқару орталығынан бас-тады. Целиноград аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Битақовтың айтуынша, өткен жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен Қосшы ауылын жүйелі бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуге қаржы бөлініпті.
– Бүгінде ауыл аумағында 128 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың 66-сы «Лесная поляна» тұрғын үй алабында және 56-сы елді мекеннің өз аумағында. Тайтөбе ауылында да осындай 6 камера бар. 50 стационарлы камера кентке келіп жатқан барлық автокөліктердің нөмірлерін анықтап, олардың жүру бағыттарын бақылауда ұстайды. «Транстелеком» АҚ компаниясы шағын жедел басқару орталығына бейнедабылдар уақытында келіп түсу үшін байланыстың талшықты-оптикалық желілеріне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қою үшін тіректер орнатып, нәтижесінде бейнедабылдарды полиция департаментіне жылдам жолдауға мүмкіндік туды, – деп атап өтті полиция полковнигі.
Осы камераларды орнату нәтижесінде мұндағы ауыр қылмыстардың саны екі есеге дейін азайған. Тәртіп сақтаудың басқа да жолдары нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны кеміген. Аймақ басшысы орталықтағы бейнебақылау камераларының түсірілімдері мен фотосуреттерінің сапасы жақсы екендігін атап өтті. Бұл камералардан қылмыс орын алған жағдайда барлығын анық көруге болады. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметкерлері қолдау білдіргені үшін облыс әкіміне алғыстарын білдіріп, ендігі арада елді мекенде құқық бұзушылықтар саны бұдан бетер төмендейтініне сендірді.
Әкім ат басын тіреген 1200 орындық мектеп құрылысын қазіргі таңда «Астана Көктем С» серіктестігі жүргізіп жатыр. Мердігер фирманың директоры Дамир Досжановтың айтуынша, жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласымен шектесіп жатқан елді мекендерді дамыту аясында аталмыш жобаға 700 миллион теңге бөлініпті. Облыс бюджетінен тағы 10 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта қаржының 270 миллион теңгесі игерілген екен. Бүгінде нысанның іргетасы қаланып, электрмен жабдықтау желілері орнатылуда. Мұнда 20-дан астам адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 180 мың теңге шамасында.
Құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысқан аймақ басшысы мердігер фирма басшысына құрылысты тапсыру мерзімін кешіктірмей, кесте бойынша аяқтауды және жұмыс сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Аудандағы маңызы зор әлеуметтік нысан – 100 орынға арналған емхана құрылысын «Ария Жаңа Астана» ЖШС аяқтап жатыр. Серіктестік директорының міндетін атқарушы Бағдат Қыдырмановтың атап өткеніндей, медициналық нысанның құрылысы 2019 жылы басталған екен. Жобаның құны 1,5 миллиард теңге. Қазіргі уақытта құрылыс аяқталуға жақын. Жылу жүйесі, электрмен жабдықтау, су құбырлары, кәріз желілері іске қосылып, ішкі өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды толыққанды пайдалануға беру үшін әлі де 82,6 миллион теңге қаржы қажет. Күніне 60 шақты адам жұмыс істеудеміз, орташа жалақымыз 150 мың теңге дейді құрылыс алаңындағы жұмысшылар. Алайда, емхана құрылысы басталғалы бірнеше мәрте осында келіп, жұмыс барысын көрген өңір басшысы мердігер фирма басшысына жұмыстың өте баяу жүріп жатқандығын, жоспар бойынша тапсыру мерзімі өтіп кеткендігін ескертті.
– Сіздер қазір маған емхананы бірнеше ай ішінде тапсырамыз деп сөз бересіздер. Мұндай сөздерді мен бұрын да естігенмін. Қарап тұрсам, әлі де жұмыс бастан асып жатыр. Сіздердің сылбырлығыңыздан мұндағы тұрғындар тұрғылықты жерінен медициналық көмек ала алмай, әлі күнге дейін елордаға барып жүр, –деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Ауданда әлеуметтік салада жекеменшік бизнестің қатысуымен қолға алынған сәтті жобалардың бірі – «Бал бала» балабақшасы. Мектепке дейінгі мекеменің құрылтайшысы Айман Диқанованың мәлімдеуінше, құны 100 миллион теңгені құрайтын балабақша толығымен оның жеке қаржысы есебінен салынған. 250 орынға шақталған ұйымда балалар қазақ және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие алуда.
Балабақша ішін аралап көрген аймақ басшысы жеткіншектермен сөйлесіп, осындай әлеуметтік маңызы бар нысанды салып бергені үшін құрылтайшыға алғысын білдірді.
Аудан әкімі Бақытбек Оспанбеков өз кезегінде аймақ басшысын ауданның жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен және жергілікті инфрақұрылымды жақсарту жоспарымен таныстырды. Әсіресе, ауыз сумен, электр қуатымен жабдықтау, жол-көлік саласын дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды.
Іссапар соңында өңір басшысы Қосшы ауылының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы жиын өткізіп, жергілікті әкімдік қызметкерлеріне бірқатар міндеттер жүктеді.
- 25.04.2021
- 242