- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ МАҢҒЫСТАУДА ЖАҢА КЕН ОРЫНДАРЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ЖОЛ АШАДЫ
Бүгін маңғыстаулықтар мемлекет басшысының жолдауын іске асыру бағыттарын белгіледі. Облыс әкімі Серікбай Трұмов өңірде атқарылатын міндеттерді нақтылап, оларды жергілікті деңгейде іске асыру үшін жауапты тұлғаларға тиісті тапсырламар жүктеді.
Мемлекет басшысы белгілеген бірінші міндет – пандемиядан кейінгі ел экономикасын дамыту.
Бұл бағытта өңір экономикасын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жасалуда. Негізінен өңдеу өнеркәсібі, туризм, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен көлік және логистика салаларын дамытуға басымдық берілуде.
«Біз 2025 жылға қарай облыстағы өңдеу өнеркәсібінің көлемін 254,3 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз»,- деген облыс әкімі көзделген межеге қол жеткізу үшін өңір экономикасына тікелей инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Облысқа инвестор қаржысын тартуда – Ақтау арнайы экономикалық аймағының үлесі зор. Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 14 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 5-і биыл іске қосылады.
Президент Жолдауы Маңғыстауда жаңа кен орындарының ашылуына да тың серпін беретін болды. Мемлекет басшысы геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеуді тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл бағытта Өзен, Жетібай, Қаламқас және тағы да басқа кенорындарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмек. Аталған бастама бүгінде облыста әзірленіп жатқан әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспарына енді. «Бұл аймақтағы мұнай қорын анықтауға, мұнай мен газ өндіру көлемін ұлғайтуға және мұнай компанияларына қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс көлемін арттыруға мүмкіндік береді»,-деді С.Трұмов.
Жолдауда Мемлекет басшысы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналатын 5 негізгі бастаманы белгіледі. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейетін болды. Еңбекақының өсуі 19365 маңғыстаулық тұрғынға оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар Маңғыстау облысы бойынша 52 мыңнан астам азаматтық қызметшілердің (мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің) еңбекақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20 пайызға өсетін болды.
Жолдауда зиялы қауым өкілдеріне артылар жүктің зор екені де айтылды. Қазіргі ғаламтор дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпаққа мәдениеттілік, отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуде ұлт зиялыларының рөлі зор. Осы бағытта аймақ басшысы С.Трұмов ел ағаларын ұрпақ болашағына әсер ететін әрбір мәселеге араласып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлестерін қосуға және жаңа жолдауды жұдырықтай жұмыла жүзеге асыруға шақырды.
Жолдау міндеттерін орындауға бағытталған жиынға жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаттары, ардагерлер, саяси партия өкілдері, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, нақты істерге бағытталған жолдауды қолайтындарын жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 06.09.2021
- 213