- Блогтар
- Саткалиев А.М.
Саткалиев А.М.
ҚР Энергетика министрі
Қазақстанда көмірсутектерді барлау және өндіру құқығына арналған электрондық аукцион аяқталды
Бүгін, 19 қарашада Қазақстанда көмірсутек шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған үшінші электрондық аукцион өтті. Аукцион қорытындысы бойынша қол қойылатын бонустың жалпы сомасы шамамен 1,8 миллиард теңгені құрады.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес 2020 жылғы
1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге электрондық форматта аукцион өткізеді. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі интернет-ресурста көмірсутектерге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукцион өткізу туралы 2021 жылдың 18 тамызда 22 жер қойнауы учаскесі бойынша хабарламаны орналастырды.
Аукционды өткізу күні 2021 жылғы 19 қарашаға белгіленген. Ең аз қатысушылар санының болмауына байланысты 8 учаске бойынша аукцион тоқтатылды.
2021 жылғы 19 қарашада сағат 17.00-де Нұр-Сұлтан уақытымен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион аяқталды. Өткізілген аукцион нәтижесі бойынша 14 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион жеңімпаздары анықталды. 14 учаске бойынша қол қою бонустарының бастапқы мөлшерінің сомасы 425 млн.теңгені құрады. Аукцион нәтижесі бойынша қол қою бонусының түпкілікті мөлшерінің жалпы сомасы шамамен 1,8 миллиард теңгені құрады.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің 100-бабының 3-тармағына сәйкес аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
- қол қою бонусын төлейді;
- құзыретті органға қол қойылатын бонустың төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Егер аукцион жеңімпазы кодекстің 100-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қойылатын бонусты төлемеген және (немесе) өз тарапынан қол қойылған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты құзыретті органға ұсынбаған жағдайда, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, ал жер қойнауы учаскесі аукционға қайта шығарылады.
Аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өту маңызды. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексімен реттеледі, учаскелердегі кез келген технологиялық процестер ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралады.
Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа қол қояды. Жобалау құжатын әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті.
Аукциондар онлайн режимінде және жасырын өтетіндіктен, қатысушылар бір-бірін көрмейді. Бұл ақпарат осы аукциондардың өткізілуіне жетекшілік ететін ҚР Энергетика министрлігінің мамандары үшін де қол жетімді емес.
Онлайн аукцион қызметі 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz порталында іске қосылды, оның әзірлеушісі және иесі – «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ.
Осы тетікті енгізудің арқасында аукционды өткізу барынша ашық бола түсті және бизнес үшін де, мемлекет үшін де шығындарды айтарлықтай қысқартты.
Аукционның барысын кез келген адам бақылай алады. Оператор, яғни «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тапсырысы бойынша жеке ашық аукцион залын құрды.
Аукционнан түскен барлық қаражат мемлекеттік бюджетті толтырады.
- 19.11.2021
- 210