- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Өмір сүру мүмкіндігі шектелмейді
3 желтоқсанда халықаралық мүгедектер күні аталып өтті. Бұл дата Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтіледі. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару. Осы айтулы күнге орай, кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев мүгедек жандардың халықаралық күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысып, денсаулықтарына қарамастан өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандарды атаулы мерекемен құттықтады және рухани күш-жігерлері үшін алғысын білдірді.
«Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен шарада өңір басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауында инклюзивті қоғам құру қажеттігін ескергенін және мүкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлгенін айта келе, бұл мәселелер жергілікті биліктің де үнемі назарында екеніне тоқталды.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыру мен құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық жоспарға сәйкес инклюзивті білім беру, кедергісіз ортада қажетті оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді енгізу қарастырылу үстінде. Осы жылдың өзінде республика бойынша Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Жыл сайын оңалту қызметтерін оңтайландыруға бөлінетін қаржы еселеп артуда. Соңғы 5 жылда өңірімізге бөлінген қаржы көлемі 2 есеге көбейіп, бүгінде ол 961 миллион теңгеге дейін жетті, – деген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бұл қаражаттар мүмкіндігі шектеулі жандардың 90 пайызына оңалтудың жеке бағдарламалары арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік бергенін айтты.
Инклюзивті білім беру бағдарламасын іске асыру аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін 8 ресурстық кабинет ашылған. Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналып биыл өңірде 2 балабақшаның құрылысы басталыпты. Сондай-ақ, соңғы 5 жыл ішінде мүмкіндігі шектеулі 3 мың жан жұмыспен қамтылған. Өз бизнесін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған мүгедек жандар жоқ емес. «Бастау бизнес» жобасы арқылы 162 қатысушы оқытылып, олардың тең жартысы жаңа ісін ашып үлгерген екен.
Бұл жағымды жаңалықтардың соңы емес. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға өз кәсібін таңдауға, одан әрі жұмысқа тұруына көмек беретін «Тең қоғам» деген әлеуметтік қолдау орталығы ашылыпты. Онымен қоса, Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірде «Қамқорлық» атты бастама қолға алынып, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек беру ісі қолға алынды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін облыстық көпсалалы балалар
ауруханасында оңалту және Степногорск қалалық ауруханасында алдын ала араласу орталықтары ашылмақ.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған осындай оңалту орталықтарының бірі Көкшетау қаласында да іске қосылады. 150 төсек орны бар орталықтың бүгіндері жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Жалпы, өңірде арнайы әлеуметтік көмек беретін 10 орталық бар. Оларда 1 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрып жатыр.
Мүгедектігі бар жандардың спорт саласындағы белсенділіктері тың. Республикалық және халықаралық сайыс-тарда бақ сынап келеді.
– Әсіресе, Токио елінде өткен Жазғы олимпиада ойындарында пауэрлифтингтен қатысқан жерлесіміз Давид Дегтяровтың жеңісі нағыз жаңалық болды. Еліміз бойынша сол олимпиададан алтын медаль иеленген жалғыз спортшы. Бірер күн бұрын Давид Грузияның астанасы Тбилисиде өткен әлем чемпионатында да алтын медаль алып, әлем чемпионы атанды. Бұл барлық қазақстандық үшін маңызды жеңіс әрі мақтаныш. Сондықтан, жерлесіміз туған жерге оралғаннан кейін сіздердің қолдауларыңызбен оған «Ақмола облысының құрметті азаматы» деген атақты беруді ұсынамын, –деді өңір басшысы.
Айтулы шарада ерекше қажеттілігі бар адамдардың мұқтаждығына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, қалалар мен аудандардың әкімдеріне мүмкіндігі шектеулі жандарға баса назар аударуды, барлық адамдармен тең жағдай жасау арқылы қоғамдық өмірдегі белсенділіктерін арттыруда уақытылы әрекет жасауды тапсырды.
Мерекелік іс-шарада денсаулығына қарамастан, өз отбасыларын қамтамасыз етіп, бір-біріне және басқа да адамдарға көмек, қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан бірқатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің Алғыс хаты Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының төрағасы Василий Шиманский мен Жарқайың ауданы әкімінің кеңесшісі, паралимпиадалық спорт түрлері бойынша облыс құрамасының мүшесі Әділ Нұрбековке берілді.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғыс хатымен Степногорск қаласы әкімінің кеңесшісі, «Ерлік» тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер қоғамының төрағасы Станислав Мухамадиев, Көкшетау қаласындағы «Бірлік» мүгедек адамдардың заңды ұйымдары одағының төрағасы Рамазан Мұқатаев, Целиноград ауданы әкімінің кеңесшісі, «Болашақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Қапанов пен Ақкөл ауданы әкімінің кеңесшісі, мүгедектердің еріктілер қоғамының Ақкөл ауданындағы филиалының төрағасы Виктор Дроздов марапатталды.
- 04.12.2021
- 282