- Блогтар
- Жүнісов Н.Т.
Жүнісов Н.Т.
ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында балық шаруашылығы саласындағы жетістігі
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде экономика секторларының басым бағыттарының бірі балық шаруашылығы болып табылады. Саланы дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстанның балық шаруашылығы қорына Каспий және Арал теңіздерінің акваториялары, Балқаш көлі, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары, Алакөл көлдер жүйесі және жалпы ауданы 3 млн. га жуық басқа да су айдындары кіреді, оларда балықтың 70-тен астам түрі мекендейді.
Тәуелсіздік жылдарында балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының салалық Заңы қабылданды және қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделерін ескере отырып, балық ресурстарын және олардың алуан түрлілігін сақтау, адамның экологиялық, экономикалық, эстетикалық және өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында орнықты пайдалану жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы Заңды іске асыру үшін 60-қа жуық нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, қабылданды және олар тұрақты негізде жетілдіріліп отырады.
ҚР салалық Заңының маңызды жаңалықтарының бірі Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына балық шаруашылығы саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беру болды.
Осылайша, 2006 жылдан бастап су айдындарын пайдаланушыларға ұзақ мерзімді бекіту институты жұмыс істейді, ол балық ресурстарына ұзақ мерзімге қол жеткізуге кепілдік береді және сәйкесінше пайдаланушылардың өз қаражатын бекітілген су айдындары мен учаскелерінде балық шаруашылығын дамытуға тарту, оларды қорғау, өсімін молайту және ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ қосымша инвестициялар тарту бойынша жұмысты жоспарлы жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 1000-нан астам балық шаруашылығы субъектілеріне кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыру үшін 1646 балық шаруашылығы су айдындары немесе учаскелері бекітіліп берілген, олардың ішінде жыл сайын шамамен 45-50 мың тонна балық ауланады. Бұл тәуелсіздік жылдарында 70-тен астам жаңа балық өңдеу кәсіпорындарын құруға мүмкіндік берді, олардың жобалық қуаты жылына 87 мың тоннаға жуық балық өнімін құрайды. Олардың орналасуы Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумағында орналасқан ірі кәсіпшілік су айдындарына байланысты.
Қайта өңдеу кәсіпорындарында балық өнімдерінің мынадай түрлерін шығару жолға қойылған: салқындатылған-мұздатылған балық, балық сүбесі, ысталған және қақталған балық, балық өнімдері, аспаздық өнімдер мен жартылай фабрикаттар, балық консервілері, сондай-ақ май өнімдері.
Айта кету керек, бүгінгі таңда 17 отандық балық өңдеу кәсіпорны Еуропалық Одақтың жоғары талаптарына сәйкес келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. Сонымен қатар, қосымша тағы 14 қазақстандық кәсіпорын Еуроодақтың тиісті органдарына экспорт құқығын алуға өтінім берді. Еуроодақ елдерінің нарықтарындағы ең танымал отандық балық өнімі көксерке сүбесі және ол қазақстандық бренд болып табылады.
Сонымен қатар, экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринарлық сертификат келісілді, ал ҚХР тізіліміне
64 қазақстандық кәсіпорын енгізілді.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында балық өңдеу кәсіпорындарының экспорттық әлеуеті айтарлықтай өсті. Сонымен, 2003 жылдан бастап Қазақстан таяу және алыс 36 елге (Германия, Нидерланды, Болгария, Венгрия, Дания, Қытай, Түркия, Грузия, Ресей, Украина, Литва, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқалары) 1,0 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 506,8 мың тонна балық өнімін экспорттады.
Айта кету керек, балық аулау табиғи популяцияға зиян келтірместен балық ресурстарын тұрақты пайдалануға мүмкіндік беретін оңтайлы мөлшерде жүзеге асырылады.
Балық шаруашылығы саласындағы ғылыми ұйым жүргізетін жыл сайынғы зерттеулер балық ресурстары қорларының тұрақтылығын көрсетеді, бұл барлық кәсіпшілік түрлердің сақталуын қамтамасыз ете отырып, оларды тұрақты пайдалануды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Табиғи су қоймаларының балық ресурстарын ұтымды пайдаланумен қатар, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, балық аулаудан біртіндеп балық өсіруге қайта бағдарлау жүріп жатыр.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК мен «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК
(1998 жылы) өндірістік қуаттары пайдалануға берілді, олар жыл сайын
7 млн.данадан астам бекіре балық түрлерінің жас шабақтарын қолдан өсіреді және табиғи мекендеу ортасына шығарады. 1998-2021 жылдар кезеңінде осы зауыттар шамамен 180 млн. дана бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсіріп, табиғи мекендеу ортасына жіберді. Осылайша, олардың негізгі міндеті Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын жасанды түрде молайту және толықтыру болып табылады.
Бұл ретте, Жайық-Каспий бассейнінің су биологиялық ресурстарын сақтау мен ұтымды пайдалануға ерекше назар аударылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізілді және 2010 жылдан бастап Қазақстан бекіре тұқымдас балық түрлерін коммерциялық мақсатта аулауды жүзеге асырмайды.
Сонымен қатар, 2014 жылы Астрахань қаласында (РФ) Қазақстан Республикасының 17.07.2015 жылғы № 332-V Заңымен ратификацияланған Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Осыған байланысты, 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті құрылды.
Үкімет 2021 жылғы сәуірде Балық шаруашылығын дамытудың
2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады, оның негізгі индикаторы
2030 жылға қарай балық өсіру көлемін 9-дан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту болып табылады.
Бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу үшін мемлекеттік қолдау шараларының кешені көзделген. Осылайша, бүгінгі күні балық шаруашылығына салынған инвестициялардың 25%-ын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау, сондай-ақ балықтың үш түрі – бекіре, тұқы, албырт балықтары бойынша жемшөп сатып алу кезінде шығыстардың 30% - ын субсидиялау көзделген. Ағымдағы жылы субсидияланатын балық түрлерінің тізбесі сом, лат, цихлид, сондай-ақ шаян тәрізділермен кеңейтілді.
Бұдан басқа, шығыстардың 50%-ына дейінгі орнын толтыру бойынша субсидиялардың жаңа түрлері енгізілді: балық өсіру-биологиялық негіздемелерді әзірлеу құны; балық өсіру материалы мен дәрілік препараттарды сатып алу; бағалы балық түрлерінің жөндеу-аналық табындарын сатып алу және күтіп-ұстау.
Сонымен қатар, балық шаруашылығын заңнамалық деңгейде дамыту мақсатында мынадай шаралар қабылданды:
− балық шаруашылығын жүргізу үшін балық шаруашылығы су айдындарын балық аулаудан ауыстыру қағидалары бекітілді;
– балық шаруашылығын жүргізу үшін шарт жасасудың нақты мерзімі 49 жылға белгіленген (бұрын 5 жылдан 49 жылға дейін болған);
- балық шаруашылығын дамыту жоспарлары шеңберінде балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды;
Сонымен қатар, 2021 жылы:
- бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды;
- су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарын орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды;
- кәсіпшілік балық аулау субъектілеріне бекітілген су айдындарында шарбақ шаруашылығын ұйымдастыру құқығы берілді;
-балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу бойынша талаптар алынып тасталды.
Бүгінде Қазақстанда балық өсірумен 288 балық өсіру шаруашылығы айналысады, оның ішінде: 204 көл-тауарлы, 60 тоған, 8 шарбақты және
16 тұйық сумен қамтамасыз етілген индустриялық балық өсіру шаруашылығы. Тәуелсіздік алғаннан бері балық өсіру көлемі 1,9 мың тоннадан 12,8 мың тоннаға дейін өсті. Бүгінгі таңда тұқы, бекіре, албырт тұқымдас балықтарымен қатар, балық өсірушілер африкалық жайын, тилапия, баррамунди және австралиялық қызыл қылшық шаян сияқты жаңа акваөсіру нысандарын өсіруде.
Осылайша, тәуелсіздік жылдарында барлық қажетті шаралар қабылданды, соның арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай табысты дамуда. Бүгінгі күні қол жеткізілген әлеует қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемін ұлғайтуға және әлеуетті инвесторлар үшін саланың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
- 11.12.2021
- 348