- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Әлеуметтік сала – басты назарда
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Сандықтау, Атбасар аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді және бүгінгі күннің талаптарынан туындайтын жаңа міндеттерді белгіледі.
Сандықтау. «Максимовское» серіктестігі өз қаражаты есебінен ауылдағы көп жылдар бойы қаңырап бос тұрған бұрынғы балабақша ғимаратын қалпына келтіріп, 12 пәтерлі тұрғын үй мен төрт бөлмелі қонақүйге айналдырған.
Кәсіпорын басшысы Александр Закусиловтың айтуынша, мұнда жас мамандарға басымдық берілген.
Пәтерлерде орталық жылу, суық су мен ыстық су жыл бойына болатынына кепілдік беріледі. Жалдау ақысы жоқ, тек коммуналдық қызмет қана өтеледі. Міне, сондықтан, қазірдің өзінде Максимовкаға қоныс аударғысы келетіндер баршылық. Бұл жұмысшыларға арналған алғашқы баспана емес. Бірнеше жылдан бері ауылда 10 екі пәтерлі жеке үй, алты зәулім үй, оған қоса, қалпына келтірілген үйлер пайдалануға берілген. Барлығын есептегенде кемі елу пәтер. Кәсіпорын өз қызметкерлерінен бөлек екі дәрігер, екі мұғалім отбасыларына, бір учаскелік полицейге және осы серіктестікте еңбек еткен зейнеткерлерге пәтер берген.
– Халық пен ауылға жасап жатқан қамқорлықтары үшін Закусиловтардың үш ұрпағына да алғыс айтқым келеді, – деді өңір басшысы Ермек Маржықпаев. – Мұнда неліктен адамдар жұмыс істеп, тұрақтап қалмасқа, барлық жағдай жасалып тұрғанда неге кетуі тиіс? Сіздердің серіктестіктеріңіз облыстың ауыл шаруашылығының флагманы ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жағынан да жоғары деңгейде деп айтуға әбден болады. Биылғы жылы жергілікті Мәдениет үйінің де қайта жөндеуден өтуі осы «Максимовское» серіктестігінің қатысуымен жүзеге асқан. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджет есебінен 50 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылса, кәсіпорын 7,5 миллион теңге қаржы құйып, ішкі құрал-жабдықтарына көмектескен көрінеді.
Атбасар. Облыс әкімі ауданның Полтавка ауылында «Ауыл – ел бесігі» республикалық арнайы жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен орта мектепте болды. Мектеп 186 миллион теңгеге жөнделіп, қайтадан жаңа қалпына келтірілді.
Мердігер ұйым «ГрадСтройСервис» серіктестігіне мерзімдер бойынша талап-арыз жоқ, жөндеу жұмыстары небәрі үш айдың ішінде жүргізілген. Мектеп директоры Лариса Лубенченконың айтуынша, құрылысшылар қыркүйек айының басында жұмысқа кіріскенімен, оқу үдерісі еш зардап шекпеген.
– Біз мектепте ішіндегі бес жүзге жуық балаға арналған орынға жөндеу жұмыстарын жүргіздік, ал, шын мәнінде мектепте небәрі 130 оқушы бар екен, – деді облыс әкімі, – Әрине, оның орнына білім сапасының жақсы көрсеткіштерін көргіміз келеді. Ол «Максимовское» серіктестігін мысал ретінде келтіріп, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов пен «Полтавка-2» серіктестігінің басшысы Николай Белобровқа Максимовкадағыдай жастарды ауылға тарту керектігін және тұрғын үй құрылысы, жақсы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар ауылдан қалаға көшу ағынын тоқтатуға көмектесетінін, сонда мамандар тапшылығы болмайтынын баса айтты.
Өңір басшысы Шуйское ауылында да болды, оның да бірнеше себебі бар. Биылғы жылы бұл шалғай елді мекенде 830 тұрғын орталықтандырылған су құбырының құрылысын аяқтады. Мұнда айтарлықтай ірі «Шуйское-XXI» серіктестігі сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Осы шаруашылық жүргізуші субъектінің есебінен заманауи фитнес-сауықтыру кешені салынды.
Инфрақұрылымдық жобаға бюджеттен 700 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып, 20 шақырым магистральдық және су тарату құбырлары салынды. Басты мақсат – ауыл тұрғындарын 100 пайыз сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету. Оған қол жеткізілді де, барлық 220 үйге су тартылып, әлеуметтік және өндірістік нысандарға да су берілді.
– Ендеше, су, жол, әлеуметтік саланы – елді мекендердің лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен алға жылжуымыз керек, – деп түйіндеді облыс әкімі.
Білікті кәсіпкер Алтынбек Құрманқұлов жетекшілік ететін «Шуйское-XXI» серіктестігі дәнді дақылдар өсіру мен етті-сүт шаруашылығына маманданған. Қазір шаруашылықта 760-тан астам ірі қара, оның ішінде 300 сауын сиыр бар, оның 161-і голштейн тұқымды сиырлар. Барлық сүт өнімділігіне келсек, әр сиырдан орта есеппен 25 литрден сүт алатын шаруашылық ол өнімді Зеренді ауданының «Milk project» серіктестігінің өңдеу цехына өткізеді. Шаруа қожалығының жақын арадағы жоспарларында сүтті мал басын көбейту арқылы сүт-тауарлы фермасын кеңейту де қарастырылған. Кез келген шалғайдағы елді мекеннің экономикалық дамуы бірнеше құрамдас бөліктерден тұрады. Әлеуметтік инфрақұрылым да бұл мәселеде алдыңғы орында. Сондықтан, кәсіпорын жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құрайтын заманауи спорт кешенін салды.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Шуйское ауылының тұрғындарын спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуымен құттықтап, ақмолалықтардың спорттағы жетістіктері мен спорт инфрақұрылымының дамуы туралы айтты. Нақтырақ айтсақ, Атбасар өңірі спорт нысандарының саны бойынша облыстың басқа өңірлері арасында көш бастап тұр десек те болады.
– «Шуйское-XXI» серіктестігі жеткен жетістіктермен кез-келген кәсіпорын басшысы мақтана алмайды. Бұл патриотизмнің, Отанға деген сүйіспеншіліктің нағыз көрінісі. Алтынбек Құрманқұлов сияқты жандардың арқасында ауылдың тұрмысы жақсарып келеді. Әрине, мемлекет шетте қалмайды, жол салып, мектептерді, мәдениет үйлерін, су құбырларын қайта жөндеп жатырмыз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде Атбасарда медицина қызметкерлері қоныс тойын тойлап жатыр. Бұрынғы қан орталығының ғимаратын қалпына келтіруге қазынадан 225 миллион теңге бөлініп, ол 25 пәтерлі толыққанды тұрғын үйге айналған. Аманбек Қалжановтың айтуынша, дәрігерлерге пәтерлерді бөлумен арнайы комиссия айналысқан. Атбасарға жұмысқа келетін медицина қызметкерлері үшін алты пәтер резервке қойылған.
Атбасарлық дәрігерлерді қуанышты оқиғамен құттықтаған Ермек Боранбайұлы аудан бойынша дәрігерлер тапшылығымен күресте баспана мәселесін шешу өте маңызды екенін атап өтті.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында біз екі жыл ішінде медицина кадрларына деген қажеттілікті бір жарым есеге азайта алдық. Биыл дәрігерлер қатары 72 жас дәрігерге, 109 орта буын маманға толыққан. Жалпы, ауданға алты дәрігер мен төрт орта буын медицина қызметкері тартылған. Өткен жылы Жақсы ауданында дәрігерлер үшін 8 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтасақ, Егіндікөлде 16 пәтерді пайдалануға бердік. Сондай-ақ, Конституция күнінде облыс орталығында медицина қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Енді, Зерендіде 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын бастайтын боламыз. Биыл денсаулық сақтау саласына құйылған инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артық. Медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, ауруханалар, емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар жөнделуде және салынуда, – деді өңір басшысы.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі биылғы жылы жаңартылған «Атбасар су» коммуналдық техника паркінде болды. Мұнда кәріз желілеріндегі апатты жою үшін мамандандырылған автокөлік сатып алынды.
- 24.12.2021
- 182