- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Білім беру сапасы жақсартылсын
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясында болып, осы оқу орнының жанынан салынған қосымша ғимаратты аралап көрді және «Болашақ» сарайында «WorldSkills Kazakhstan – 2021» ұлттық чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясында бүгінде 2100-ден астам оқушы білім алады. Жаңа ғимарат пайдалануға берілгенге дейін, мұнда балалар үш ауысыммен оқыған болатын. Биыл білім ұясының жанынан салынған қосымша үш қабатты, жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат осыдан бір апта бұрын пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттың жобалық қуаты 600 оқушылық орынды құрайды. Мұнда бастауыш сыныптар оқиды. Енді оқу үдерісі екі ауысыммен жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі алдымен білім ордасының жаңа ғимаратының ішін, ондағы компьютерлік және басқа да сыныптарды, лингофон кабинетін, хореографиялық, спорт залдарын аралап көрді, сабақ оқып жатқан оқушылармен әңгімелесті.
–Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп гимназия болып саналатындықтан, атына заты сай, сапалы білім беретін алдыңғы қатарлы оқу орны болуы тиіс. Қаладағы басқа мектептер осы гимназияның базасынан методикалық көмектер ала алатындай болуы керек. Әзірше, сіздердегі білім көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Мемлекет ел болашағы – балаларға осындай әсем ғимарат салып берді. Енді оның ішіндегі мамандар білім сапасын жоғарылатып, ғылымға ден қоятын дарынды, білімді жастарды тәрбиелеулері тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі педагогтармен әңгімесінде.
Оқу орнында 157 мұғалім білім берсе, олардың 75 пайызының біліктілік деңгейлері бар. Ұстаздардың орташа айлығы 308 мың теңгені құрайды. Мектептің жағдайымен жан-жақты танысқан Ермек Маржықпаев мектеп-гимназияның директоры Сандуғаш Нұрқановаға білім сапасын көтеру бағытында жан-жақты тыңғылықты жұмыс істеуді тапсырып, мектепке музыкалық орталықтың сыйға тартылатындығын жеткізді.
«Болашақ» сарайында өткен салтанатты шара «WorldSkills Kazakhstan–2021» ұлттық чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, олардың тәлімгерлері мен білім ордаларының басшыларын марапаттауға арналды.
2021 жылдың 1 қарашасы мен 5 желтоқсаны аралығында республикада 22 жасқа дейінгі студент жастар арасында «WorldSkills Kazakhstan-2021» ұлттық байқауы өтті. Чемпионатқа 600-ден астам үміткерлер мен сарапшылар қатысқан. Ақмола облысы осы ұлттық чемпионатты ұйымдастырушы өңірлер қатарына кіріп, оған 40 негізгі, 7 демонстрациялық, 1 презентациялық құзыреттілік бойынша қатысты. Біздің облыс колледждерінің 5 педагогы чемпионаттың бас сарапшыларының қатарында болды. Чемпионаттың қорытындысы бойынша Ақмола облысының қоржынында 8 алтын, 5 күміс, 5 қола және қосымша 14 медаль бар. Сонымен бірге, Ақмола облысының 9 студенті тәуелсіз Қазақстанның үздік 100 студенті қатарына енді.
–Бүгінде елімізде, соның ішінде біздің өңірде кәсіптік-техникалық білім беруге ерекше назар аударылып, жұмыс нарығы жаңа кадрлармен толықтырылуда. «Жас маман» жобасы бойынша былтыр 5 колледжге жалпы сомасы 1,6 миллиард теңгенің заманауи құрал-жабдықтары сатып әперілсе, биыл бұл жобаға тағы 6 колледж қатысып отыр. Сонымен бірге, 4 кәсіптік-техникалық колледжге 1200 орынға арналған жатақхана салынуда. Кәсіптік және техникалық білім ордаларында 22 мыңнан астам ұл-қыз 100-ге тарта мамандық пен 165 біліктілік бойынша білім алуда. Облыс колледждерінде бүгінде 1500 педагог жұмыс істейді.
Аталған чемпионат жыл сайын кәсіптік-техникалық бағыттағы жұмысшы мамандарды даярлауға зор үлесін қосып келеді. Біздің облыс бұл жағынан алғашқы үштіктің қатарында, – деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
Сонымен, елімізде осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылған чемпионатта Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі бірнеше құзыреттілік бойынша қатысып, республикадағы маңдайалды оқу орындарының қатарына енді. Салтанатты шарада жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 100 мың теңгенің, ал олардың тәлімгерлеріне 30 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Мұндай құрмет көрсетілгендер қатарында чемпионаттың алтын медалін жеңіп алған Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенттері Николай Шипилев, Рауль Дауренбеков, Владислав Прилежаев, Вячеслав Кононов, Көкшетау қаласының құрылыс-технологиялық колледжінен Венера Дүйсенова, Краснояр агротехникалық колледжінен Роман Демьянов, Никита Матченко, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінен Ангелина Саакян бар.
Жоғарыда атап өткеніміздей, еліміздің үздік 100 студенті қатарына енген Есіл қаласының агротехникалық колледжінің білім алушысы Алмас Ғұбайдуллин, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері Лана Рамазан мен Дәнекер Әлкенов, Шағалалы агротехникалық колледжінің студенті Максим Теплинский және тағы басқа жастарға да 70 мың теңгенің ақшалай сыйақысы табыс етілді. Сонымен бірге, облыстың үздік деп танылған жеті колледжінің директорлары облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Салтанатты шара соңы тартымды концертке ұласты.
- 24.12.2021
- 167