- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Екі мектеп, бір спорт кешені пайдалануға берілді
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен астананың іргесіндегі Аршалы және Целиноград аудандарында болып, осы өңірлердегі бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын аралап көрді, олардың тыныс-тіршілігіне қанығып, уақыт талабынан туындайтын жаңа міндеттерді белгіледі.
Аршалы ауданының Жалтыркөл ауылында облыс әкімі «Ақ Дала Агро» құс фермасында болды. Кәсіпорынның бас директоры Марат Қарсыбаев аймақ басшысы үшін өндірістік алаңдар бойынша шағын саяхат ұйымдастырды.
Цехтарды көзімен көрген әкім ұжым мүшелерімен әңгімелесе келе, олардың қажырлы еңбектеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, құс шаруашылығын өркендетуге ден қойған серіктестік басшыларына жаңа табыстар тілеп, өндірілген өнімді өткізудің тиімді жолдарын іздестіріп көруді тапсырды. Сөз ретіне қарай айта кетсек, құс фермасының құрылысына және дамуына 40 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Қазір аталған ауыл тұрғындары негізінен осы өндіріс орнында еңбек етеді. Олар үшін басқа жерлерге ат басын тіремей, өз ауылдарында жұмыс істеп, нәпақаларын тауып отырғандары көңілден шығуда.
Целиноград ауданының Қараөткел ауылында облыс әкімі алдымен дәрігерлік амбулаторияда болды. Бұл жаңадан салынған әлеуметтік нысан. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Серікбек Сүлейменов аймақ басшысына құрылыстың кезең-кезеңмен жүргізілгенін және нысанға қанша қаржы жұмсалғанын өз жұмыс құзыры негізінде мұқият баяндап берді. Жергілікті тұрғындар, осы медициналық мекемеге келіп, ем шараларын алып жүрген Динара Әбдірахманова мен Оксана Кузьмук облыс әкімін ауылда жаңа амбулаторияның бой көтергені, мұнда ендігі арада медициналық қызметтің сапалы көрсетіле бастағаны үшін алғыстарын жаудырды.
Бас ауырып, балтыр сыздағанда тұрғындардың ем-домды басқа жерлерге шықпай, өз дәрігерлік амбулаторияларында қабылдауы үлкен-кішінің бәріне өте тиімді әрі ыңғайлы болып отыр. Сондықтан, облыс елді мекендерінде осындай халыққа қажетті құрылыстар неғұрлым көп салынған сайын оны қайтарымы да мол болатыны, тұрғындар өздеріне деген қамқорлықты сезінетіндері айтпаса да түсінікті.
Аудан орталығы – Ақмол кентінде Ермек Боранбайұлы халыққа қызмет көрсету орталығының әкімшілік ғимараты құрылысын көзбен көріп, ой елегінен өткізбей кете алмады. Мұнда облыс басшысын осы құрылысты жүргізіп жатқан мердігер ұйым – «NAK Construction» серіктестігі директорының орынбасары Әбдіқасым Керімқұлов құрылысқа қатысты бар мән-жайды түсіндіріп өтті. Облыс әкімі құрылысты сын көзінен өткізіп, мердігерге жұмысшыларды жергілікті тұрғындардың арасынан алуды тапсырды.
Нақ осы Ақмол кентінде жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты жағдайда ашылуы болып өтті. Ол «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша салынды. Құрылысты жүргізген «Мейір-М» серіктестігінің бас директоры Ерлан Әлиев спорт нысанының барлық талаптарға жауап беретіндігін жеткізді. Облыс әкімі өз кезегінде аудан тұрғындарын жаңа спорт орнының ашылуымен құттықтап, осындай қондырғылардың облыстың барлық өңірлерінде салынып жатқандығын тілге тиек етті.
Ақмол тұрғындары өз кезегінде Ермек Маржықпаевты өздерінің салауатты өмір салтын ұстануына дәйекті көңіл бөлгені үшін алғыспен алқалап, алда да аудан басында осындай жан жадыратар игі істердің мол болатындығына сенімдерін білдірді. Жаттықтырушы Амангелді Қапанов болса күн сайын осы кешенде ондаған мүмкіндіктері шектеулі жандардың да спортпен айналысатындарына қуанулы.
Раздольный және Төңкеріс ауылдарында тағы да қуанышты оқиғалар көңілді жадыратып, 80 және 110 орындық жаңа мектептер ашылды. Осы арада айта кететін бір жай, Төңкерісте жаңа оқу орны қысқа мерзімде және тың технологиялар бойынша бой көтерді. Жылуды жақсы ұстайтын құрылыс бұйымдарынан бұл мектеп небары үш айда тұрғызылды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде баламасы жоқ жоба жетекшісі қайрат Теміреевтің сендіруінше, нысан барлық қажетті стандарттар ескеріле отырып, тұрғызылған. Тағы да бір мектеп – Арайлы ауылындағы сақалды құрылыс сегіз жылдан кейін өзінің іске қосылуына таяп келеді. Аймақ басшысы мердігердің найқалуына орынды түрде реніш білдіре келе, құрылысты 1 наурызға дейін аяқтау міндетін жүктеді.
Жайнақ станциясында «Win Astana» серіктестігінің элеваторы бар. Онда да болған облыс әкімі кәсіпорынға салынған қаржының тез арада өз қайтарымын беруіне тілектестігін білдірді. Директордың орынбасары Ғалымбек Қажыбековтың айтуынша, құрылысқа 3 миллиард теңге жұмсалған. Облыс әкімі қос ауданға жұмыс сапарын «Қадам НС» серіктестігінің мал шаруашылығы кешенінде болуымен аяқтады. Мұнда асыл тұқымды сиырлар, жылқылар мен қойлар облыс әкімін сүйсіндіре түскені анық байқалды.
Шаруашылық директорының орынбасары Медет Қожабаевтың айтуы бойынша, серіктестік 1998 жылы құрылған. Қазір мұнда 900 бас ірі қара мал, 300-ден астам қой және 100 қаралы жылқы бар. Шаруашылықтың бордақылау алаңдары, жайылымдары мен шабындықтары осы малдың дұрыс күтіміне кепіл бола аларлықтай. Серіктестіктің өндіріс алаңдарын аралап, игі істерге тәнті болған аймақ басшысы ұжым мүшелеріне алдағы ойға алған шаруаларында табыс тіледі.
- 27.01.2022
- 226