- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысындағы батыр аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды
4 наурызда Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы жиналғандарды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, аналарға еңбектері үшін алғыс айтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел басына күн туғанда нәзік жандар қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласа білді. Қажырлы еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімі тарих беттерінде мәңгілікке жазылады»,- деп атап өткен болатын. Сондықтан, біздің ең басты байлығымыз - алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі. Дүниеге сәби әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде жанкешті еңбек сіңірген ақ жаулықты аналарымыз қашан да біз үшін қымбат. Маңғыстау облысы республика бойынша туу көрсеткіші жөнінен көшбасшы аймаққа айналды. Бұл толықтай Сіздердің арқаңызда! Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 7 303 «Алтын алқа» және 10 149 «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Ананың жанұядағы, тәрбие берудегі рөлі өте маңызды әрі көп еңбек етуді талап етеді. Алғашқы адамгершілік қасиеттерін – үлкендерді құрметтеу, ата-анаға және Отанға деген сүйіспеншілік секілді сезімдерін Ана ғана оята алады. Еңбектеріңіз үшін Сіздерге мың да бір алғыс айтамын, - деді Нұрлан Ноғаев.
Биылғы жылы жеті және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген маңғыстаулық 67 ана «Алтын алқа» құрметті белгісімен марапатталып, отбасында алты бала тәрбиелеп отырған 276 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталды.
- 05.03.2022
- 175