- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрлан Ноғаев сарқынды суды қайта пайдалану технологиясын іске асырғысы келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды
24 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қарақия ауданына барған екі күндік жұмыс сапары аясында бірқатар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, халықпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапарының бірінші күні Нұрлан Ноғаев Мұнайшы және Жетібай ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды аралады. Мұнайшы ауылында 6000-нан астам адам тұрады. Ауылда бір дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, 2 орта мектеп және 3 балабақша бар.
Өңір басшысы Мұнайшы ауылындағы "Реалос" ЖШС кәріз тазарту қондырғысының жұмысымен танысты. 2015 жылы пайдалануға берілген имаратқа ауылдың орталықтандырылған кәріз жүйесі мен өндірістік мекемелері қосылған. Сонымен қатар, кәріз қалдықтарын арнайы көлік тасымалдайды. Бүгінгі таңда құрылғы тәулігіне 200 м3 суды тазартып тұр. Залалсыздандырылған су мекеменің жанында отырғызылған 1000 түп жеміс ағаштарын суаруға жұмсалады. Өңір басшысы осындай жобаларды іске асыру арқылы көгалдандыру мәселесін шешуге болатынын атап өтіп, осындай жобаларды жүзеге асырғысы келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жетібай ауылында орналасқан су тазарту өндірістік бекетіне барды. Нысан 1997 жылы "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ қаражатына салынған. Кәсіпорын Маңғыстау облысы әкімдігінің 17.06.2015 жылғы №174 қаулысы негізінде "Тұрмыс-Сервис" МКК теңгеріміне берілді.
Нысан Жетібай, Мұнайшы ауылдарының тұрғындарын және өндірістік мекемелерді ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етеді. Суды тазарту жүйесі ескі технология бойынша жүзеге асырылады. Кәсіпорын бір тәулік ішінде "Астрахань-Маңғышлақ" магистралды су құбырынан 3500 м3 су қабылдап, 2800 м3 су тазартылады. Ал қалған 600-700 м3 техникалық су мекемелерге беріледі. Тексеру қорытындысы бойынша Нұрлан Ноғаев өңірде ауыз су мәселесі өте өзекті екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға халықты сумен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде ауданда «Құрық-Жетібай» республикалық маңызы бар автокөлік жолының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 64 шақырым болатын күре жолдың бойына 4 дана демалыс аймағы, 8 автобус аялдамасы, 180 көше жарығы, 17 дана жасанды конструкция орнатылады. Жол құрылысы 2021 жылы басталған. Бүгінде екі жолақты жолдың 30 шақырым айналма жолы мен 22 шақырым жолдың негізі салынды. Құрылыс алаңында 40 арнайы техника мен 80-нен астам адам қызмет етеді. Жоспарға сәйкес жол құрылысы 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жол құрылысының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев Мұнайшы ауылындағы "Айбас" бокс залының жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 500 шаршы метр болатын әлеуметтік нысанның 1 бокс залы және 1 жаттығу залы бар. Жеке кәсіпкер қаражаты есебінен салынған спорт нысанында бүгінде 80 бала жаттығуда.
- Өткен жылы ауданда Құланды ауылының тұрғынының жеке қаражаты есебінен шағын спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 7 жұмыс орны құрылды, онда 100-ге жуық жасөспірім бірнеше секцияда: бокс, қазақша күрес және армрестлингпен айналысуға мүмкіндік алды. Биыл жеке кәсіпкерлер есебінен Ералы станциясында шағын спорт залын салу жоспарланып отыр, - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Қарақия ауданында барлығы 34 спорт залы, 39 спорт алаңы, 7 воркаут-жастар алаңы, 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және 500 орындық стадион бар. Аталған спорт нысандарында ауданның 16 мыңнан астам тұрғыны, яғни халықтың 43,5% дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады.
Жұмыс сапары барысында Нұрлан Ноғаев Мұнайшы ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында ауыл әкімі Болат Бекмурзаев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасады. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Сұрақтардың басым бөлігі жұмыспен қамту, ауыз су, электрмен жабдықтау, көгалдандыру, жол құрылысы және авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерге қатысты болды.
Өңір басшысы көтерілген мәселелер басымдылығына қарай дәйекті түрде шешілетінін атап өтті.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Біздің міндетіміз-барлық мәселелерді бірлесіп және жүйелі түрде шешу. Бұл жұмыста біз екі басты қағидатты - ашықтық пен әділдікті пайдаланатын боламыз. Айта кетейік, бірінші кезекте жұмыссыз жастар жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа қабылданады. Ол үшін "Менің бірінші мамандығым" және "Жұмыс жасаймын"бағдарламалары жұмыс істейді. Ауыл және аудан әкімдері халықты Мемлекеттік бағдарламалар туралы дер кезінде хабардар етуі қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бұдан кейін аймақ басшысы Жетібай ауылының тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы ауыл әкімі Қуаныш Асанов баяндама жасады. Облыс әкімімен кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау және азық-түлік бағасына қатысты мәселелерін көтерді. Өңір басшысы тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап беріп, мәселелерді шешу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ Нұрлан Ноғаев Мұнайшы және Жетібай ауылдарында жеке мәселесімен келген азаматтарды қабылдады.
Бүгінде Жетібай ауылында 12500 адам тұрады. Оның 3400-і мектеп жасындағы балалар. Ауылда әрқайсысы 624 орындық 3 орта мектеп және 3 балабақша жұмыс істейді. Кентте 150 адамға арналған емхана және 75 төсектік аурухана бар. Сонымен қатар, елді мекенде 5000 тұрғынға екі жеке меншік медициналық орталық қызмет көрсетеді: "Ақ ниет" және "Али - Мед". Өткен жылы "Бастау-Бизнес" бағдарламасы бойынша 30 адам оқып, сертификат алды. Өз ісін ашу үшін 12 ауыл тұрғынына 583 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді.
- 25.03.2022
- 197