- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Күрделі кезеңде серпінді жұмыс қажет
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің әлеум еттік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Дүзелбаевтың «Ақмола облысының 2022 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы», облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Е.Оспановтың «Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың барысы туралы», облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Е.Әленовтің «Ақмола облысында көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуге дайындық туралы» баяндамалары тыңдалды.
Атап айтқанда,Қ.Дүзелбаев өз баяндамасында облыс бойынша өнеркәсіпте өндіріс көлемінің 197,8 миллиард теңгені құрағанын, тауар өнімінің нақты өнім көлемінің 101,6 пайыз болғанын хабарлады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде нақты көлем индексі 115,7 пайыз, бұл – өсімдер құрамында алтыны бар кендерді өндіру көлемінің 1,8 есе, мыс кендерін өндіру көлемінің 1,7 есе артуына байланысты.Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 100,8 пайызды болды. Ал, азық-түлік өндірісінде нақты өнім көлемі 104,5 пайыз, оның ішінде ұн 1,6 есе, сары май 1,5 есе, шұжықтар және субөнімдер өндіру 31 пайыз, құс еті 25,7 пайызға өсіпті. Сондай-ақ, сусындар өндірісі саласын айтсақ, алкогольсіз сусындар өндірісі 4,4 есеге, минералды су өндірісі 26,8 пайызға өскен. Машина жасау саласында астық жинайтын комбайндар 38,4 пайызға, подшипниктер 9 пайызға, тракторлар өндірісінің көлемі 33,7 пайызға ұлғайған.Баяндамашы осындай ілгерілеулердің ауыл шаруашылығы саласында да бар екенін айтты.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 3,6 миллиард теңгені немесе 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,2 пайызды құрады. Дегенмен, кемшілік те жоқ емес. Облыстың 17 өңірінде құрылыс қарқынының төмендеуіне жол берілген. Есіл, Ақкөл, Целиноград, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандарында тұрғын үйлерді пайдалануға берудің төмендеуіне жол берілген.2022 жылдың басынан бері облыста 1628 жаңа жұмыс орны құрылған. Жұмыспен қамту қызметі арқылы 1706 адам жұмысқа орналастырылған.
Е.Оспанов өз баяндамасында облыс Индустрияландыру картасына 15,6 мың тұрақты жұмыс орнын ашу арқылы 790,1 миллиард теңге сомасына 149 жоба қосылғанын айтты. Кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік картасында 14,4 мың жұмыс орнын ашуға болатын құны 672 миллиард теңгеге 147 жоба бар. Алайда, бұл салада 2022 жылғы 1 қаңтарға жоспарланған 66 жобаның игерілуі тек 90 және одан жоғары пайызды көрсетіп отыр. Бір кәсіпорын өндірістік қызметін тоқтатқан. Жалпы, 2021 жылы Индустрияландыру картасына қатысушы кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке 93,1 миллиард теңге түскен, бұл салық түсімдерінің жалпы көлемінің 37 пайызын құрады.
Е.Әленов өз баяндамасында облыс бойынша биыл 5096,6 мың гектар алаңға тұқым себу жоспарланғанын, бұл 2021 жылғы деңгейден 57,2 мың гектарға артық екенін баяндады. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды 4609,1 мың алаңға орналастыру жоспарлануда, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 27 мың гектарға жоғары. Майлы дақылдарды 282,2 мың гектар алқапқа егу жоспарланса, ол өткен жылдың көрсеткішінен 18,5 мың гектар артық. 184,6 мың гектар алқапқа жүгері егу жоспарлануда, бұл да өткен жылдың көрсеткішінен 9,1 мың гектарға жоғары. Картоп 17,4 мың гектарға, көкөністер 2,7 ? гектарға егілмек, бұл өткен жыл көрсеткіштерінен тиісінше 2239,8 гектар және 410,2 гектарға көп.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында облыста тұқымдық материалдарды дайындау және оларды аккредиттелген зертханаларға толық талдауға ұсыну мәселесіне ерекше назар аударылған. Бұл күнде облыстың барлық өңірлері тұқымдық материалдармен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету белсенді жүргізілуде. 36,4 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарт жасалған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дизель отынына қажеттілік жоспарлы түрде келісілген, ол уақытымен жеткізіліп тұрмақ. Егіс науқанына 16 мыңнан астам астық сепкіштер мен 14 мыңнан астам бірлік жоғары өнімді егіс кешендері қатысатын болады. Ағымдағы жылы 229 ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 8,9 миллиард теңгеге 65 трактор, 48 комбайн, 22 егіс кешендері және тағы басқа 94 түрлі техника сатылып алынды.
Өңір басшысы Е.Маржықпаев әр саладағы кемшіліктерді атап, жауапты қызметкерлерден жоспарлардың орындалмау себептерін сұрастырып, оларды саралап, жұмысты жандандыруды тапсырды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан:жаңару мен жаңғыру жолдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген мәселелер мен тапсырмаларды тыңғылықты орындап, әлемде бүгінгі таңда туындап отырған экономикалық ахуал кезеңінде аса жауапкершілікпен, серпінді жұмыс істеуді міндеттеді.
- 31.03.2022
- 178