- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Балалар жылы – жас ұрпаққа қамқорлық жылы
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Bolashaq» сарайында биылғы Балалар жылының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпақ өкілдеріне оқу мен өнерде жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдірді.
Іс-шараға облысымыздың зиялы қауым өкілдері, ұлағатты ұстаздар мен оқушылар қатысты. Осы салтанат аясында Ақмола облысы бойынша алғашқы рет ұйымдастырылып отырған «JasSkills Аqmola-2022» чемпионаты да бастау алып, өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген жас өрендер өзара бақ сынасты. Бала – көңілдің ажары, көздің нұры, өмір жалғасы, болашақ кепілі. Ұлттың бүгіні де, келешегі де тәрбиелі ұрпаққа байланысты екендігі анық. Ақмола облысында да балалардың жарқын болашағы жолында атқарылып жатқан ауқымды істер баршылық. Заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар, оның ішінде бала болашағына жол ашар білім ошақтары бірінен соң бірі бой көтеруде.
– Отанымыз тәуелсіздік алғаннан бері балаларды қолдау мәселелері басты назарда ұсталып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу және барлық жағдайды жасау мақсатында биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, жас ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы біздің жалпыұлттық міндетіміз болуы керек екендігін атап өтті. Біз үшін осы міндетті орындау өмірлік мақсат болып табылады, өйткені, сіздер Қазақстанның болашағысыздар, – дей келіп, өңір басшысы жиналған жас өрендерге жүрекжарды ақ тілегін білдірді.
Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Bolashaq» сарайының жас шәкірттері «РобоОлимп» халықаралық байқауының 1 орын иегері Талғат Мақсат пен «Euro Stars» халықаралық өнер фестивалінің 1 орын иегері Ясмина Қуатқызымен бірге Балалар жылының бастау батырмасын басып, жиналған қауымның қуанышын еселей түсті.
Жалпы, Ақмола облысында 200 мыңнан астам бала бар, бұл облыс халқының үштен бір бөлігі. Балалардың жан-жақты дамуы үшін өңірімізде барлық жағдайлар жасалған. Соңғы бес жылдың ішінде 14 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Осы мектептердің бүгінгі заман талабына сай ауылдық жерлерде де ашылып жатқандығын атап өтуіміз керек. Мәселен, өткен жылы Целиноград ауданының Төңкеріс ауылында 110 орындық жаңа модульдік мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Целиноград ауданының Раздольный ауылында да 80 орындық жаңа мектеп ашылды. ІТ технологияны тереңдетіп меңгеру мақсатында Көкшетау мен Щучинск қалаларында ІТ мектеп-лицейлері бой көтерді. Білім мекемелерінде 217 робототехника кабинеті бар. Жаңа заман талабына сай бой көтерген «Bolashaq» сарайы да өңір мақтанышы. Алдағы үш жылдың ішінде Ақмола облысында жаңадан 25 балабақша, 43 мектеп ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, 376 мектепті заманауи жабдықтау жоспарланып отыр. Мектеп оқушыларын автобуспен қамтамасыз ету мәселесі де оңтайлы шешілмекші. Жаз айларында 65 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Қосымша білім беретін әртүрлі бағыттағы үйірмелерде 100 мыңнан аса оқушы тегін білім алуда. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеден артық қаржы бағытталған. Өңірімізде дене шынықтыру, сауықтыру мекемелерінің саны жыл санап артып келеді. Соңғы жылдары облыста 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. «Сарыарқа» шағын ауданында мұз айдыны бар спорт кешені бой көтереді деп жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, Ақмола облысында балалардың болашағы жолында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Биылғы Балалар жылы аясында біраз істер қолға алынады деп күтілуде.
Жиын соңында өңіріміздің талантты ұл-қыздары ән мен биден шашу шашып, салтанатты шараның шырайын келтірді. Іс-шара соңында жиынға жиналған оқушы балалар мен құрметті қонақтар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.
- 14.04.2022
- 174