- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Қосшының көші уақыт керуенінің алдыңғы шебіне шықты
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қосшы қаласы тұрғындарымен кездесуінде тұтастай алғанда аймақ жетістіктеріне тоқталып, қаланы дамыту жөніндегі жоспарларымен ой бөлісті, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Әкім жылдың бірінші тоқсаны бойынша Қосшы өнеркәсіп өнімдерінің көлемінен облыста көш бастап тұрғандығын атап өтті. Тұрғын үй құрылысында да солай. Үш айда 3 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жұмыс істеп тұрған шағын бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға ұлғайып, бір жарым мыңға жеткен. Биыл 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 341-і тұрақты жұмыс орындары. Тоқсан мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазандыққа 150 миллион теңгенің ағымдағы жөндеуі жүргізілмекші. Қаланың өзекті коммуналдық мәселелерінің бірі – қоқыс шығару да жолға қойылмақ. Осы айда 70 контейнер орнатылады. Әр адамнан 532,6 теңге коммуналдық тариф та белгілі болып отыр.
–Облыс қалалары мен ауылдарын жиі аралаймын. Тұрғындардың сұрақтарының көбі осы тұрғын үй, жылу және сумен жабдықтауға, жолдарға қатысты болып келеді, – деп атап өтті кездесу барысында Е.Маржықпаев. Қосшы қаласының жолдары жақсару үстінде. Биыл 2,7 шақырым жол салуға 1 миллиард теңге бөлініп отыр.
–Соған қарамастан, мен қоғамдық жұртшылық жолдың сапасын қадағалауды өз қолдарына белсендірек алса деп айтар едім. Жалпы, бізге бұл мәселеде азаматтардың белсенді көзқарасы керек, – деді одан әрі облыс әкімі.
Сондай-ақ, кездесуде биыл Қосшы қаласына тартылатын газ құбыры құрылысының жобалық құжаттамалары дайын болатындығы айтылды. Газ 12 мың тұрғын үйге енгізілмекші. Бұл үшін 5 миллиард теңгеге 343 шақырым газбен жабдықтау желілері тартылады.
Бүгінгі таңда Қосшы қаласын абаттандырып, көркейту жұмыстары толық қарқынмен жүргізілуде. Бұл үшін облыстық бюджеттен 152 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға жаңа демалыс орындары, спорт алаңдары, әдемі скверлер жабдықталатын болады.
Өкінішке орай, қалада мемлекеттік спорт мекемелері жоқ. Алайда, мемлекеттік бағдарлама бойынша бір жарым мың жеткіншек 10 спорт клубында спорттың 13 түрі бойынша тегін жаттығуда. Ал, келесі жылы бассейні бар жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Оған тәулігіне 300 адам бара алады. Жеке кәсіпкерлер Қосшының спорттық нысандарының көбейгенін қалап отыр. Қазірдің өзінде мұндағы футбол клубы елдің кәсіби футбол лигасында өнер көрсетіп жүр.
–Қала мәртебесі берілуімен Қосшы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарының да дамуына мүмкіндік алды. Соңғы он жылда тұрғындар саны 11 есе өсіп, елу мың адамнан асты. Осы ретте, тұрғындардың инфрақұрылым мәселелеріне байланысты шағымдары біздің тарапымыздан ескерусіз қалмауда. Оларды шешу бағытында қолдан келгенше жұмыс істеудеміз, – деп қорытындылады кездесуді Ермек Маржықпаев.
Бұдан әрі облыс әкімі қалалық әкімдікте азаматтарға қабылдау жүргізді. Тұрғын үй үлескерлерінің мәселесі күн тәртібінде өте өткір тұр. Осыған қаржыларын салған 300-ге жуық отбасы әлі де болса пәтерсіз отыр. Олар әзірше баспананы жалдап күнелтуге мәжбүр.
Бұл ретте, тұрғын үй құрылысын жүргізушінің өздеріне құжаттары жоқ пәтерлерді бергенін, енді жер дауы мәселесі туындап отырғанын айтқан Ирина Даймондтың жанайқайын түсінуге болады.
Аймақ басшысы бұл туралы егжей-тегжейлі сұрап білді. Ирина Даймонд әкімдіктің өздерін қолдайтынын, барлық мемлекеттік органдар да байланыста екенін растайды. Алайда, алаяқтық өз дегенін істеп бағуда. Қазір осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, зерт жүргізілуде. Бір айдың ішінде соттың алғашқы отырысы болады. Әлі пайдалануға берілмеген үйлердің тұрғындары жер туралы шешімді асыға күтуде. Өйткені, үйлерін заңдастырып алғысы келеді.
Кездесуде үлескерлердің барлық проблемалары ендігі арада облыстық деңгейде шешілетіні айтылды. Бұл үшін салынған және құрылысы жүріп жатқан үйлерді іске қосу үшін жекелеген ЖСК-лар құрылады. Облыстық әкімдік бұл мәселеде тиісті көмек көрсетеді.
–Үлескерлер мәселесі бізге белгілі. Осы мәселені шешудің әртүрлі нұсқаларын қарастырдық, ынталы топтармен де бірнеше рет кездестік. «Табыс құрылтай», «Жайлау-Сити», «Даймонд Парк», «Ақ шаңырақ», «Шоколад» тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау үшін инвесторлар тартуға күш салудамыз. Ал, облыстың барлық өңірлерінде орын алып отырған жер мәселелеріндегі күрделі тұстарды шешуге бәріміз де мүдделіміз, – деп түсіндірді жағдайды Ермек Маржықпаев.
- 14.05.2022
- 228