- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысында балық өсіруге 10,5 млн теңге субсидия бөлінді
Маңғыстау облысында 2022 жылға арналған акваөсіру, яғни балық өсіру шаруашылығына өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бойынша 10,5 млн теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев хабарлады.
-Оның ішінде бекіре тұқымдас балықтар мен олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарына – 9600 мың; Балық өсіру материалын сатып алу шығыстарына – 600 мың; Дәрілік препараттарды сатып алу шығыстарына – 100 мың; Балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығыстарына – 200 мың бөлінді, - деді Арман Молдашев.
Спикердің мәліметінше, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған республикалық бағдарламасы бекітілді. Республикалық бағдарлама он жылдық кезеңге арналған және негізгі индикаторы балық өсіру көлемін 2030 жылы 270 мың тоннаға дейін ұлғайту болып табылады. Бұл 1000 астам жаңа балық өсіру шаруашылықтарын құруды көздейді. Жалпы 2030 жылға қарай өсірілетін балықтың көлемін 100 000 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, спикер өңірдегі балық аулау ісіне тоқтала кетті. Жалпы Маңғыстау облысы бойынша 2021 жылдың шілдесінен – 2022 жылдың 1-шілдесіне дейін – 9357,0 тонна балық аулауквотасы бөлінді. Оның айтуынша табиғат пайдаланушылармен мамыр айына дейін квотаның 1803,7 тоннасы, яғни 19,3%-ы игерілді.
-Жалпы өңірде кәсіпшілік балық аулауға болатын аймақтың ұзындығы 1350 шақырымды құрайды. Осы аумақтарда құралған учаскелерде адамдар квота бойынша заңды түрде балық аулай алады. Теңіз жағалауы бойынша Түпқараған және Қарақия ауданында 6 балық шаруашылық ауданы 33 кәсіпшілік балық аулау учаскесі болса, оның 27 учаскесі 19 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Түпқараған ауданында 18 балық шаруашылығы учаскесі 14 табиғат пайдаланушыға, ал Қарақия ауданы 9 балық шаруашылығы учаскесі 8 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Облыс бойынша 6 учаске резервте, - деді Арман Молдашев.
- 23.05.2022
- 222