- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Егіс науқанын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтау – басым міндеттердің бірі
Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Үкімет басшысы өз сапары кезінде бірқатар өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, агроөнеркәсіптік кешеннің, денсаулық сақтау саласының даму барысымен және инвестициялар тарту жұмыстарының жай-күйімен танысты. Премьер-Министрдің сапары кезінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловөз сапарының барысында алдымен органикалық және минералды тыңайтқыштарды пайдалана отырып, астық өндірудің жаңа технологияларына көшкен «Namys Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруа қожалығына барды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы баяндамасын тыңдаған Әлихан Смайылов бүгінгі таңда Ақмола облысының алдында тұрған басым міндеттердің бірі егіс науқанын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтау екенін атап өтті. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңіріне арзандатылған дизель отыны жеткізіліп жатыр. Тұқым және минералды тыңайтқыштармен 100 пайызға қамтылған.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген несие берілді, оның көлемі 70 миллиард теңгеден 140 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамының форвардтық сатып алу бағдарламасы 2 есеге ұлғайтылып, 80 миллиард теңгеге дейін жеткізілді. Сонымен қатар, мал азығы қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 миллиард теңге бөлінді.
– Ең бірінші міндет – бөлінген қаражаттың әрбір фермерге дейін жетуін қадағалап, көктемгі егіс жұмыстары кезінде туындайтын проблемаларды дереу шешіп отыру,– деді Әлихан Смайылов.
Сапар кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыстағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, олардың ішінде «Агрофирма TНK», «Родина» агрофирмасы», «Приишим», «Заречный», «Еңбек», «Сандықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің және тағы да басқа ауыл шаруашылығы саласының басшылары болды. Әңгіме және пікір алмасу барысында Премьер-Министр шаруалар көтерген мәселелерді мұқият тыңдап, уәкілетті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы өңірдегі «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС-ына барды. Кәсіпорын Ресей және Беларусь өндірушілерімен бірге сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканы құрастырумен айналысады. Ростсельмаш, Минск трактор заводы сияқты шет елдік ірі компаниялармен бірлесе жұмыс істейтін кәсіпорында Үкімет басшысына техникаларды жинау, құрастыру жүйесі таныстырылды. Бүгінгі күн талабына сай құрал-саймандармен жабдықталып, барлық қолайлы жағдайлар жасалған цехта жұмыс еш кедергісіз, оңтайлы жүруде. Кәсіпорынның алдыңғы ғимаратында «Вираж» көлік салоны тұрғындарға «Шевролет» маркалы жеңіл көліктердің үлкен сұранысқа ие «Nexia», «Covalt» жеңіл автокөліктері, «Tracker» крассовері, танымал «ГАЗ» заводының «Соболь», «Газельдерінің» отбасымен демалысқа шығуға, ауыл шаруашылығына қолайлы түрлерін ұсыну үстінде екен. Алушыларға түсіндіру, таныстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде Әлихан Смайыловқа осы салонның директоры Андрей Холод сатылымға шығарылған көліктер, олардың тасымалы, жеткізілуі туралы әңгімелесе, «БанкЦентрКредит» филиалының директоры Аида Әлкебаева тұрғындарға несие рәсімдеу барысы жөнінде баяндады.
Көлік салонының сауда залында орнатылған лэт-экрандағы сұлба, график, бағандарды нұсқай отырып, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Премьер-Министрге өңірдің жыл қорытындысын өткен жыл көрсеткіштерімен салыстыра отырып сала-сала бойынша таныстырды. Ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша да барлық негізгі көрсеткіштер алға тартылды.
– Өңірде жұмыстың серпінді жүріп жатқаны көрініп тұр. Барлық мемлекеттік бағдарламалардың дер кезінде жүзеге асуына қол жеткізу басты мақсат болуы керек. Осы үрдісті жалғастыра берген жөн, – деді облыс басшысының хабарламасын тыңдай келіп Әлихан Смайылов. Үкімет басшысы бүгінде қазақстандық компаниялардың жаппай ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды игергенін атап өтті. Мәселен, нарықтағы отандық тракторлар мен комбайндардың үлесі – 90 пайыз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы машинасын жасау бойынша жергілікті қамту жалпы алғанда шамамен 40 пайызды құрайды. Осы орайда Премьер-Министр ауыл шаруашылығы техникасы өнімдерімен жергілікті қамту үлесін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.
Осы жерде Премьер-Министр «Көкшетауминводы», «КАМАЗ-Инжиниринг», «ЕНКИ», тағы басқа ірі кәсіпорындардың басшыларымен сұхбаттасып, олардың пікірлері мен өтініштерін тыңдады. Олар қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғырту үшін оны шығарушыларға субсидия көлемін арттыру, «Жасыл даму» мемлекеттік бағдарламасының «Оператор РОП-тың» аяқсыз қалған істерін аяқтауы, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарушылардың мәліметтерінің бір электрондық ортаға жинақталуы, «ЕНКИ» заводына сұйық газды тікелей өндірушіден сатып алу туралы сұрақтар қойып, барлық сұрақтарға толық жауаптар қайтарылды.
Премьер-Министрдің жұмыс сапары бұдан кейін «Новопэк» ЖШС-ының өндірістік цехтарында жалғасты. Мұнда Қазақстанның және шет елдің сан салалы кәсіпорындары үшін пластикалық қаптар мен полипропиленнен биг-бэгтер шығарылады. Оны алушылар қатарында тау-кен өндірісі кәсіпорындары мен ірі диірмендер де бар. Серіктестік аймақта бірінші жыл жұмыс істеп келе жатқан жоқ. Сондықтан, өндірістік қуатын үнемі арттырумен келеді. Таяуда мұнда жаңа цех ашылды. Өндірісті кеңейту үшін жаңадан тағы бір цех салынуда. Бұған қоса, серіктестік пластикті екінші қайтара өңдеумен айналысады. Кәсіпорынның бас директоры Рүстем Усманов атап өткеніндей, бүгінгі таңда мұнда 1200-ден астам адам еңбек етуде. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары тағы да ашыла түседі. Өйткені, қаптар мәселесі қай кезде де өте өзекті. Алайда, өндірісшілерде шешімін күткен мәселелер де бар. Полипропилен өндірісі үшін қолданылатын шикізаттың бағасы жоғары. Ол Түркімениядан шығарылып жатқан дайын өнімнің бағасына жақын. Рүстем Усмановтың айтуынша, бұл проблеманы жергілікті өндірушілер үшін шикізатты мемлекет тарапынан субсидиялау шеше алар еді. Барлық полимер өнімін өндіретін компаниялар мемлекет меншігіне жататын Түркіменияның мысалы мұны растай түседі. Бұл қадам шикізат және дайын өнім бағасын арзандатуға мүмкіндік беріп, осының есесінен өндіріс көлемін арттыруға, соған сәйкес жұмыс орындарын көбейтуге қол жеткізуге болар еді. Сондай-ақ, полимерлерден өндірілетін дайын өнімді сыртқа шығаруға мемлекеттік баж салығын енгізу керек. Өзбекстан мен Тәжікстан осылай жасап отыр. Оның үстіне бұл өнімдердің жартысына жуығын біздің ел сырттан алады.
– Мұндай өтінімді өндіріс иелері ретінде сіздер өздеріңіз берулеріңіз керек. Сіздердің өтінімдеріңізсіз және сіздердің қатысуларыңызсыз мемлекет баж салығын енгізе алмайды. Өтінімді қарау барысы, ондағы төрешілдікті ескерсек, бір жыл немесе бір жарым жыл уақыт алуы мүмкін. Бірақ, осылай істеуге болады. Ал, бағаға келсек, отандық шикізатты қарастыру бағытында жұмыс істеу керек, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының жұмыс сапарындағы келесі нысан «John Deere» агротехникасына қызмет көрсететін ТМД-дағы ірі орталық «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС болды.Әлихан Смайылов жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану еңбек өнімділігін арттыруда маңызды элементі екенін еске салды.Бұл мақсатта Үкімет машина-трактор паркін инвестициялық субсидиялау, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жаңартып жатыр. Сондай-ақ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несие беру (6-7 пайыз жылдық мөлшерлеме) бағдарламасы іске асырылуда.
– Аталған шаралардың арқасында ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі қарқын алып келеді. Мұндағы маңызды мәселе өндірісті локализациялау болып отыр,– деді Әлихан Смайылов.
Бұдан кейін Премьер-Министр ет, шұжық өнімдері, консервілер мен жартылай фабрикаттар өндіретін «Бижан» ет өңдеу кешеніне барды.
Әлихан Смайылов мемлекеттің кешенді қолдау шараларын іске асыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ерекше назар аударатынын атап өтті.
– Импортты азайтып, ішкі сұранысты толығымен жабу үшін отандық өнімдердің өндірісін ұлғайтуымыз керек. Әкімдік фермерлермен жұмыс жүргізіп, субсидиялау кезінде қарсы міндеттемелер қойып, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз етуге жағдай жасауы керек,– деді бұл ретте де Әлихан Смайылов.
Осымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Ақмола облысына жұмыс сапары аяқталды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының ілгері басып, белгілі бір оң нәтижелер беруіне игі ықпалын тигізеді деген сенім мол.
- 30.05.2022
- 283