- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Жоспарлы құрылыстар сапалы салынсын
Өткен бейсенбі күні Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Біржан сал және Бурабай аудандарында болып, халыққа есеп беру кездесулерін және азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдауды одан әрі жалғастырды.
Біржан сал. Облыс әкімі халыққа есеп беру кездесуінде жасаған баяндамасында облыстың 2021 жылды және ағымдағы жылдың алғашқы төрт айын ойдағыдай қорытындылап, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы орыннан көрінгендігін еске салды, облыс экономикасын одан әрі дамытуға, жұмыс орындарын көптеп ашуға мүмкіндік беретін ірі компанияларды атап, таныстырды. Инвестиция тартудағы жетістіктер, шағын және орта бизнес, басқа да кәсіпорындар мен өндірістен түсер салық барысын сараптады.
–Біз өңірде бизнеске қолайлы орта қалыптастыра алып отырмыз және оның оң нәтижесін де көрудеміз. Облысқа субсидия тарту үрдісін жалғастыра береміз, – деп атап өтті әкім. Тек облыс орталығында ғана емес, Ерейментау, Зеренді, Аршалы, Қорғалжын, Жақсы аудандарында да тұрғын үйлер, бірқатар өңірлерде бүгінгі күн талабына сай дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, мәдениет үйлерінің салынуы, тозығы жеткен бірқатар ғимараттардың күрделі жөндеулерден өткізіліп, балалар шығармашылығы ұжымдарына, медицина мекемелеріне пайдалануға беру өңірдің қарқынды даму үстінде екендігін көрсетеді.
Дегенмен, барлық проблема түбегейлі шешілді деуге болмайды. Ондай түйінді мәселелер барлық аудандарға ортақ. Құдықағаш ауылында ауыз су мәселесі шешіліп, көшелерді жарықтандыру қолға алынған. Енді қиыршық тас төселіп, тегістелген көше жолдары асфальтталса дейді. Аңғал батыр ауылына да жол тартылған, тұрғындар «Көкше-Цемент» кәсіпорнының ауыр жүк артқан көліктері сол жолды бүлдіреді деп алаңдаулы. Мақпал ауылында да былтыр жол жасалған, енді күре жолға дейінгі 7 шақырым жол асфальтталса деген тілек айтады. Бұл аймақта интернет қарқыны төмен екені де айтылды. Мамандар ол жұмыстың қолға алынғанын, жақын арада ретке келетінін алға тартты. Үлгілі ауылдық округінде де ауылдар жарықтандырылуда. Жол, соның ішінде жаяу жүргіншілер жолдары да төселуде. Жалпы, тұрғындардың сауалынан да айтар алғыстары көп.
–Алайда, осы атқарылған істерге өздеріңіз бас-көз, жанашыр болуларыңыз керек. Жаңа ғана бірқатар ауылдарды аралап шықтым. Қыстан, қар астында қалған қоқыстар әлі шығарылмаған. Кей ескі үйлер құлап жатыр. Отырғызылған ағаштарға су құйылмаған. Сондықтан, тазалық сақтап, белсендірек болыңыздар. Жаңадан салынып, тапсырылатын нысандарды қабылдауға қатысыңыздар. Тіпті, іс барысында кемшілік көрсеңіздер дабыл қағыңыздар, – деп тұрғындарды белсенділікке шақырды әкім.
Ал, Мамай ауылының маңайындағы жайылым жердің мәселесін шешу үшін облыста арнайы құрылған комиссия келетіні хабарланды. Комиссия басқа аудандарға да шығып, даулы мәселелерді шешуге күш салады. Жиыннан кейін тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаған өңір басшысы, одан кейін аудан орталығы Степняк қаласының абаттандыру жұмыстарымен, 21 пәтерлі 2 тұрғын үй, ішкі жолдарының салыну сапасымен танысып, бұған дейін тапсырылған ойын алаңын, кейбір жұмыстардың толық орындалмай, қабылдануын сынға алды.
– Әр нысанның жобасын, сызбасын мұқият оқыңыздар. Сол бойынша тексеріп, талап етіп барып қабылдаңыздар,–деп ескерту жасады ол аудан басшысына.
«Жәрдем-Құрылыс», «Бастау-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салып жатқан үш тұрғын үйдің жай-жапсары жөнінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Биданов баяндады.
–Халыққа тұрғын үй керек. Жазғы уақытты, қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, құрылыс қарқынын арттырыңыздар. Жетпеген қаражатпен қамтамасыз ететін боламыз, – деп тапсырма берді құрылысшыларға Ермек Маржықпаев.
Қала сыртында «Щучинск-Степняк-Уәлиханов» бағыты бойынша салынып жатқан күрделі жол құрылысы туралы әкімге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Захаров әңгімелеп берді.
Бурабай. Ауданда өткен халыққа есеп беру кездесуінде аудан орталығы Щучинск қаласында, ауылдық жерлерде жүріп жатқан жұмыстарға алғыс айтушылар көп болды. Кейбір мәслелерді шұғыл шешуді сұрағандарға әкім:
–Біз қай жұмысты болсын, тек қана заңға сәйкес атқарамыз. Онсыз болмайды. Сол үшін алдымен атқарылар жұмыс зерттеліп, сараптамадан өткізіліп, сметалық құжаттары дайындалады. Содан кейін барып ол нысан, жұмыс жоспарына енеді. Ал, жоспарға енген жұмысты біз міндетті түрде орындаймыз. Өкінішке орай, рәсімдеулерді дер кезінде орындамай, кешеуілдетудің салдарынан республикадан бөлінген қаражат игерілмей, кері қайтарылу фактілері кездесіп отыр. Осындай олқылықтарға жол бермеуіміз керек. Ал, жоспарға енген шаруаларды асықтырудың қажеті жоқ. Ол орындалады, – деп жауап қайтарды. Наурызбай ауылына, тағы басқа елді мекендерге су тарту, Қатаркөл ауылындағы ауыл клубы мен көшелерді жөндеу мәселелері сметалық құжаттары жоспарланғандықтан, орындалатын жұмыстар екендігі түсіндірілді.
Облыс әкімі Щучинск қаласында да бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Қанай би мен Геологическая көшелері қиылысындағы 45 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйге құрылысшылар пайдаланып жатқан құрылыс материалдарының сапасын сұрастырып, оның сапалы салынып, уақытында тапсырылуын ескертті. Әкім аралап көрген келесі көпфункционалды спорт кешені қала тұрғындарын қуанышқа кенелтер ірі нысан. Мұнда 88 тұрақты жұмыс орны ашылмақшы. Волейбол, баскетбол, футбол залдары, бокс, жекпе-жек өнерлеріне арналған залдар, бассейні болады. Бір ауысымда 325 адамды қабылдай алмақ. Құрылыс жұмысымен «Авторемстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Бекзат Бақберді таныстырды.
–Бұл нысан қала халқы үшін өте маңызды. Сол себепті жұмысты тоқтаусыз және сапалы жүргізіңіздер. Қаражаттан тапшылық болса, біз қаражат бөлеміз, – деді ауқымды құрылыс барысымен танысып шыққан облыс әкімі.
- 04.06.2022
- 313