- Блогтар
- Саткалиев А.М.
Саткалиев А.М.
ҚР Энергетика министрі
2022-2023 жылыту маусымы: Қазақстан өңірлеріндегі энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығы барысы туралы
2022 жылғы 6 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ел өңірлеріндегі энергетикалық кәсіпорындардың алдағы жылыту маусымына дайындығы барысы туралы айтып берді.
2 қыркүйектегі жағдай бойынша «KEGOC» АҚ электр станцияларында графикке сәйкес 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды және 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыда.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша 487 орталықтандырылған жылу қазандығында 1073 қазан жөндеуден өтіп, жаңа жылыту маусымына дайындалды, бұл жалпы жоспардың 90 % құрайды.
Электр желілерінің дайындығы желілер бойынша 70 %-ға, кіші станциялар бойынша 46 %-ға бағаланады. Электр беру желілерін жоспарланған жөндеудің жалпы ұзындығы 20 201 км, сондай-ақ жоғары вольтты кіші станциялардың 712 бірлігін құраған болатын. Бүгінгі күні 14 047 км электр беру желілері мен 331 кіші станцияға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілерін жөндеу жұмыстары бекітілген графиктерге сәйкес жүргізіледі және белгіленген мерзімде аяқталады.
Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдері сақталмаған.
Сонымен қатар энергетикалық кәсіпорындары күрделі жөндеу жұмыстарын 2023 жылға ауыстырған өңірлер де бар: Қарағанды облысы, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласы.
Қазіргі уақытта электр станцияларында отын жинақтау бойынша жұмыс жалғасуда, энергия көздері қоймаларында көмір қоры 3,9 млн.тоннаны және мазут қоры 83 мың тоннаны құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. 5 станцияда көмір қоры қолданыстағы нормативтерге сәйкес келмейді: Семей ЖЭО-1; Риддер ЖЭО-да; Шахтинск ЖЭО-2; Жезқазған ЖЭО-да; Петропавл ЖЭО-да.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа жүргізілген талдауға сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Маңғыстау облысы, Ақмола облысы, Павлодар облысы, Абай облысы және Нұр-Сұлтан қаласы түрлі себептерді ескере отырып, ағымдағы жылыту маусымын өткізуге ерекше назар аударуды талап ететін өңірлер ретінде айқындалды.
Үкімет отырысында 2022 жылғы тамызда ҚР Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес 1 тоннасы үшін 115 000 теңге бағамен 218,6 мың тонна көлемінде «2022-2023 жж. күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелерге мазут жеткізу бойынша мұнай мен мұнай өнімдерінің негізгі қор ұстаушыларына облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын бекіту кестесі» бекітілгені белгілі болды.
Болат Ақшолақов сөзінің соңында келесі түйткілді мәселелерге ерекше назар аударды: электр станциялары мен электр желілеріндегі толық көлемде аяқталуы тиіс жөндеу жұмыстары; энергия көздерінде отынның нормативті қорын жинақтау үшін жылжымалы құрамның қажетті санын қамтамасыз ету; отын жеткізушілер алдындағы қарызды азайту; коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың жабдықтаушылар алдындағы дебиторлық берешегін азайту бойынша шаралар қабылдау; еліміздің әлеуметтік-мәдени нысандарын, елді мекендерін жылумен жабдықтау жүйесіне уақтылы қосу; электр станцияларын, қазандықтарды көмірмен және мазутпен тұрақты қамтамасыз ету және жылу беру маусымында өңірлер тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету.
- 06.09.2022
- 263