- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Жұмыс ұтымды ұйымдастырылса, жетістік мол
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Есіл ауданының Юбилейное ауылында болды. Сапар барысында мемлекеттік органдар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзара ынтымақтастық байланысына және егін орағының барысы көңіл бөлінді.
Есіл ауданының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесу «Ново-Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дала қосынында өтті. Өңірдің аграрлық секторының дамуы және егін жинау барысы жайында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов баяндап берді.
–Облыста 5 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы бар, оның 4,6 миллион гектары дәнді дақылдар алқаптарын құрайды. 3 700 мың гектар алқаптың астығы бастырылды. Майлы дақылдарды, көкөністер мен картопты жинау жалғасуда. Мал азығын дайындау жұмысы әлі де жүргізілуде. Күні бүгінге дейін 1 260 мың тонна шөп дайындалды. Жалпы құны 18 миллиард теңге болатын азық-түлік корпорациясының екі бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламалар аясында 105 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Оның 4-і Есіл ауданында орналасқан. Ауыл шаруашылығы техникасыпаркі жыл сайын жаңғыртылуда. Жыл басынан бері 4,9 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
–Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандары өңірдегі астықтың үштен бір үлесін береді. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жақсы өнім жинаудамыз. Егін орағының көш басында Сандықтау ауданы. Бұл ауданда гектар берекесі 18 центнерден айналуда. Азық-түлік қауіпсіздігіқашанда маңызды, – деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі 115 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Бұл орайда, жалықпен байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын өрістету керек деп өз ойын нақтылады.
«Ново-Приречное» серіктестігінің алаңында жаңа техника үлгілері көрсетілді. Техникалық көмек көрсету машинасы да назарға ұсынылды.
–Күн ашық болса, егін орағын бір аптада аяқтап шығамыз, – деп уәде берді аудан әкімі Еркебұлан Баяхметов, – техника жеткілікті, жанар-жағар майда іркіліс жоқ. Астық қабылдау кәсіпорындары да жүйелі жұмыс істеуде. Диқандардың еселі еңбегінің арқасында жерде өнген дәнді жерде қалдырмай, уақытында жинап аламыз.
Серіктестік басшысы Валерий Тюркиннің айтуына қарағанда, шаруашылықта бидайдың жаңа сорттары өсіріледі. Оның ішінде «Шортанды» және итальяндық «Спринелла» тұқымдарының өнімділігі жақсы. Биылғы жылы осындай тұқым сіңірілген алқаптардың әр гектарынан 15 центнерден өнім жиналып отыр. Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, Италиядан келген ғалымдар біздің жағдайда жақсы өнім алуға көп септігін тигізген.
Шаруашылықта халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұдайы көңіл бөлінуде. Юбилейный елді мекенінің тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі –газ тарату станциясы еді. Ұзындығы 11,75 шақырым желі тартылып, 140 үйге көгілдір отын жеткізілді. Әлеуметтік жобаның құны140 миллион теңге екендігін айта кетелік.
–Тұрғын үйлерді жылыту, ауыз сумен қамту, тұрмыстық көгілдір отынды жеткізу ойдағыдай шешілуде. Қажет еткендерге пайызсыз несие береміз, –дейді Валерий Николаевич. – Сонымен қатар, әр үйге су әкелінді, жазды күндері үй жанындағы бақшаларын тегін суару ұйымдастырылды.
Наубайханада кондитерлік өнімдер дайындалады. Жұмыс күндері дүкен сөрелеріне нан және нан өнімдерінің саналуан түрлері қойылады. Бұл дүкенде нанды 100 теңгеге сатып алуға болады.
Шаруашылық ауылдағы мәдениет ошағының дем берер демеушісі ретінде де қамқорлық көрсетуден жаңылған емес. Осындағы ауылдық клуб сонау 1960 жылы салынған болатын. 2008 жылы қайтадан жаңғыртылды. 2013 жылы клуб үйіне қажетті музыкалық құрал-жабдықтар сатылып алынды. Клуб меңгерушісі Инна Данильченконың айтуына қарағанда, барлығы 150 адамға жуық ауыл тұрғындарын қамтитын бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Ауыл балалары әсіресе, би топтары мен вокалды үйірмелерге ынтық. Осы арада бір мысал келтіре кетелік, «Приречные зори» ересектердің вокалды тобыныңатақ-даңқы облысқа танымал. Бір жақсысы, ауылдық клубта жұмыс істейтін техникалық қызметкерлер мен хореограф серіктестіктің есебінен жалақы алады.
«Солнышко» шағын орталығының шатыры жаңа оқу жылына дейін жөнделіп, ескі терезелері ауыстырылды. Көпшілік көптен күткен бөбекжай тобы ашылды. 26 тәрбиеленушінің тамақтану ақысының жартысын серіктестік төлеп береді. Жалпы білім беретін мектепте 115 бала білім алуда.
Мектеп ұжымында 21 педагог бар. Олардың арасында жастар көп. Шалғайдағы шағын ауылдың білім ошағына биылғы оқу жылында магистр дәрежесі бар тарих пәнінің мұғалімі Дмитрий Пленчев келіп жұмысқа орналасты. Білім ошағының материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жақсарып келеді. 12 бүгінгі күннің талабына жауап беретін пән кабинеттері жұмыс істейді. Мектеп жанында стадион орналасқан. Ауыл жастарының басым көпшілігі бос уақыттары осы жерде өткізіп, салауатты өмір салтын сақтауда. Әртүрлі жарыстарға жергілікті білім ошағының дене шынықтыру мұғалімі Имран Садыков ұйытқы болып жүр. Ауыл тұрғындарының сүйсініп дем алатын жері ауылдық «Арбат» субұрқақ алаңы. Ауылдағы үш нысанды абаттандыруға 136 миллион теңге қаражат бөлініпті.
–Бұл жерден көшіп жатқандар жоқ екен. Оған себеп, халықтың әлеуметтік тұрмысының жақсаруы. Бизнес күткеннен гөрі жағдайды жақсартуға ұмтылуы керек. Сонда білікті кадрлар да жеткілікті болады, – деді Ермек Боранбайұлы елді мекендегі жақсы жағдаймен танысқаннан кейін.
Аудан бойынша оң динамика сақталып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,6 миллиард теңгеге тең. Мал басы өсіп, ет өндірісі 2,2 мың тоннаға, жұмыртқа 3,8 миллион данаға жетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс алқаптары 81 пайызға ұлғайды. Егіс алқаптарының 82 пайызы бастырылып, 367,7 мың тонна астық жиналды. Бұл орайда «Ново-Приречное» серіктестігінің ұтымды жұмыс істеп отырғандығын атай кеткен жөн.
- 19.09.2022
- 226