- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Маңғыстау облысының прокурорлары еңбек құқықтарының көптеп бұзылу фактілерін анықтады.
Еңбек жанжалдарының күшеюіне байланысты Маңғыстау облысының прокуратурасы облыстағы бірқатар кәсіпорындардың қызметіне тексерулер жүргізген. 6 кәсіпорында өртке қарсы, өнеркәсіптік, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және басқа да заңнамалар бойынша 587-ден астам бұзушылық анықталған. Тексеріс барысында 412 қызметкерге 34,4 млн. тенге өтемақы төленді. Бірқатар жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, бір кәсіпорынның 137 қызметкері ыстық тамақпен қамтамасыз етілмесе, 5 кәсіпорында 637 бос жұмыс орнының барын жасырған, 63 қызметкердің жұмыс уақыты асыра орындалған.
Прокурорлардың актілері бойынша 541 қызметкерге үстеме жұмыс істегені үшін алғаш рет 63 млн. теңге көлемінде үстемеақы берілді.
Сондай-ақ прокурорлар аймақтағы кәсіпорындардың біріндегі жұмысшылардың 51 баласын Щучинск қаласындағы «Балдәурен» лагеріне (алғаш рет жұмыс берушінің есебінен) жіберуді қамтамасыз етті.
Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша 39 қадағалау актісі енгізіліп, азаматтардың құқығына әсер ететін басқа да факторларға талдау жүргізілуде.
2022 жылғы 20 қазанда облыс прокурорының төрағалығымен облыс әкімі мен басқа да мемлекеттік органдар мен ірі мұнай-газ компаниялары басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде осы және өзге де фактілер талқыланды.
– Анықталған заң бұзушылықтар кәсіпорын басшыларының жұмысшылардың құқықтарын барынша сақтау қажеттігін мүлде дұрыс түсінбегенін көрсетеді, – деп атап өтті облыс прокуроры Руфат Құттықов. – Біз алдағы уақытта да жұмысшылардың құқықтарын мүлтіксіз сақтауды талап етіп, кәсіпорын басшыларының міндеттемелерді орындауын қадағалайтын боламыз.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев барлық мемлекеттік органдардың азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.
Жұмысшылардың жағдайына бей-жай қарамай және белсенді шаралар қабылдау керектігін жеткізді.
– Мемлекет басшысы уәкілетті органдардың назарын азаматтардың еңбек құқықтарын мүлтіксіз сақтауға аударып отыр. Жұмыс берушілер мен қызметкерлер конструктивті диалог құрып, туындайтын қиындықтарға бірлесіп жұмыс істеуі керек. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде және қолданыстағы заңнама аясында кәсіпорындарға еңбек кодексінің бұзылуының алдын алуға бағытталған әдістемелік, құқықтық және консультативтік көмек көрсетуге міндетті, - деді облыс әкімі.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бұл бағыттағы жұмысты жандандыру және жұмыс берушілерге азаматтардың еңбек құқықтарын қатаң сақтау тапсырылды.
- 21.10.2022
- 268