- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Су тұшыту зауытын салу, балық шаруашылығын дамыту: аймақ басшысы іс-сапармен Түпқараған ауданында болды
Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданына жасаған екі күндік жұмыс сапары аясында бірнеше елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сапар аясында әсіресе ауыз су мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Айта кетейік, қазір Форт-Шевченко мен Баутин ауылына жерасты сулары тазартылып жеткізіледі.
Күнделікті өндірілетін жер асты суы 1,3 мың текше метрді құрайды, оның 700 текше метрі орталықтандырылған су құбыры арқылы көпқабатты тұрғын үйлерге жеткізілсе, 600 текше метрі тасымал арқылы тұрғындарға беріледі.
Алдағы уақытта аудан халқын сумен қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 5 мың текше метр теңіз суын тұшытатын қондырғы салу жобасы әзірленген.
Жобаны қаржыландыру 2023 жылға арналған республика бюджеті есебінен қолдау тапты.
Нысанның құрылысы 2 жыл ішінде жүргізіліп, пайдалануға берілгеннен кейін халық орталықтандырылған су құбыры арқылы сумен қамтамасыз етілмек.
Одан әрі облыс әкімі «Аташ Фиш Пром» ЖШС-нің балық өнімдерін өңдейтін цехының жұмысымен танысты.
Нысанның құны 83 миллион теңгені құрайды. Бұл цехта 15 адам жұмыс жасайды. Өндіріс орнының қуаттылығы 292,8 тонна, оның 144 тоннасы дайын өнім. Өңделген өнім – 96 тонна, балық ұны – 52,8 тонна.
Облыс басшысы аудандағы балық шаруашылығының дамуына оң баға беріп, бұл сала әрдайым бақылауда болатынын жеткізді.
- Түпқараған ауданында балық шаруашылығын дамытуды қолға алған кәсіпорындар көп. Жақында Маңғыстау облысында арнайы басқарма ашылғаны да белгілі. Кәсібін ашып, осы саланы дамытамын деушілерге мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Осыған орай елде 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді, бағдарламадағы міндеттерді орындау үшін балық шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі де ұлғаятын болды. Бұл салада қандай да қиындықтар болса, бірігіп жұмыстануға әзірміз, - деді аймақ басшысы.
Нұрлан Ноғаев «BurabayFish» ЖШС жұмысымен де танысты.
Мекеме тәулігіне 30 тоннаға жуық балық аулап, оны мұздатады. Мекемеде 17 жұмыс орны ашылған.
Сапардың келесі нысаны Түпқараған ауданы Аташ ауылындағы «Дәулет» жеке индустриалды аймағы болды. Нысан 2016 жылдың шілде айында аяқталған. Кешеннің негізгі бағыты - нан және макарон өнімдеріне арналған жоғары және бірінші сортты ұн дайындау, астықты өңдеу болып табылады. Бұл нысанның құны - 1,5 миллиард теңгені құрап отыр.
Мұнан соң аймақ басшысы «Вест Дала» ЖШС қызметімен танысты. Компания 2005 жылы құрылған. Кәсіпорынның негізгі қызметі - қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу. Қазір аталған мекеменің өндіріс ошақтарында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның ауданы - 8,76 га. 60-қа жуық адам жұмыс жасайды.
Нұрлан Ноғаев сондай-ақ Wagenborg Kazakhstan B.V. филиалы, Құрманғазы кемесінде де болды. Кеме Баутиндегі «Баутин» базасы «ТеңізСервис» ЖШС-інде орналасқан. Бұл кеме 150-200 адамға арналған.
Облыс әкімі аталған сапары аясында NCOC компаниясының «Қошанай» қалдықтарды өңдеу кешенінде де болды. База Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласынан 12 шақырымдық жерде орналасқан.
«Қошанай» базасы Қашаған кен орнын бұрғылау кезінде алынған бұрғылау шламы мен мұнайдан кейінгі суларды өңдеумен де айналысады. Сондай-ақ, қалдықтарды жинауға, уақытша сақтауға және жоюға арналған. Мұнда айына 9 мың тонна қалдық өңделеді. Нысанның аумағы 97 га, 10 жұмыс орны ашылған.
Аймақ басшысы аудандағы «Суло-Баутино» спорт кешенінде болды. Нысан биыл қыркүйек айында пайдалануға берілген. Орталықта фитнес залы, 200 адамға арналған бассейн бар. 10 жұмыс орны ашылған. Аумағы 750 шаршы метрді құрайтын ғимарат барлық қажетті құрылғылармен толықтырылып, жалпы құны 200 миллион теңгені құраған. Ғимарат толығымен жеке қаражатқа салынған.
Нұрлан Ноғаев жергілікті мұражайларды да аралады. Олар - Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы, этнографиялық мұражай, Тарас Шевченко мұражайы, Мұрын жырау атындағы мұражай.
- 27.10.2022
- 229