- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Қолда бар мүмкіндіктер тиімді пайдаланылсын
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев халыққа есеп беру кездесулері аясында Біржан сал және Бурабай аудандарының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесулер құрғақ есепке емес, нақты сандар және фактілер жиынтығына негізделген нәтижелі диалогқа құрылды.
– Инвестицияларды жіті қадағалап отырамыз, өйткені, ол ең алдымен жұмыс орындарын құруға және азаматтардың кірісін арттыруға ықпал етеді. Ірі кәсіпорындар мен жақсы жалақы алатын жұмыс болған кезде адамдар отбасын оңай асырайды. Биыл 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Біздің басты міндетіміз осы жұмыстарды жалғастыру, – деді Ермек Маржықпаев Біржан сал ауданында. Одан әрі:
–Елімізде 21,8 миллион тонна астық жиналды, оның 5,5 миллион тоннасы біздің Ақмола облысынатиесілі, – деген өңір басшысыауа райының қолайсыздығынан биылғы жылы Біржан сал ауданында әр гектардан 9 центнерге жуық астық жиналғанын, бұл облыстағы ең төмен көрсеткіш екенін атап өтті. Сондай-ақ, салыстырмалы түрде алсақ, Сандықтау ауданы әр гектардан 21 центнерден өнім жинаған, оның бонитет балы 50 және одан жоғары. Әрине, бұлардың жер құнарлылығы екі түрлі. Біржан сал жерінде орта есеппен бонитет көрсеткіші 30-35 баллды құраса, ал, келесі ауданда басқаша болып отыр. Сондықтан, оны көбейту үшін жерді инвестициялау қажет екенін атап өтті, Ермек Боранбайұлы.
Әкім негізінен мемлекеттік үлкен қолдаудың арқасында біз әр ауданда ет-сүт фермаларын құруға кезең-кезеңімен көшіп келе жатқанымызды да баса айтты. Биыл облыста 168 басқа арналған 1 сүт-тауар, 250 басқа арналған 3 ет фермасы құрылды, әзірге мал бордақылау алаңдары жоқ.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл облысымызға 75 миллиард теңгеден астам субсидия салынды. Оның 40 миллиардқа жуығы қайтарымсыз қаражат. Міне, бұл – нақты қолдау, өйткені, сіздердің араларыңызда бұл қаражатты алған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көп. Биыл бұрын-соңды болмағандай, форвардтық бидай сатып алуға 20 миллиард теңге бөлінді. Біржан сал ауданы Азық-түлік корпорациясына бидайды әлі қайтармаған аз ғана ауданның бірі.
Әңгіме барысында ауданда 330 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер бар екені, оның 87 мыңы өз еркімен қайтарылғаны белгілі болды. 250 мың гектар – ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жер тапшылығы, бірақ қазір бұл мәселе шешілуде. «Жерлер халық шаруашылығына жұмыс істеуі керек, әйтпесе, қайтарылуы керек», – деді облыс әкімі.
Біржан сал ауданында 21 пәтерлі бір үйдің құрылысы басталып, 15 миллион теңге бөлініп, әзірге жұмыс тоқтап тұр… Ал, бұл жерде облыс әкімі 1 шаршы метр үшін 300 мың теңгеден жоғары бағаның өте қымбат екенін атап өтті.
– Биыл Біржан сал ауданындағы жолдарды жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлінді, – деп хабарлады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков.Облыс әкімі атап өткеніндей, мұндай сома бұрындары бөлінбеген.
– 7 жобажүзеге асырылды. Андықожа батыр ауылында 10 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Степняк қаласында 100 миллион шаршы метрге жұмыс жүргізілуде.1 миллиард теңгеге ірі жобаны жүзеге асыру басталды. Ол – республикалық маңызы бар Щучинск – Степняк – Уәлиханов жолын жөндеу.Келесі жылға 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді, 2024 жылға дейін жол аяқталады, – деп еске салған облыс әкімі екі жыл бұрын ауыл тұрғындарының бұл жолдың қолға алынатынына сенбегенін айтты. Өткен жылы Макинск ауылдық округінде 150 миллион теңге қаражат игерілмеді. Сол жағдай биыл қайталанбауы керек.
Бурабай ауданында биыл әр гектардан орта есеппен 14 центнерден астық жиналды.
– Жаңашыл көзқарас, жаңа технологияны пайдалану, жерге деген оң көзқарас өз тиімділігін берді, – деген өңір басшысы тағы да Сандықтау ауданының мол астығын мысалға келтірді.
Бурабай ауданындағы кәсіпкерлік субъектілеріне сұрақтар бар. Бурабайда қазір пайдаланылмай жатқан 110 мың гектар жер бар болса, оның 22 мың гектары өткен айда өз еркімен қайтарылған. Елді мекендер маңында 60 мың гектарға жуық жайылым жер тапшы.
–Ауданда бұл жұмыс өте нашар жүргізілуде, мақтанатын ештеңе жоқ, осыны ерекше бақылауға алыңыз, – деді Ермек Маржықпаев аудан әкіміне. – 19 мың адам баспана кезегінде тұр. Спорттық дәстүрлері жақсы дамыған ауданға мәдениет сарайы аса қажет.
Аудан орталығы Щучинск қаласындағы жолдардың сапасы сын көтермейді. Рекреациялық жүктемені жеңілдету мақсатында 600 көлікке арналған тұрақ жасау жоспарланған болатын. Қыруар қаржы бөлініп жатыр.Алайда, бұл жұмыстар соңына дейін атқарылмауда. Қазіргі жол жөндеу жұмыстарының сапасы нашар. Мұз еріп, төтенше жағдай орын алса, тек республикалық жолдарда ғана азды-көпті жағдай қалыпты екенін, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ермек Маржықпаев Бурабай ауданында білім берудегі игі дәстүрлер сақталғанын, білім сапасы 67,8 пайызды құрайтынын айтты. Ол қазір білім берудің интернаттық жүйесіне көшу керектігін, шағын жиынтық мектептерді жабудан қорқудың қажеті жоқ екенін түсіндірді. Биыл ауданға балаларды ірі ауылдардағы мектептерге апару үшін 4 автобус бөлінді. Медициналық қызметкерлердің тапшылығын жою үшін ауылдарға жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге 2,5 миллион теңге бөлініп отыр.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Жоғары медицина мектебі» факультетінің ашылғанынеске салған өңір басшысы облыстыңалғашқы түлектерді асыға тосып отырғанын жеткізді.
– Щучинск қаласындағы «Мерей» жекеменшік мектебінде оқулықтар жоқ, екінші тоқсан да жүріп жатыр, бұл бірнеше жылдан бері жалғасып келеді, – деп шағымданды қала тұрғыны білім мекемесінің ата-аналарының атынан.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов жекеменшік мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мемлекеттік тапсырысқа кірмейтінін түсіндіріп, сонда да мәселені жедел шешуге уәде берді.
Одан әрі әңгіме келесі жылға арналған бизнес жобаларға ұласты. Ауданда негізінен шағын және орта бизнес саласы ғана дамып келеді. 1200 жұмыс орны ашылған.
– Инвестициялық ахуалды сақтау керек, әсіресе,ауданда логистикаға қатысты мәселелер бар. Неліктен ірі кәсіпорындар жоқ. Кәсіпкерлікті барынша қолға алып, осы тұрғыдағы барлық бастамаларды қолдау керек, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Халыққа есеп беру аясында өткен бұл кездесулер екі ауданда да өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту тұрғысында біраз жұмыстар атқарылғандығын көрсетумен қатар, әлі де болсын шешілмеген проблемалардың барын алға тартты. Осындай сындарлы тұстардан тиісті қорытынды шығарып, жалпы ахуалды жақсарту алдағы күндердің еншісіндегі жұмыс екені айқын.
- 14.11.2022
- 208