- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Болған оқиғадан сабақ алуымыз керек
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Облыс әкімі алдымен өткен аптада Аршалы ауданындағы жылу қазандығы жарылған Ж.Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. Айта кетейік, өткен аптада аудан орталығында болған оқыс оқиға кім-кімді болмасын бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Оқиға болған сәтте бастауыш сынып оқушылары сабақта болған екен. «Бақытымызға орай, балалар зардап шеккен жоқ», – деді бізбен болған сұхбатында мектеп директоры Гүлнәр Байділдина. «Мектептің 22 терезесі сынды. Біз сабақ барысында интерактивті тақтамен жұмыс істеген сәтте терезелерді пердемен жауып қоямыз. Бәлкім осының да өз септігі болды ма екен, Аллаға шүкір, балаларға зақым тиген жоқ. Оқиғадан кейін терезеде тұрған гүл құмыраларын тесіп өткен әйнек сынықтарын көргенде шүкір еттік», – деді мектеп директоры.
Аршалы кентінде аталмыш оқиға болған сәттен-ақ тұрғындардың да зәре құты қалмаған. Ауылдың барлық ересек тұрғындары дереу «бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып», жұмыла көмек көрсетті. Облыс басшылығының жедел іс-қимылының нәтижесінде бір түнде 22 терезе қалпына келтірілді. Зардап шеккен нысандарды шұғыл түрде орталық жылыту нысанына қосу туралы шешім қабылданды. Облыстың әр түкпірінен бірнеше бригада тартылып, сондай-ақ, жергілікті «Аршалы су» серіктестігінің қызметкерлері ұзындығы 400 метр жылу трассасын салды. Жалпы білім беретін мектеп дүйсенбіден бастап штаттық режимде жұмысын жалғастырды.
Облыс әкімі мектепке жылу беретін инфрақұрылымды қарап шығып, түнгі ауысымда жел өтінде бір жарым тәулікке жуық көз ілмей еңбек еткен Щучинск қаласынан келген дәнекерлеушілер бригадасына алғысын білдірді. «Болған оқиғадан үлкен сабақ алуымыз керек. Осыған байланысты барлық мектептерде тексеріс жүргізу қажет», – дей келіп, облыс әкімі облыстық білім басқармасы басшылығына нақты міндеттер жүктеп, тапсырма берді.
Айталық, қазақ тілінде білім беретін бұл мектепте 46 педагог жұмыс істейді. Екі ауысымда 384 оқушы оқиды екен.
Сапар барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа «Qostanaistroy» серіктестігі ұсынған жаңа заманауи блокты-модульді жылжымалы қазандық таныстырылды. «Біздің қазандықтарды бір тәулік ішінде Қазақстанның кез-келген жеріне ауыса алады. Мұндай қазандықтар Балқашта, Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ, өңіріміздің Атбасар, Есіл аудандарындағы орталық қазандықтарда бар. Барлық жабдықтар ыңғайлы орналасқан: бір жағында демалыс бөлмесі, екінші жағында жұмыс аймағы бар, бұл қазандықты тез бөлшектеуге және қажетті жерге жеткізуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді кәсіпорын қызметкерлері.
Бұдан кейін облыс әкімі Жібек жолы ауылындағы полиция бөлімінің тірек пунктіне барып, жалпы ауданы 2600 шаршы метрді құрайтын жаңа сауда кешенінің ғимаратында орналасқан үй-жайды қарап шықты. Жобаның жалпы құны – 360 миллион теңге. Келесі жылы тірек пункті тапсырыс беруші жеке кәсіпкер «888 JOL»-ге берілмекші. «Бұл өте жақсы әлеуметтік қолдау, мемлекет пен бизнестің өзара бірлескен тиімді іс-қимылының нәтижесі», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Ресми мәліметтер бойынша, қазір Аршалы кентінде 30 мың адам тұрады, ал, жазда барлығы 50 мың адамға дейін тұратын көрінеді. Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, соңғы уақытта ұрлық жасау фактілері жиі орын алуда…
Аталмыш ғимарат жан-жақты жарақтандырылған. Мұнда кезекші бөлім қарастырылған, полиция қызметкерлерінің штатын 12 адамға дейін кеңейту жоспарлануда. «Ауылдың кіре берісімен шыға берісінде тұрған камералар санын көбейту керек, ал ғимарат дайын болған кезде, келер жылдың бірінші жартыжылдығында біз қажетті жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етеміз. Мұндай үлкен кентте қауіпсіздік шараларын қарастырып, ештеңені қалт жіберіп алмау маңызды», – деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жібек жолы ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысының жұмыс барысымен танысты. Жобаның жалпы құны –1,7 миллиард теңге. Мердігер компания– «Достар» көпсалалы компаниясы» серіктестігі аталмыш нысанды осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бірақ, мұнда әлі де көп жұмыс бар. Облыс әкімі жеделдетуді, әрлеу жұмыстарын жауапкершілікпен жүргізуді тапсырды. «Жаңа мектеп қажет, өйткені оқушылар үш ауысымда оқиды, бірақ барлық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуі керек», – деді өңір басшысы.
Ал, Жалтыркөл ауылындағы дайын тұрған балалар ойын алаңына өңір басшысының көңілі толмады. Облыс әкімі өз сөзінде балалар ойын алаңын кең етіп жасау керектігін баса айтып, алдымен балалар көңілінен шығуды басты мақсат ету керектігін де тапсырды. Ол өз сөзінде осы жерге тағы бір қосымша ойын алаңын орнату керек екендігін де баса айтты.
«Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан зор қолдау бар. Биылғы жылы ауданға газ келді, біз бәріміз осы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», – деп түйіндеді Ермек Боранбайұлы.
Облыс әкімі Жалтыркөл ауылының негізгі орта мектебіне де барып, ұжым тіршілігімен жақынырақ танысты. Кішкентай ескі мектепте балаларға орын жетіспейтіні байқалады. «Бір кездері 86 оқушы болған, ал қазір 300-ге дейін оқушы бар. 28 педагог жұмыс істейді», – деп түсіндірді оқу орнының басшысы. «Мұндай жағдайда оқу процесін жүргізу оңай емес екендігін түсінеміз. Келесі жылы жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Алайда, білім сапасын арттыру керектігін естен шығармауымыз керек», – деді облыс әкімі.
Жалтыркөлде жаңа мектептің құрылысы қолға алынды. Аймақ басшысы нысанды аралап, мердігерлер мен ауыл басшылығына бірнеше маңызды тапсырмалар берді.
- 24.11.2022
- 255