- Блогтар
- Түймебаев Ж.Қ.
Түймебаев Ж.Қ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры
Құрметті білім алушы жастар!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі білім, ғылым мен инновацияның жетекші заманауи орталығы.
ҚазҰУ – әлемдегі 200 үздік университет қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы бірегей білім ордасы.
Университет қазіргі уақытта QS жаһандық рейтингінде 175-орынға көтеріліп, ұлттық рейтингтерде жыл сайын көш бастап келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды отандық білім беру бренді ретінде анықтайтын басты көрсеткіштердің бірі – оның түлектеріне деген сұраныстың артуы.
Еліміздің жетекші жоғары оқу орны QS агенттігінің халықаралық рейтингісінде түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көшбасшы болып табылады, 201-250 позициядағы жоғары оқу орындарының тобына кіреді. «Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-ші орында.
1934 жылы негізі қаланған білім ұясы осы уақыт аралығында мемлекеттік басқару, білім, ғылым мен мәдениеттің дамуына, заманауи бизнес пен инновациялық экономиканың қалыптасуына үлкен зияткерлік үлес қосып жүрген 145 мыңнан астам түлекті даярлап шығарды.
Қарашаңырақ түлектері Үкіметте, мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, банктерде, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттары мен кәсіпорындарда, бизнес-құрылымдарда негізгі орындарға ие. Олар – ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және т.б.
Университетте заман талабына сай сұранысқа ие мамандықтар оқытылады. Оқу орнында бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 225 білім беру бағдарламалар тобы бар.
Университет факультеттері мен кафедраларында әлемнің үздік оқытушылары мен атақты профессорлар дәріс береді. Олардың арасында нейробиолог, Шеффилд университетінің профессоры Базбек Дәулетов, АҚШ-тың Уэйн университетінің профессоры, математик Уалбай Өмірбаев және тағы басқалар бар.
Универсиет дамуының кезекті кезеңі – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялау бағдарламасын іске асыру. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да 16 факультет, 68 кафедра, 97 өндірістік филиал, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен технопарк табысты жұмыс істейді. Университет зертханалармен, заманауи техникамен және жаңа технологиялармен жабдықталған. Әлемдегі 500-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен әріптестік байланыс орнатқан. 120 қосдиплом бағдарламасы арқылы студенттер әлемнің үздік университеттерінде ҚазҰУ-мен қатар білім алып, тағылымдамадан өте алады. Оқу орнында жер шарының 50 елінен жастар білім алуда, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жазғы және қысқы мектептер өткізіледі.
Университет кампусы үлкен аумақты алып жатыр. Қалашықта 6000 орындық 15 жатақхана және Жас ғалымдар үйі бар. Бұған қоса, оқу ғимараттары мен 12 жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Барлық аудиториялар заманға сай жаңа жиһаздармен, интерактивті тақталар және мультимедиялық құрылғылармен жабдықталуда.
Универсиетте 250 студенттік, патриоттық, кәсіби және ғылыми бағыттағы клубтар жұмыс істейді.
Кампус аумағында азық-түлік дүкендері, асхана, бірнеше дәмхана, телефон шоттарын толтыру терминалдары, көшірме орталықтары бар. Жатақханалардың алды спорттық және көңіл көтеру, футбол алаңдарымен қамтылған. Білім алушыларды қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ететін оқу залдарының желісі бар Орталық Азиядағы ең үлкен Әл-Фараби кітапханасы; сапалы полиграфиялық өнімдер ұсынатын, оқу және ғылыми әдебиеттерді шығарумен айналысатын «Қазақ университеті» баспа үйі, Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, ғаламтор-кафе, жеке кинотеатр жастарға қызмет көрсетеді.«Осылайша, ҚазҰУ кампусы барлық қызметтер мен студенттердің барынша қауіпсіздігі қарастырылған «қала ішіндегі қала» болып табылады.
ҚазҰУ студент жастардың дене тәрбиесіне үлкен көңіл бөледі. Университет қазақстандық студенттік спорт бойынша көшбасшы болып келеді. Оқу орнының қабырғасынан олимпиада ойындарының көптеген чемпиондары түлеп ұшты. Олардың арасында Ермахан Ыбырайымов, Елдос Сметов, Дмитрий Баландин, Эльмира Сыздықова, Игорь Сон, Нұрислам Санаев және тағы басқалар бар.
ҚазҰУ – барлық қызметтер мен студенттердің қауіпсіздігі жан-жақты қарастырылған қала ішіндегі бірегей қалашық. Жағдаяттық басқару орталығы кампус пен жатақхана, ғимараттарға орнатылған бейнекамералар арқылы білім алушылардың қауіпсіздігі мен сабаққа қатысу барысын, үлгерімін бақылайды. Студенттер үйлерінде тұратындар электронды рұқсат карталары арқылы кіреді.
Биыл университет қалашығында Елбасы саябағы мен Ғалымдар бағы ашылып, онда жалпы саны 1000-нан астам алма, шие, өрік ағаштары, Қырым қарағайы мен Алтай шыршасы, «Сиверс» алмасының көшеті отырғызылды. ҚазҰУ жастары таудың саф таза ауасымен тыныстап, миуалы жеміс бақтарында серуендеп, ағаштардың саясында кітап оқып, әңгіме-дүкен құрып демалады.
Осылайша университет зор әлеуеті мен заманауи ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы арқасында әлемнің көптеген жетекші университеттерімен иық тіресе алады.
Білім мен ғылым әлеміне, мүмкіндіктер мекені – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіз!