- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
Агенттік 2022 жылғы 3-тоқсандағы «Тәуекел жағдайындағы өсу» есебін жариялады
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Тәуекел жағдайындағы өсу» тоқсан сайынғы есебінің (бұдан әрі – Есеп) кезекті шығарылымын жариялады. Есепте ел экономикасын дамытудың сыртқы және ішкі макроқаржылық жағдайларының жай-күйіне және олардың қысқа және орта мерзімді перспективада Қазақстан ІЖӨ-нің шартты өсімін бөлуге ықпалына сапалы баға берілген. Бағалау 2022 жылғы қазан айының соңындағы жағдай бойынша өзекті статистикалық ақпаратты пайдалана отырып, Growth at Risk[1] моделінің ықтималдылығы негізінде төрт топқа: ішкі қаржылық жағдайлар индексіне (ішкі FCI), борыш жүктемесіне, сыртқы сұраныс және сыртқы қаржылық жағдайларға (сыртқы FCI) топтастырылған 19 макроқаржылық көрсеткіш бойынша жүргізілді. Бұл индекстер әрбір сектордың жай-күйін сипаттайды және макроқаржылық жағдайлардың әр түрлі аспектілерін көрсетеді.
GaR моделі сонымен қатар белгілі бір уақыт шегінде теріс өсу ықтималдығын бағалауды қамтамасыз етеді және болашақ ІЖӨ өсімін бөлуге болжамды күйзелістердің әсерін бағалау үшін әр түрлі сценарийлерді қолдануға мүмкіндік береді.
GaR моделінің нәтижелері көрсеткендей, 2022 жылдың 3-тоқсанының соңында FCI жиынтық индексі теріс аймақтан оң аймаққа ауысты, бұл макроқаржылық жағдайдың нашарлауын көрсетеді.
FCI субиндекстері бойынша сыртқы қаржылық жағдайдың нашарлауының баяулауына байланысты ішкі FCI, борыш жүктемесінің индексі және сыртқы сұраныс индексі барынша қатаңдауды көрсетті.
2022 жылғы 3-тоқсанда жағдайлардың нашарлауы жаһандық рецессияның іске асу ықтималдығын арттырған әлемде геосаяси жағдайдың шиеленісуінің жалғасуымен, инфляцияның жеделдеуімен және монетарлық талаптардың қатаюымен байланысты болды. Осының аясында азық-түлік және энергетикалық тауарлардың әлемдік бағалары түсе бастады. Сыртқы және ішкі жағдайлардағы өзгерістер Қазақстанның экономикалық өсу серпінін тежей отырып ықпал етті. 2022 жылғы 3-тоқсанда экономиканың өсуі 2022 жылғы 2-тоқсандағы жылдық 4,2%-мен салыстырғанда жылдық 3,1%-ды құрады.
GaR моделінің бағаларына сәйкес 2022 жылғы 3-тоқсанда ішкі және сыртқы макроқаржылық жағдайлардың нашарлауы бір жылдан кейін ІЖӨ-нің шартты өсуін 0.2 пайыздық тармаққа және орта мерзімді кезеңде 1.5 пайыздық тармаққа төмендетеді. ІЖӨ-нің шартты өсуінің бір жылдан кейін нөлден төмен болу ықтималдығы 12%-ды құрайды. Орта мерзімді болашақта теріс өсім ықтималдығы 19 пайыздық тармаққа, 25%-ға елеулі түрде өсетін болады.
Сценарийлік талдау мұнай бағасының және пайыздық мөлшерлеменің жағымсыз күйзелістерінің шартты ІЖӨ-нің теріс өсу ықтималдығын арттыратынын көрсетті.
Біршама қатаң ішкі және жаһандық қаржылық жағдайлар қысқа және орта мерзімді кезеңде макроқаржылық тәуекелдердің айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде ішкі және сыртқы жағдайлардың нашарлауының елдің макроэкономикалық, әлеуметтік және қаржылық тұрақтылығына теріс әсерін ретке келтіру жөніндегі алдын алу шараларын айқындауы қажет.
Есептің толық мәтінін Агенттіктің сайтынан табуға болады: *сілтеме*.
[1] Тәуекелге ұшыраған өсу моделінің әдістемелік сипаттамасын толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/246028?lang=ru сілтемесі бойынша табуға болады
- 09.12.2022
- 246