- Блогтар
- Сатыбалды Д. А.
Сатыбалды Д. А.
Түркістан облысының әкімі
Қазақ-өзбек бизнес форумында 73 млн. АҚШ долларына келісімшарт жасалды
Өзбекстанның Ташкент қаласында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен өңіраралық қазақ-өзбек бизнес-форумы өтті. Онда 73 млн. АҚШ долларынан астам сомадағы 9 құжатқа қол қойылды. Бизнес-форум шеңберінде Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша, сүт-тауар фермасын салу, полипропилен қаптарын шығару, иірілген жіп өндірісі, алма, қара өрік және табиғи шырындарды жеткізу, ет экспорты, 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында ынтымақтастықты арттыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты кеңейту бойынша меморандум түзілді.
Түркістан бүгінде еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Біздің өңір – Орта Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Өзара ынтымақтастықтың арқасында Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың 10 айында 366 млн.АҚШ долларын құрады. Біздің өңірде өзбек капиталының қатысуымен 40-қа жуық компания жұмыс істейді.
Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және түрлі салықтық жеңілдіктер беретін «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы. Сонымен қатар түркі тілдес мемлекеттер ұйымының қараша айындағы саммитінде Мемлекет басшыларының қатысуымен Түркістан қаласында «TURAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданды. Арнайы экономикалық аймақтың бірегейлігі кәсіпорындардың қызмет түрлеріне шектеулердің болмауы екенін атап өткім келеді. Туризмді дамыту өңір экономикасының басым бағыты. Соңғы 3 жылда облыс туризміне салынған инвестиция көлемі шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрады және жыл сайын шет елдерден туристер ағыны байқалады. Осыған байланысты, Түркістан, Самарқанд және Ферғана қалалары арасында әуе қатынасын іске қосу ұсынылады. Ал, облыс арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ.
Бұл ретте Мемлекет басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары және барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар – екі елдің берік достығы мен бауырластық қатынастарының жарқын үлгісі.
- 27.12.2022
- 182