- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дүйсенова халықты әлеуметтік қолдау шараларының алдағы уақытта күшейтілетіні туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылы атқарылған жұмыс нәтижесі мен 2023 жылға арналған міндеттер бойынша Еңбекминінің кеңейтілген алқа отырысында Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік қолдаудың қалай күшейтілетінін айтты.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар және ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Тамара Дүйсенова Министрліктің әлеуметтік-еңбек саласындағы қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының 5 стратегиялық бағыты туралы баяндады.
«Екінші стратегиялық бағыт – атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту. Ол алдын алу сипатындағы атаулы шараларды және туындаған әлеуметтік тәуекелдердің салдарын жою үшін атаулы көмекті қамтитын болады. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың нысаналы контингенті Отбасының цифрлық картасы негізінде айқындалады», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылатынына тоқталып өтті. Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұлғайтылды, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін саралау жоспарлануда.
Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейлік шегі медианалық табысқа сүйене отырып айқындалатын болады.
Құрамында мүгедектігі бар адамдар бар отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің (бұдан әрі – АӘҚ) қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады. Осы мақсатта келесідей қадамдарды көздейтін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау жоспарлануда.
Біріншісі – барлық 116 медициналық-әлеуметтік мекемеге арнайы қызмет көрсету стандарттарының сақталуына тексеріс жүргізілетін болады. Олардың қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдерімен бірлесіп функционалдық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар қабылданады.
Екінші қадам – сыйымдылығы төмен үйлерді, әсіресе ауылдағы үйлерді қолдау және дамыту. Бүгінгі таңда осындай 20 үй жұмыс істейді, олардың базасында АӘҚ көрсетудің жан басына шаққандағы нормативтері сынақтан өткізілетін болады. Пилоттың қорытындысы бойынша жаңа тарифтеу жүйесі дайындалады.
Үшіншісі – құралдар немесе тауарлардың жекелеген түрлерін кезең-кезеңімен монетизациялау басталады. Облыс орталықтары деңгейінде қымбат және заманауи техникалық компенсаторлық құралдарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін техникалық құралдар парктері құрылады. Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен іске асырылады.
Төртінші қадам – мүгедектігі бар адамдарды қоғамға жедел интеграциялау үшін 12 оңалту орталығын салу. Биыл Семей және Кентау қалаларында оңалту орталықтары пайдалануға беріледі, олар 1 шілдеден бастап алғашқы қызмет алушыларды қабылдайды.
Бесінші қадам – осы жылдың 1 ақпанынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталының жаңа форматы іске асырылады. Порталда тауарлар мен қызметтердің параметрлері туралы толық ақпарат ұсынылады, жеткізушілерге және олардың тауарларының сапасына жаңа және қатаң талаптар қойылады. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы өнім берушілердің іс-әрекеттеріне шағымдарды жіберу мүмкіндігі беріледі.
«Сондай-ақ нормативтік құқықтық базаны өзектендіру бойынша шаралар қабылдануда. Өткен жылдың қараша айында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың ұлттық жоспарына өзгерістер енгізілді, ал заңнамалық бекітуді талап ететін өзгерістердің бір бөлігі Әлеуметтік кодекс жобасына енгізілді. ҚР Парламенті Мәжілісінде Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау бойынша жұмыс басталды», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
- 12.01.2023
- 229