- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдығы ынтымақтастықтың қарқынын және ауқымды күн тәртібін айқындайды
Брюссель, 2023 жылғы 23 қаңтар – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде Еуропалық одақтың негізгі институттарының жоғары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдық мерейтойы (2 ақпан) қарсаңында кездесулердің негізгі мақсаты құбылмалы халықаралық жағдайда Қазақстан мен ЕО байланыстарының бүкіл спектріне шолу жасап, Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің 2022 жылғы қазандағы Астанаға сапарының қорытындылары бойынша уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылау болды. Осы сапар және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен былтыр өткізген кездесулері Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың күн тәртібін өзектендіруге және әріптестіктің нақты басым салаларын, атап айтқанда экономика, сауда, көлік, энергетика, «жасыл экономикаға көшу» және цифрландыру салаларын айқындауға мүмкіндік берді.
Кездесулерде әріптестіктің 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) тиімді және толық жүзеге асыру мақсатында болашақ қадамдарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, шикізат, аккумуляторлық батареялар мен “жасыл” сутектің құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы жақында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі “жол картасын” әзірлеу мәселесі де тараптардың ерекше назарында болды.
Р. Василенко Еуоодақтың жоғары лауазымды өкілдерімен, оның ішінде Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньмен және ЕО-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмормен кездесулер өткізді. Бұған қоса, Еуропалық парламенттің депутаты, Адам құқықтары жөніндегі кіші комитеттің мүшесі Начо Санчес-Амормен және Еуропалық парламенттің депутаты, Қазақстан бойынша тең-баяндамашы Андриус Кубилиуспен мазмұнды жүздесулер өтті. Келіссөздер барысында Р. Василенко болашақтағы әріптестіктің қарқынды сипатын белгілейтін факторлар ретінде саяси диалогтың жоғары қарқынын, экономикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың белсенді дамуын, сондай-ақ адам құқықтары мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимылды атап өтті.
Отандық дипломат сұхбаттасушыларын Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Ағымдағы жылдың 19 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс парламенттік сайлауы өткізілетіні және 10 халықаралық ұйымға, оның ішінде ЕҚЫҰ-ға байқауға шақырулар жіберілгені туралы хабарлады.
Украинадағы және оның айналасындағы ахуалды және оның Қазақстан экономикасы үшін ықтимал теріс салдарын барынша азайту қажеттігін қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасылды.
Еуропалық тарап мазмұнды екіжақты және көпжақты күн тәртібін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және КӘЫК ережелерін іске асыруға мүдделіліктерін білдірді.
Тараптар жаһандық тұрақсыздық жағдайында ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін саяси диалог қарқынын сақтаудың маңыздылығымен келісті.
Анықтама: Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Еуроодақ үлесіне Қазақстанның сыртқы саудасының және шетелдік инвестицияларының жартысына жуығы тиесілі. 2022 ж. қаңтар-қараша кезеңіндегі тауар айналымы 36,4 млрд. АҚШ долларын құрады, 2021 ж. сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,8 %-ке өсті (экспорт 29,9 млрд. АҚШ доллары, импорт – 6,5 млрд. АҚШ доллары).
2022 ж. 9 айында Еуроодпш елдерінен тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен (7,7 млрд. АҚШ доллары) салыстырғанда 10 %-ға өсті және 8,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
Жалпы, Қазақстанда 6 000-ға жуық Еуроодақ елдерінің компаниялары жұмыс істеуде.
- 25.01.2023
- 212