- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
Сақтандыру секторының 2023 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі басымдықтары
Қаржы реттеушісінің нарықпен тұрақты кездесулері шеңберінде 2023 жылғы 21 ақпанда сақтандыру нарығына қатысушылармен кездесу өткізілді. Кездесуде сақтандыру секторындағы 2023 жылға арналған қадағалау саясатының басымдықтары, сондай-ақ сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамытудың және сақтандыру омбудсманы қызметінің стратегиялық бағыттары талқыланды.
Кездесуге Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері, сақтандыру ұйымдарының, «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың басшылары, сондай-ақ сақтандыру омбудсманы қатысты.
2022 жылды қорытындылай келе, өткен жылы орын алған елеулі сын-қатерлер мен сыртқы жағымсыз факторларға қарамастан, сақтандыру секторы орнықтылығын сақтап, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім көрсеткенін атап өткен жөн.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандыру ұйымдарының активтері бір жылда 13,01%-ға ұлғайып, 2,07 трлн теңгені құрады. Активтердің ІЖӨ-ге үлесі 2,04% деңгейінде қалып отыр. Міндеттемелер жыл басынан бері 18,76%-ға ұлғайып, 1,29 трлн теңгені құрады.
Тәуекелдерді сапалық және сандық бағалауды қамтитын SRES жүйесі бойынша жүргізілген бағалау нәтижесінде 27 сақтандыру ұйымына қатысты 2022 жылға арналған қадағалап ден қою деңгейі белгіленді, оған байланысты қадағалаудың түрі мен қарқындылығы айқындалды. Атап айтқанда, 4 сақтандыру ұйымы бойынша экстремалды қадағалау, 7 бойынша – қарқынды қадағалау, 3 бойынша – жан-жақты қадағалау, 3 бойынша – қадағалау және 10 бойынша – стандартты қадағалау белгіленді.
2022 жылы еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру ұйымдары қалыптастырған міндеттемелердің барабарлығына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 2023 жылдың басына дейін 13 сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша жалпы сомасы 8,7 млрд теңгеге қосымша сақтандыру резервтерін қалыптастырды.
2022 жылғы қыркүйекте сақтандыру секторындағы реттеушілік саясатқа белгілі бір түзетулер енгізген заңнамалық түзетулер күшіне енді, оның ішінде өзгерістер Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының және сақтандыру омбудсманының қызметіне қатысты болды.
Қор қаржы ұйымы мәртебесіне ие болды, оның қызметі неғұрлым ашық бола түсті, тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптар күшейтілді. Қордың кепілдігі барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сақтандыру сыныптарын қоса алғанда, сақтандырудың 10 сыныбына дейін кеңейтілді. 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қор International Forum of Insurance Guarantee Schemes (IFIGS) мүшесі болып табылатыны атап өтілді, ол Қорға өзінің бизнес-процестеріне үздік халықаралық практикаларды енгізуге мүмкіндік береді.
2021 жылдан бастап заңнамада дауларды міндетті сотқа дейін реттеудің енгізілуі көзделген. Омбудсманға жүгіну сақтандыру ұйымының іс-әрекетіне сотқа шағым берер алдында қажетті қадам болады. Сақтандыру омбудсманы Игорь Яковенко 2022 жылғы қызметтің қорытындылары және дауларды реттеудің жаңа тетігін енгізу қарсаңындағы негізгі сын-қатерлер туралы айтып берді. Сонымен қатар, шешімдер қабылдау тетігін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар туралы айтылды.
2023 жылы Агенттік тәуекелге бағдарланған қадағалаудың маңызды құрамдас бөліктері ретіндегі сақтандыру ұйымдарын қадағалап стресс-тестілеуді жетілдіруді, Solvency II элементтерін одан әрі енгізуді, іс-қимыл тәуекел-бейінінің элементтерін дамытуды жалғастырады. Іс-қимыл қадағалауы барынша проблемалық мәселелерді анықтау және олардың негізінде ескерту индикаторларын әзірлеу мақсатында сақтандыру өнімдерін талдау арқылы жүзеге асырылады.
2023 жылы сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша сақтандыру оқиғасын онлайн реттеуді және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру оқиғаларын жеңілдетілген реттеуді (Еурохаттама) енгізуге дайындық жүзеге асырылады.
- 09.03.2023
- 177