- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру туралы хабардар етті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Өз сөзінің басында Тамара Дүйсенова биылғы жылы 2 млн-нан астам отбасы әлеуметтік төлем алатынын және оған 1,2 трлн теңге жұмсалатынын айтты. Ол осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайғанын еске салды.
«Осы жылдың І-тоқсанында алушылардың жалпы саны 435 мың адамды құрады, оның ішінде 93 мыңға жуық жұмыс өтілі бар аналар республикалық бюджеттен жәрдемақы және 343 мыңнан астам жұмыс істеген аналар – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады. Жыл соңына дейін бала күтімі бойынша төлемдерді 760 мың ана алады деп жоспарлануда. Бұл мақсаттарға 334,5 млрд теңге қарастырылған», – деді Тамара Дүйсенова.
Министрдің м.а. биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың (бұдан әрі – АӘК) өтініштерін ескере отырып, табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына берілетін заттай топтама ақшалай форматқа ауыстырылғанын айтты. Осы төлемдермен 2023 жылдың І-тоқсанының қорытындысы бойынша 1,4 млрд теңге сомасында 114 мыңнан астам мектеп жасына дейінгі балалар қамтамасыз етілді.
2023 жылы АӘК төлеуге 74 млрд теңге қарастырылған.
«Өздеріңіз білетіндей, жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлері 8,5% - ға көтерілді. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және асыраушысынан айырылғандарға күтім жасауды жүзеге асыратын тұлғаларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағы 14,5%-ға арттыру бойынша есептеулер пысықталуда. Қосымша қажеттілік 43 млрд теңгеден асады», – деді Тамара Дүйсенова.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдардың ұсыныстарын ескере отырып, осы жылғы 1 шілдеден бастап мынадай жобаларды іске асыру жоспарлануда:
- жоғары сапалы катетермен қамтамасыз ету. Осы мақсаттар үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде 328 млн теңге қарастырылған;
- жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын гигиеналық құралдардың (жөргектердің) нормативін 2 есе ұлғайту;
- Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ақыл-ойы бұзылған балаларды санаторий-курорттық емдеуге жіберу критерийлері айқындалды. Осы жылы пилоттық режимде ел бойынша 1000 бала жіберілетін болады;
- пилоттық режимде жан басына шаққандағы норматив енгізу және жеке секторды арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге тарту қарастырылады. Пилот 7 өңірде іске асырылатын болады.
Министрдің м.а. сондай-ақ зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Осы санаттағы қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру үшін 2005 жылдан бастап жазатайым оқиғалардан әлеуметтік сақтандыру жүйесі және 2015 жылдан бастап 50 жасында ерте зейнетке шығуды көздейтін зейнетақымен қамсыздандырудың кәсіби схемасы енгізілді. Бірақ бұл екі жүйе де аннуитетке негізделген. Егер олардың біріншісінде төлемдер зейнеткерлік жасқа дейін жүргізілсе, онда жинақтардың аздығына байланысты екінші аннуитеттерде барлығына бірдей қол жетімді бола бермейді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы арнайы төлемдерді енгізу арқылы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін отандық және әлемдік тәжірибені ескере отырып, Министрлік бірқатар тәсілдерді қарастырып, моновариантты есептеулер жүргізді. Бүгінгі таңда ұсынылған тәсілдер әзірленді және ҚНРДА және сақтандыру нарығының қарауында. Олар жұмысты аяқтағаннан кейін келісілген шешімдер Үкіметтің қарауына жіберіледі», – деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, министрдің м.а. әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды тереңдету бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті. Оның басты міндеті – әлеуметтік тәуекелдердің басталуын болдырмау және проактивті қызметтер көрсету.
«Осы мақсатта осы жылдың басынан бастап Отбасының цифрлық картасы енгізілді. I-тоқсанда азаматтарға әлеуметтік төлемдердің қандай да бір түрін алу құқығы туралы 59 мыңнан астам SMS-хабарлама жіберілді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар картаның деректерін өзектендіру, отбасылардың мәртебесін нақтылау және мұқтаж отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жедел шаралар қабылдау бойынша жұмысты бастады», – деді ЕХӘҚМ басшысының м.а.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін: ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру бөлігінде Әлеуметтік қызметтер порталын; онлайн еңбек шарттарын жасасу бөлігінде Электрондық еңбек биржасын; елге келетін азаматтардың барлық санаттарын есепке алуды және мониторингтеуді көздейтін көші-қон ағындарын есепке алу жүйесін; мүгедектікті проактивті белгілеу үшін «бірыңғай терезені» дамыту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Тамара Дүйсенова Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеуді аяқтап жатқанын хабарлады. Оның басты бағдары тұрақты жұмыспен қамтылуымен, өңірдегі медиандық жалақыдан кем емес мөлшерде еңбекақы төлеу деңгейімен, әлеуметтік кепілдіктердің болуымен және жұмыс орнының қауіпсіздігімен сипатталатын сапалы жұмыс орындарын құру болады. Осы мақсатта жұмыспен қамту саласының заңнамалық негізін дамыту жөніндегі шаралар, халықты жұмыспен қамтуға байланысты салалық кедергілер мен өңірлік диспропорцияларды шешу жөніндегі шаралар ұсынылатын болады.
«Сондай-ақ, Министрлік Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасын дайындады. ЕТЖ мөлшері медиандық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. Бұл тәсіл жұмысшылардың кірістері мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні әдістеме жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен келісу рәсімінен өтуде.
Осы жылдың 1 шілдесіне дейін Еңбек кодексіне әдістемені заңнамалық бекіту бойынша тиісті түзетулер дайындалады», – деп толықтырды министрдің міндетін атқарушы.
Өз сөзінің соңында Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмаларын Министрлік уақтылы және сапалы орындайтынын атап өтті.
- 04.04.2023
- 155