- Блогтар
- Саясат Нұрбек
Саясат Нұрбек
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі
ҚАЗҰУ ҚАЛАШЫҒЫ ҚҰРЫЛЫСЫ ІІ КЕЗЕҢІНІҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясында «Ғылым және бизнес: Қазақстанның инновациялық даму жолдары» атты ғылыми-инновациялық көрме өтті. Онда қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары әзірлеген коммерцияландыруға дайын жобалар ірі компания басшылары мен бизнес өкілдеріне таныстырылды.
Көрменің басты мақсаты – ғылым-білім-өндіріс арасында байланыс арттыру, ғылымды бизнес арқылы дамыту.
Ауқымды шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов және өзге де белгілі тұлғалар қатысты.
Көрмеден соң ғылым мен бизнестің табысты әріптестігі мәселелеріне арналған пленарлық отырыс өтті. Сонымен қатар жиын аясында «Қазіргі жағдайдағы ғылым мен бизнес интеграциясы» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Сондай-ақ министр ҚазҰУ қалашығы құрылысы ІІ кезеңінің басталуына арналған естелік капсуланы салу рәсіміне қатысты.
«ҚазҰУ-дың тарихы тереңде. Оқу ордасы алғаш академиялық қалашық моделімен салынған болатын. 1974-75 жылдардан кейін университетке кең көлемде инвестиция құйылмаған. Сондықтан бүгінгі шараның маңыздылығы өте жоғары. Жоспарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап отыр. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың екінші тынысы ашылды деуге болады», – деді Саясат Нұрбек.
Жоспар бойынша қалашықта 14 700 орындық оқу ғимараттары, 12 мың шаршы метр әкімшілік корпустар, 35 000 шаршы метр емхана, 3 000 шаршы метр спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк және студенттер мен магистрларға, доктаранттарға 3 гектар жерге 12 мың төсек-орынға арналған жатақханалар бой көтереді.
- 14.04.2023
- 210