- Блогтар
- Саясат Нұрбек
Саясат Нұрбек
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі
ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ МЕН ГФР ФЕДЕРАЛДЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР МИНИСТРЛІГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде ГФР Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің делегациясымен, сондай-ақ неміс жоғары оқу орындарының, ғылыми қорлар мен ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуде вице-министр Қуаныш Ерғалиев көптеген жылдар бойы жоғары білім және ғылым саласында екіжақты өзара ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылып келе жатқанын, академиялық ұтқырлық және Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде студенттер мен ПОҚ тұрақты негізде алмасып отыратынын, сондай-ақ «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы шеңберінде ынтымақтастық іске асырылып жатқанын атап өтті.
«Биыл Ақтаудағы Есенов университетінің базасында Қазақстан-Неміс инжиниринг институты ашылады, бұл екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін береді және университет ғылымының дамуына, өңір үшін қажетті кадрларды даярлауға өз септігін тигізеді. Сонымен қатар бірлескен ғылыми жобалар мен ғылыми-зерттеу қызметі бойынша екіжақты әріптестікті күшейту қажет», - деп атап өтті вице-министр.
Кездесу аясында тараптар ГФР Федералдық білім және зерттеулер министрлігі тарапынан ғылыми жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін, неміс ғылыми ұйымдары мен олардың қазақстандық әріптестері арасындағы қаржыландыруды, ынтымақтастықтың басым бағыттарын, жобаларды бірлесіп қаржыландыруды және т. б. мәселелерді талқылады.
Ғылыми зерттеулер саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттары энергетика, климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау, цифрландыру, машина жасау салалары және болашақ жаһандық сын-қатерлер бойынша айқындалды.
Сондай-ақ, неміс тарапы 2023 жылдың қазан айында Алматы қаласында қазақстандық және неміс ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының қатысуымен «Германияның Орталық Азиядағы ғылым күнін» өткізуді ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ГФР Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігі арасында ғылым, зерттеулер және инновациялар саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
- 15.06.2023
- 150