- Блогтар
- Жазықбай Д.М.
Жазықбай Д.М.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы
Мемлекеттік қызметтегі мінсіз бедел қағидаттарын нығайту мәселелері талқыланды
15-16 маусымда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Ақмола облысында мемлекеттік қызметтегі мінсіз бедел қағидаттарын нығайту мәселелерін талқылау бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, іс-шараның күн тәртібінде мемлекеттік лауазымдарға орналасу кезінде азаматтардың беделіне қойылатын талаптарды жетілдіру және әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі мен рөлін арттыру мәселелері қаралды.
Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік Басқару Бөлімінің Меңгерушісі Альтаир Ахметов, БҰҰ Даму бағдарламасы Стамбул өңірлік орталығы Саясат және бағдарламаларды қолдау жөніндегі бюросының Сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік басқару саласы жөніндегі маманы Ираклий Котетешвили, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы басшысының орынбасары Элгуджа Макалатия, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру, өзара қарым-қатынас мәдениетін дамыту мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
«Біз мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін құру кезеңіне өттік. Парадигма өзгеруде. Президент айтқандай, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін».
Мемлекеттік қызметтің сервистілігін арттыру және мемлекеттік қызметтегі мінсіз бедел қағидаттарын нығайту мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыруға, оған қоғамның сенімін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға назар аудару қажет. Қызметтік әдеп нормаларының бұзылмауын қадағалап, мінсіз бедел қағидаттарын бұдан әрі мемлекеттік қызметке тән тұрақты ұстаным ретінде орнықтыруда Әдеп өкілдерінің жұмысын жетілдіру қашанда маңызды», – деді МҚІА басшысы.
Бүгінгі күні Агенттік тарапынан Әдеп жөніндегі уәкіл институтын жетілдіру, олардың мәртебесін арттыру мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережені қайта қарау туралы ұсыныс беріліп, 2023 жылғы 5 маусымда Президент Жарлығымен тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Өзгерістерге сәйкес Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілердің өтініштерін өз бетінше қарау және әдепке байланысты тәртіптік теріс қылықтарды қарау кезінде қорытынды шығару функцияларын беруді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұған қоса, енді Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымын атқаратын адамдар мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынатын болады.
Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі іс-шараның нәтижелері бойынша Мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға бағытталған қағидаттар енгізілетініне үміт білдірді.
«Жыл сайынғы осындай іс-шаралардың Ақмола алаңынан басталғаны қуантады. Бүгінгі шараны Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында өткізу оған ерекше мән береді.
Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттің күші – оның қызметшілерінде, олардың елді нығайтуға, оны заманауи, табысты және қауіпсіз етемін деген қабілеті мен ниетінде», – деді Ермек Маржықпаев.
Шара спикерлері қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайту мәселесіне қатысты көзқарастарымен бөлісті.
Семинар-кеңесте қатысушылар Әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі мен мәртебесін одан әрі дамыту, мемлекеттік лауазымдарға орналасу кезінде азаматтардың мінсіз беделіне байланысты талаптарды жетілдіру, мемлекеттік қызметте ұйымдастырушылық мәдениетті жаңғырту мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдарда және облыс әкімдерінің аппараттарында 765, оның ішінде 34 дербес Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.
Өткен жылдың өзінде еліміз бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдер 20 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмек көрсетті, атап айтқанда 167 өтініш берушінің құқығы қалпына келтірілді, 25 мыңға жуық түсіндіру-профилактикалық іс-шаралар іске асырылды, оның ішінде өңірлерге шығу арқылы 4,5 мың шара.
Қабылданған шаралар нәтижесінде қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері азайып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны өткен кезеңмен салыстырғанда 21%-ға қысқарды (2021 жылғы 412-ден 2022 жылы 325-ке дейін).
- 16.06.2023
- 197