- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дүйсенова өңірлік жұмыспен қамту карталарын жүзеге асыру туралы хабардар етті
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында өңірлік жұмыспен қамту карталарын жүзеге асыру туралы баяндады.
Сөз басында Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының 7 жыл ішінде жұмысқа орналастыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 3,3 млн қазақстандық, оның ішінде кемінде 2,3 млн жастар бірінші кезекте Отбасының цифрлық картасының көмегімен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылуы тиіс нысаналы топ ретінде анықталғанын хабарлады. Осы мақсатта жыл басынан бері облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері 20 өңірлік жұмыспен қамту картасын бекітті, оның шеңберінде 947 мың азаматты жұмысқа тарту көзделген.
«Есептік кезеңде 441 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық көрсеткіштің 47%-ын құрайды. Оның ішінде жастардың үлесі шамамен 50%.
Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 79%-ы қазіргі таңда 10 пайыздық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып, өздерінің тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растап отыр», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Тамара Дүйсенова азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
Мәселен, 11 ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ең көп жұмыс орындары «Кәсіпкерлікті дамыту» (7841), «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» (6294), «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» (3373), «Жасыл Қазақстан» (2512) жобалары аясында ашылуда. Бүгінгі таңда бұл жұмыс орындарына 19 747 азамат жұмысқа орналастырылды. Оның 44%-ы жастар, ал 38%-ы әйелдер.
«Сондай-ақ, азаматтарды жұмыспен қамту Электрондық еңбек биржасында орналастырылған бос жұмыс орындарына жіберу арқылы қамтамасыз етілуде. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 124,5 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс, өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 62%-ы аталған салаларға тиесілі», – деді Тамара Дүйсенова.
Премьер-Министрдің орынбасары Мемлекет басшысының өңірлерде тұратын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 123,7 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін, онда 151 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылғанын атап өтті.
Бұдан басқа, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу белсенді жүргізілуде. Биылғы жылдың 1 шілдесінде халықтың осал топтарына жататын 26 мың азамат өздерінің алғашқы жұмыс орындарын тапты. Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған азаматтардың 59%-ын әйелдер, 36%-ын жастар құрап отыр.
«Биылғы жұмыспен қамту үрдісінің мониторингі зейнетақы жарналарының, электрондық еңбек кітапшаларының бар-жоғын тексеру және Отбасының цифрлық картасы бойынша нысаналы топты айқындау жолымен жүргізіледі.
Жұмыспен қамтудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес жасалып жатқан шаралар нәтижесінде 297,7 мың отбасының құрамындағы азаматтар жұмыспен қамтылу арқылы отбасының еңбек табысы қалыптасты, сондай-ақ 137,9 мың отбасының құрамында жұмыс істейтін азаматтар санының артуына орай отбасының табысы артты. Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 52%-ы ауыл тұрғындары» – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
ЕХӘҚМ басшысы сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі ретінде Отбасының цифрлық картасының мүмкіндігін пайдалана отырып қол жеткізілген нәтижелер туралы айтып берді.
«Жұмыссыз жастардың мүмкіндіктерін талдай отырып, біз 36 мыңнан астам жасқа жұмыс іздеудің қосымша мүмкіндігін пайдалану ұсынысымен SMS-хабарлама жолдадық. Арнайы сілтемеге өту арқылы азаматтар қалай өздігінен жұмыс іздеу және қандай жұмыспен қамту шаралары бар екендігі туралы толық ақпаратты алды. Нәтижесінде 3,8 мыңнан астам жұмыссыз жастар қосымша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды», – деді Тамара Дүйсенова.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының келесі бағыты – мемлекеттік гранттар беру. Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарынан 5 316 азаматқа мемлекеттік грант берілді, оның 40%-ы жастар.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек министрлігі тағы бір жобаны іске асыруда – бұл кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін жастарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен шағын несие беру. Биыл 5796 жас кәсіпкерді қолдауға республикалық бюджетте 29 млрд теңге қарастырылған.
Аграрлық несие корпорациясының аумақтық филиалдарымен 19,6 млрд теңгеге 4 244 өтінім қабылданды, оның ішінде 5,4 млрд теңгеге 1 228 адам жеңілдетілген несие алды», – деді Тамара Дүйсенова.
Сөз соңында ЕХӘҚМ басшысы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын трансформациялау шеңберінде құрылған өңірлік Еңбек мобильділігі орталықтары өз жұмысын бастағанын хабарлады.
Еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі міндеті жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып және ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен байланыстыра отырып, өңірлік жұмыспен қамту саясатын қалыптастыру және іске асыру. Еңбек мобильділігі орталықтарының жұмысы облыстар ішіндегі еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға, азаматтардың жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге өз еркімен қоныс аударуын ынталандыруға және қажет болған жағдайда сыртқы көші-қон процестерін реттеуге бағытталатын болады.
- 12.07.2023
- 124