- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Қазақстанда білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі өтті
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті.
Биыл республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта жүргізілді. 20 аймақтың барлығы тақырыптық бағыттарға бөлінді. Бірінші күні 12 мыңнан астам педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім беру және психология саласындағы мамандар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің, балалардың құқықтарын қорғаудың және білім беру сапасын қамтамасыз етудің ең өзекті мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.
«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл - еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», - деді Мемлекет басшысы құттықтауында.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі.
Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі.
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың Жол карталарын жасақтады. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыттары, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарлануда.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді және дабыл түймелерімен жабдықталды. Сондай-ақ, тағы бір маңызды шаралардың бірі - жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қолға алынды.
Колледждерге шефтік қамқорлықты жүзеге асыру туралы 500 кәсіпорынмен келісімдер жасалды. Сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысы 1 қыркүйектен бастап 50%-ға, келесі жылы 100%-ға өседі.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер Тамара Дүйсенова тапсырма берді:
• Облыс әкімдеріне Инфрақұрылымды дамытудың жол картасын әзірлеу. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауға алу.
• Оқу-ағарту министрлігіне кадр тапшылығын төмендету бойынша жұмыстар жүргізу.
• Облыс әкімдеріне мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қаражат бөлу, мектептердің материалдық-техникалық базасы бойынша мәселені шешу, ұйым басшысы етіп тиісті біліктілігі, дағдысы бар, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын, даярланған мамандарды тағайындау.
• Министрлiкке тиiстi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, жүйені дайындау, аймақтарда тартылған сарапшыларды оқытып, аймақтарға бағалауды жүргізу кестесiн ұсыну.
• Әкімдер мен облыстық білім басқармаларына – мектептерді дайындау, Ұлттық үйлестірушімен келісім жасап, бағалаудың жүргізілуін ұйымдастыру.
Оқу жылының ұзақтығына қатысты вице-премьер 36 апталық оқуға көшуге жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуді, ал жаңа 2023-2024 оқу жылын 25 мамырда аяқтауды тапсырды.
- 25.08.2023
- 182