- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 4 қыркүйек
Мазмұны:
- Италия Республикасының Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің ресми сапары туралы;
- Еурокомиссияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоратының жоғары лауазымды кеңесшісінің сапары туралы;
- Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі БҰҰ қарары туралы;
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Кеңесінің 40-шы отырысын өткізу туралы;
- «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған халықаралық конференция туралы;
- Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастығын жандандыру туралы.
- Италия Республикасының Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің ресми сапары туралы
2023 жылғы 5 қыркүйекте Италия Республикасының Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянидің Астанаға ресми сапары өтеді.
Сапар аясында оның Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездесуі және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздері жоспарланған.
Түрлі салалардағы екіжақты Қазақстан-Италия ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқылануы жоспарлануда.
- Еурокомиссияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоратының жоғары лауазымды кеңесшісінің Қазақстанға сапары туралы
2023 жылғы 6-12 қыркүйекте Еурокомиссияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоратының жоғары лауазымды кеңесшісі Хенрик Хололей Қазақстанға сапармен келеді.
Сапар барысында ЕО өкілі Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Малик Олжабековпен, сондай-ақ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры және «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасымен кездесулер өткізеді.
Сонымен қатар Еурокомиссия өкілі Ақтау және Алматы қалаларына барып, жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен кездеседі және Ақтау және Құрық порттарымен танысады.
Сапардың мақсаты – Қазақстанның көлік-логистикалық секторының дамуымен танысу, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстары бойынша Еуропа қайта құру және даму банкінің зерттеуін, сондай-ақ осы ұсынымдардың іске асырылу барысын талқылау.
Сапар 2024 жылдың қаңтарында Брюссельде өтетін инвесторлар форумына дайындық кезеңі ретінде өтеді.
- «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастық» жөніндегі БҰҰ қарары туралы
2023 жылғы 1 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастық» атты кезекті қарар қабылдады.
Осы қарар 2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы шеңберінде әзірленіп, қарауға енгізілді.
Құжатта ШЫҰ-ның бейбітшілік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу және тату көршілік қатынастар мен өзара сенімді нығайту ісіндегі сындарлы рөлі аталып өтті. Сондай-ақ мүше мемлекеттердің БҰҰ жүйесі мен ШЫҰ арасындағы әртүрлі салалардағы диалогты, ынтымақтастықты және үйлестіруді нығайтудың маңыздылығы аталып өтті.
Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде қарарды 2024 жылы жарияланған экология жылы аясында іске асыруға ниетті. ШЫҰ мен БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) арасындағы бірлескен экологиялық бағдарламалар мен жобаларды ұйымдастыру арқылы өзара іс-қимылға басты назар аударылатын болады.
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Кеңесінің 40-шы отырысын өткізу туралы
2023 жылғы 8 қыркүйекте Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылым кеңесінің 40-шы отырысы өтеді.
Отырыс барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін террористік, сепаратистік және экстремистік ұйымдар мен топтардың заңсыз әрекетіне бірлескен іс-қимылды үйлестіруге қатысты бірқатар мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері, ШЫҰ-ның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының қызметі шеңберіндегі алдағы іс-шараларға дайындық барысы қаралатын болады.
- «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған халықаралық конференция туралы
2023 жылғы 7 қыркүйекте Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде жоғары лауазымды тұлғалардың, ақпараттық агенттіктердің және Орталық Азия мен Қытай елдерінің беделді ғылыми-зерттеу құрылымдарының қатысуымен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді.
Өздеріңіз білетіндей, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алғаш рет Астанада 2013 жылғы 7 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары барысында айтқан болатын.
Конференция Қытай мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының елдері арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, экономика, сауда, инвестициялар және мәдени алмасу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған.
- Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастығын жандандыру туралы
2023 жылғы 2-4 қыркүйекте Алматы және Астана қалаларына Қытайдың Шаньдун провинциясы парткомының хатшысы Линь У сапармен келді. Хатшы Шаньдун провинциясымен ынтымақтастық жөніндегі форумның жұмысына және Қазақстаннан Қытайға 1300 тонна көлемінде қазақстандық арпаны жеткізетін алғашқы пойызды («Қытай-Еуропа» бағыты бойынша) іске қосу іс-шарасына қатысты.
Сонымен қатар, өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында 2023 жылғы 4-6 қыркүйекте Шэньси провинциясы парткомының хатшысы Чжао Идэ Қазақстанға сапармен келеді. Ол Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына барып, онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыру және Шэньси провинциясына және жалпы Қытайға қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді.
Жоғарыда аталған сапарлар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан мен Қытай өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және транзит-көліктік ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға және тереңдетуге бағытталған.
- 04.09.2023
- 123