- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 25 қыркүйек
Мазмұны:
- Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Нью-Йоркке сапарының қорытындылары туралы;
- Вьетнам парламенттік делегациясының Қазақстанға сапары туралы;
- ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы делегациясының Қазақстанға сапары туралы;
- Қазақстан делегациясының МАГАТЭ Бас конференциясының 67-ші сессиясына қатысуы туралы;
- Ауғанстан бойынша Мәскеу форматындағы алдағы отырыс туралы.
- Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Нью-Йоркке сапарының қорытындылары туралы
2023 жылғы 17-22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласында өткен 78-ші сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысты.
БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Қазақстан СІМ басшысы бірқатар іс-шараларға қатысып, сыртқы істер министрлерімен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөздер жүргізді.
Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қатысушылар Ұйым қызметінің негізгі мәселелерін және оның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінің ықпалды қатысушысы ретіндегі мәртебесін нығайтуды талқылады. Қазақстан СІМ басшысы ШЫҰ төрағасы ретінде еліміздің Шанхай ұйымының қызметін жетілдіруге, өзара іс-қимылдың барлық бағыттары – қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды теңгерімді дамытуға тараптардың бірлескен күш-жігерін жұмсауға дайын екендігін білдірді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде делегация басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының өзекті мәселелері, сондай-ақ
БҰҰ-ның ҰҚШҰ-мен және басқа да өңірлік құрылымдармен ынтымақтастығының басым бағыттары бойынша пікір алмасты. Министр М. Нұртілеу әріптестерін ҰҚШҰ қызметінің түрлі аспектілері бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы хабардар етті, Ұйымның одан әрі дамуы туралы өз көзқарасымен бөлісті.
Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесінің СІМК-не қатысу барысында делегация басшылары АӨСШК-ны одан әрі институционалдық дамыту перспективаларын және сенім шараларын іске асыру жөніндегі практикалық қадамдарды талқылады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі М. Нұртілеу Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды бастау үшін Астана декларациясының маңыздылығын атап өтті.
Түркі мемлекеттері ұйымының СІМК шеңберінде Ұйымға қатысушы елдердің СІМ басшылары ағымдағы жылдың 3 қарашасында Астанада өтетін ТМҰ-ның 10-шы мерейтойлық саммитіне дайындық мәселелеріне назар аударды. Ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан СІМ басшысы М. Нұртілеу сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымының СІМК жұмысына қатысты, оның барысында қатысушылар ислам әлеміндегі ағымдағы ахуалға байланысты кең ауқымды мәселелерді талқылады, осы платформа шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі М. Нұртілеу Ұлыбританияның, Жапонияның, Венгрияның, Польшаның, Чехияның, Солтүстік Македонияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Мексиканың және Сербияның Сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді, сондай-ақ ЕҚЫҰ және БҰҰ Өркениеттер Альянсының Бас хатшыларымен кездесті.
Бұған қоса Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сейшел Республикасының Үкіметі арасында паспорттардың барлық түрлері үшін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бангладеш Халық Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.
2. Вьетнам парламенттік делегациясының Қазақстанға сапары туралы
2023 жылғы 25-28 қыркүйек аралығында Вьетнам Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің мүшесі және ВСР Ұлттық жиналысы Төрағасының бірінші орынбасары Нгуен Кхак Динь басқаратын парламенттік делегациясы Қазақстанға келеді.
Сапар барысында Вьетнам тарапының ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағалимен екіжақты кездесулері жоспарлануда.
3. ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы делегациясының Қазақстанға сапары туралы
2023 жылғы 25-27 қыркүйекте Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті (БХӨЖ ТК) Сыртқы істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Хао Пиннің Қазақстанға сапары өтеді. Аталған сапар екі ел арасындағы парламентаралық өзара ықпалдасуды одан әрі жандандыруға бағытталған.
Сапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кездесулер жоспарлануда.
4. Қазақстан делегациясының АЭХА (МАГАТЭ) Бас конференциясының 67-ші сессиясына қатысуы туралы
2023 жылғы 25-29 қыркүйекте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Венада өтіп жатқан Бас конференциясының 67-ші сессиясына қатысады. Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы әлеуетін көрсету мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ, ҚР Ұлттық ядролық орталығы және ҚР Ядролық физика институты бірлесіп ақпараттық стенд-павильон ұйымдастырды. Конференция аясында АЭХА-мен ынтымақтастықты дамыту бойынша іс-шаралар өткізу жоспарланған.
А. Сатқалиев басқа ұлттық делегациялардың басшыларымен, сондай-ақ АЭХА Бас директоры Рафаэль Гроссимен екіжақты кездесулер өткізеді.
5. Ауғанстан бойынша Мәскеу форматындағы алдағы отырыс туралы.
2023 жылғы 29 қыркүйекте Қазан қаласында (Татарстан) Мәскеу форматы шеңберінде Ауғанстан бойынша консультациялардың кезекті раунды өтеді.
Кездесуге Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысады. Ауғанстанның жаңа әкімшілігі өкілдерінің қатысуы жоспарланған. Қазақстан атынан ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиев қатысады.
Консультациялардың күн тәртібінде Ауғанстандағы ағымдағы жағдай бойынша, оның ішінде өңірлік қауіпсіздікті, инклюзивті үкіметті қамтамасыз ету және әйелдердің жұмыс пен оқуға құқығын сақтау саласындағы пікір алмасу көзделген. Бұдан басқа, терроризм мен есірткі трафигіне қарсы күрес мәселелері қозғалады.
Анықтама: Мәскеу форматы 2017 жылы Ауғанстандағы ұлттық татуласу процесін ілгерілету мақсатында Ресей Федерациясының бастамасымен құрылды. Форматтың соңғы отырысы 2022 жылдың қараша айында Мәскеуде өтті.
- 02.10.2023
- 143