- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 2 қазан
Мазмұны:
- Қазақ-британ Стратегиялық диалогының отырысы туралы;
- Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы туралы;
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының энергетикалық форумы туралы;
- ҚР Премьер-Министрі орынбасарының Қатар Мемлекетіне жұмыс сапары туралы;
- Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері орынбасарларының отырысы туралы.
- Қазақ-британ Стратегиялық диалогының отырысы туралы
2023 жылғы 2 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары Лео Докертидің қатысуымен Қазақ-британ стратегиялық диалогының кезекті отырысы өтті.
Стратегиялық диалог – Қазақстанның Ұлыбританиямен өзара іс-қимылының негізгі тетіктерінің бірі. Отырыстар шеңберінде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті және перспективті бағыттары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер қарастырылады. Бұған дейін Стратегиялық диалог отырысы 2022 жылы желтоқсанда Лондонда өтті.
2. Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы туралы
2023 жылғы 2-4 қазанда Алматы қ. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің кезекті жыл сайынғы отырысы өтеді. Оған құқық қорғау органдары мен сыртқы саяси ведомстволардың өкілдері қатысады.
Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы Орталық Азиядағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі жалғыз мемлекетаралық құрылым.
3. Шанхай ынтымақтастық ұйымының энергетикалық форумы туралы
2023 жылғы 3-4 қазанда Астана қаласында Қазақстанның төрағалығымен Kazakhstan Energy Week-2023 және XV KAZENERGY Еуразиялық форумы аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының энергетикалық форумы өтеді.
Форум жұмысына ұйымға мүше мемлекеттердің бейінді ведомстволарының, байқаушылары мен әріптестерінің диалог бойынша басшылары қатысады. Делегация басшылары ШЫҰ шеңберінде энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық тәсілдерін талқылайды және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шешімдер қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
4. ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының Қатар Мемлекетіне жұмыс сапары туралы
2023 жылғы 2-3 қазанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) конференциясына, жоғары деңгейдегі Қазақ-қатар Бірлескен комиссиясының 6-шы отырысына және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас Ассамблеясының 6-шы сессиясына қатысу үшін Қатар Мемлекетіне жұмыс сапары өтеді.
ИЫҰ конференциясы барысында Ұйымға мүше мемлекеттер арасында ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін дамыту мәселелері талқыланады.
Қазақ-қатар үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысында тараптар сауда, экономика, инвестиция, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, спорт, туризм және т.б. салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылайды. Қатар тарапының тең төрағасы – Сауда және индустрия министрі шейх Мұхаммед Әл Тани.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Бас Ассамблеясының 6-сессиясы барысында Ислам әлеміндегі азық-түлік қауіпсіздігін, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ Ұйымның алдағы даму перспективаларын талқылау жоспарлануда. Қазіргі таңда Ұйымның құрамына ИЫҰ-ның 37 мүше-мемлекеті кіреді.
5. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері орынбасарларының отырысы туралы
2023 жылғы 4 қазанда Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері орынбасарларының отырысы өтеді. Қазақстаннан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қатысады.
Кездесуге қатысушылар Астанада 2023 жылғы 3 қарашада жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық Саммитін ұйымдастыру мәселелеріне басты назар аударады. Сонымен қатар, тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды.
- 03.10.2023
- 136