- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Еңбекмині 2023 жылдың 9 айындағы жұмысын қорытындылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осы жылғы 9 айдағы жұмыстың қорытындысы бойынша ведомствоның Алқа отырысын өткізді. Іс-шара барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, халықты жұмыспен қамту, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері қаралып, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті (бұдан әрі – ЕӘҚК) мен Көші-қон комитеті қызметінің қорытындылары шығарылды. Алқа қорытындысы бойынша Министр бірқатар тапсырмалар берді.
Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері, ЕӘҚК және Көші-қон комитеті төрағалары мен олардың орынбасарлары, ҚР ЕХӘҚМ департаменттерінің директорлары, ЕӘҚК аумақтық департаменттерінің директорлары, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының (бұдан әрі – ЖҚҮӘББ) басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
Алқа отырысында халықты жұмыспен қамту шараларын іске асыру туралы вице-министр Олжас Ордабаев баяндама жасады.
«Жыл басында барлық өңірлердің әкімдерімен бекітілген 20 өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде ұлттық жобалар, «10 мың халыққа 100 жұмыс орны», мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындары, жұмыс берушілермен ұсынылатын бос жұмыс орындары, халықтың еңбек мобильділігі бағдарламалары аясында жұмыспен қамтудың нақты шаралары бекітілген.
Өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде осы жылға 947 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту бойынша шаралар көзделген. 9 айдың қорытындысы бойынша 734 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық көрсеткіштің 77%-ын құрайды. Олардың ішінде жастардың үлесі 50%-ға жетеді. Қазіргі уақытта жұмысқа орналастырылған азаматтардың 76%-ы үшін зейнетақы аударымдары аударылуда, бұл олардың тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растайды», – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға микрокредит беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 4 734 микрокредит берілді.
Бұдан басқа 418 бизнес-жоба өңірлік комиссиялардың қарауында және 637 өтінім Агрокредиттік корпорацияның өңірлік филиалдарының қарауында.
«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының келесі бағыты мемлекеттік гранттар беру болып табылады. Алғашқы екі лектің нәтижесінде халықтың осал топтары арасынан 5 316 азамат грант алды. Жалпы республика бойынша грант алушылардың басым көпшілігі көпбалалы отбасылардың қатарынан – 2899 грант, мүгедектігі бар азаматтардың қатарынан 1038 адам, мүгедектігі бар баланы қараушылар қатарынан 631 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушы 365 адам екендігін атап өту қажет.
2 062 адам технологиялық жабдықты сатып алу үшін, 1 568 адам – ірі және ұсақ мал сатып алу мақсатында, 957 адам – еңбек құрал-саймандарын сатып алу үшін гранттар алды», – деді Олжас Ордабаев.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі көрсеткіштері туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі – МӘСҚ) Бас директоры Нұрсұлу Кемел баяндады.
«2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен шамамен 6,6 млн жұмыс істейтін азамат қамтылды. МӘСҚ-тен әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі бойынша әлеуметтік төлемдер 543 млрд теңге сомасында 1 млн-нан астам алушыға берілді.
Биыл 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 4 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Есепті кезеңде әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша электрондық қызметтердің үлесі 57% - ға жетті», – деді Нұрсұлу Кемел.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы вице-министр Назгүл Сағындықова хабарлады.
«2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Ол мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесінде жаңа тәсілдерді көздейді. Мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсартуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары іске қосылды.
Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс аясында біз мүгедектігі бар адамдарды қолдау мен қоғамға интеграциялау үшін маңызды бірнеше негізгі бағыттарға назар аудардық», – деп хабарлады вице-министр.
Біріншісі – республикалық деңгейде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының бюджетін шоғырландыру және олардың қызметін лицензиялау.
Екіншісі – оңалтудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – ОТҚ) инновациялық фабрикасын ашу. Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жоғары технологиялық құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында ОТҚ жіктеуішін қайта қарау жоспарлануда.
Үшіншісі – мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялау және олардың экономикалық дамуға белсенді қатысуын қолдау үшін маңызды қадам болатын Инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеу.
Төртінші – егер жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квоталарды орындамаса, міндетті өтемақы төлеу тетігін енгізу. Бұл еңбек нарығында тең мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.
Бесінші – инватакси қызметтерін, сондай-ақ ОТҚ жекелеген түрлерін монетизациялау. Қазіргі уақытта Министрлік ұсыныстарды жинауда және ортопедиялық аяқ киімді монетизациялаудың қажеттілігі мен механизмін анықталады.
Алтыншы – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу.
ЕӘҚК төрағасының орынбасары Қорлан Төлебаева аумақтық департаменттердің зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік объектілерді бейімдеу сапасын тексеру бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Өз кезегінде, Көші-қон комитеті төрағасы Асқарбек Ертаев шетелдік жұмыс күшін тарту; республикаға этникалық қазақтардың келуі, оларға «Қандас» мәртебесін беру және оларды қоныстандыру; өзге ел азаматтары болып табылатын этникалық қазақтарға Қазақстанда 10 жылға дейінгі мерзімге тұруға ықтиярхат ресімдеу құқығын беретін «Ата жолы» картасын беру; азаматтарды еңбек күші артың өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру; еңбек эмигранттарының құқықтарын қорғау; босқындармен және пана іздеушілермен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Алқа отырысын қорытындылай келе ЕХӘҚМ басшысы бірқатар тапсырмалар берді.
«Қазірдің өзінде 757 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың жартысы жастар. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу керек. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға назар аудару қажет.
Жастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беру үшін жеңілдетілген шағын несие берілуде. Қазірдің өзінде 4,7 мыңнан астам шағын несие берілді. Бірақ жекелеген өңірлерде оның орындалмау қаупі бар, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.
Электрондық еңбек шарттарының жасалуы және міндетті зейнетақы жарналарының болуы жұмысқа орналасқанын растайтындықтан, осыған баса назар аударуларыңызды сұраймын. Бірінші кезекте сіздердің жұмыстарыңыз осы жағдайларды қамтамасыз ету есебінен бағаланатын болады», – деді Светлана Жақыпова.
Министр ЖҚҮӘББ басшыларының назарын мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуге аударды.
«Мүгедектердің нысандарға қолжетімділігі мәселесі бірнеше жылдан бері Министрліктің күн тәртібінен түспей келеді. Бүгінгі күнге жылдық жоспардың тек 33%-ы орындалған. Жыл соңына дейін екі ай қалды, жыл аяғына дейін жоспар толығымен орындалуы тиіс.
Сондай-ақ, ЕӘҚК аумақтық департаменттері жергілікті атқарушы органдардың объектілерді бейімдеу бойынша жүргізген жұмыстарына бақылауды күшейтуі қажет», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Ол жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында Әлеуметтік кодекс нормаларымен Әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялардың рөлі күшейтілгенін айтты. Енді комиссия мүшелерінің тікелей міндеті Порталда ұсынылған ОТҚ мен қызметтердің уақтылы жеткізілмеуі және сапасы бойынша мүгедектігі бар адамдардың шағымдарын қарау болып табылады. Анықталған бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, комиссия өнім берушіні Порталдан шығару туралы шешім қабылдайды.
«Алайда, мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауарларға және сәйкес келмейтін қызметтерге, әсіресе санаторлық-курорттық ұйымдардағы қызметтер көрсетуге шағымдары Министрлік пен ЕӘҚК-не келіп түсуде. Бұл комиссия мүшелері тарапынан проблемалық мәселелерді шешуде бақылаудың жоқтығын және олардың осы мәселелерге араласудан тыс қалғандығын көрсетеді. Сондықтан ЖҚҮӘББ өңірлік комиссиялармен бірлесіп, жеткізілетін тауарлар мен қызметтерге сәйкестік сертификаттарының болуына әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген өнім берушілерге тұрақты негізде мониторинг жүргізу қажет», – деді министр.
Еңбекминінің басшысы жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік үйлестіру кеңестерінің белсенділігінің төмендігін атап өтті. Светлана Жақыпова мүгедектігі бар адамдардың мәселелерін ҮЕҰ-ны тарта отырып, осы алаңдарда қарастыру керек екенін, ал әзірленген ұсынымдарды республикалық үйлестіру кеңесіне жіберу қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Министр Көші-қон комитетіне қандастар мен қоныс аударушы отбасыларды сүйемелдеу және қолдау бойынша бизнес-процестерді егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Абай облыстарының әкімдігі бейімделу және интеграция орталықтарын осы жылдың желтоқсан айына дейін ашу жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет.
«Көші-қон комитеті Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарының әкімдіктерімен шетелде азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін оқыту орталықтарын ашу бойынша кешенді жұмыс жүргізуі қажет.
Еңбек нарығы бойынша тиісті талдау жүргізу, Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту қажет болатын сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұсыныстар қалыптастыру қажет», – деп түйіндеді Светлана Жақыпова.
- 20.10.2023
- 166