- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі – ҚХА) өкілдерімен кездесіп, жаңа көші-қон саясаты туралы хабарлады.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, республиканың барлық өңірлерінен ұлттық мәдени орталықтар мен бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Сөз басында Светлана Жақыпова көші-қон саласындағы қазіргі жағдай туралы айтты.
«Осы жылдың 9 айында сыртқы көші-қонда оң динамика байқалады. Көші-қон сальдосы +6,4 мың адамды құрады. Елге 19 мың адам келіп, 13 мың адам кетті. Қызылорда облысын қоспағанда, еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты тұруға келгендер саны шетелге шығатын адамдардың санынан асып түседі. Көші-қон өсімі негізінен ТМД мен Қытайға тиесілі.
Ішкі көші-қонда еңбек ұтқырлығындағы белсенділіктің өсуі байқалады. Ел ішінде қоныс аударушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 %-ға өсті. Қаңтар-қыркүйек айларында ішкі көші-қонға 733 мың адам қатысты, оның 338 мыңы облысаралық қоныс аударуға қатысты.
Елдің мегаполистері ішкі мигранттарды тарту орталықтары болып қала береді. Мәселен, жоғарыда аталған кезеңде Астанаға 74 мыңнан астам (23%), Алматыға – 67 мың (19,9%), Шымкентке – 30 мың (8,9%) адам тұрақты тұруға келді», – деді Светлана Жақыпова.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 7 бағыт бойынша іске асырылатын Қазақстанның 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлады.
«Жұмыстың бірінші бағыты – бизнес-иммиграция. Қазіргі уақытта Парламентінің Мәжілісінде халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралуда. Оның шеңберінде Қазақстан экономикасына кемінде 300 мың АҚШ долларын салуға дайын шетелдіктер үшін инвестор визасын беру жөніндегі түзетулер талқылануда. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар үшін шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге жер учаскелерін жалға беру жөніндегі түзетулер қарастырылуда.
«Ата жолы» картасы бойынша этникалық қазақтарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнде картаны 25 этникалық қазақ алды, оның 11-і сұранысқа ие мамандықтарға ие және 14-і Қазақстанда табысты бизнес-кейстерін масштабтауға дайын кәсіпкерлер», – деді Светлана Жақыпова.
Екінші бағыт – еңбек көші-қоны. Қазақстандық жұмыскерлердің білімін трансферттеу және біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік мамандарды тарту бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Осылайша, сұранысқа ие мамандықтары бар шетелдіктер үшін визалар мен тұруға ықтиярхат алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде жұмыс берушінің ішкі нарықта кадрлар іздеуді жүргізу шарттары қайта қаралды. Шетелдік жұмыс күшін тартуға оның қолданысын бірнеше өңірлерге тарата отырып, бір рұқсат алу мүмкіндігі берілді.
«Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттеуге қатысты. Жыл басынан бері елімізге жалпы 17 903 қандас келді. Құжаттарды қабылдау шетелдегі мекемелер немесе «е-қонақ» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
Қоныстандыру 4 бағыт бойынша жүргізіледі.
Бірінші. Қазақстанда сұранысқа ие кәсіп иелерінің өз бетінше жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар және қандас мәртебесін ала отырып, қоныстандыру үшін кез келген өңірге жіберіледі.
Екінші. Қазақстан азаматтары қатарында бір жақын туыстары бар адамдар туыстарының тұрғылықты жері бойынша өңірлерге қоныстануға жіберіледі.
Үшінші. Сұранысқа ие мамандығы немесе жақын туыстары болмаған жағдайда этникалық қазақтар мемлекеттік қолдау шараларын ала отырып, Үкімет айқындаған өңірлерге жіберіледі.
Төртінші. Агломерациялардың аумақтарына, демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендер мен қалаларға жіберіледі», – деді Еңбекминінің басшысы.
Шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарын қорғау мақсатында 10 елмен еңбек көші-қоны саласында келісімдер қолданылады. Бұған қосымша шетелде қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде 7 жаңа үкіметаралық келісім әзірленді.
Сондай-ақ, Қазақстанды Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне қосу жөнінде тиісті шаралар қабылдануда.
Шығыс Қазақстан облысында көшпелі оқу орталығын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның негізгі міндеті тілдік курстарда оқыту, корей тілін білу бойынша тестілеу, Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін кандидаттардың біліктілігін арттыру болады. Бұл жобаны іске асыру біздің азаматтарымызға Оңтүстік Корея аумағында олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау кепілдігімен 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Біздің жұмысымыздың бесінші бағыты еліміздің жұмыс күші тапшы өңірлеріне ішкі ұтқырлықты ынталандыруды көздейді. Осы жылдың соңына дейін жұмыс күші тапшы өңірлерге 8 652 адамды көшіру жоспарлануда, 10 айда 7 992 адам қоныс аударды.
Шілде айынан бастап тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қоныс аударушылардың отбасыларына 3,2 млрд теңге сомасына 857 экономикалық мобильділік сертификаты берілді. Қоныс аударушылар мен қандастарды ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында оларды солтүстік өңірлерде бейімдеу мен интеграциялаудың жаңа алгоритмі әзірленді. Пилот Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында іске асырылуда. Алгоритм отбасын, оның ішінде балаларды толық сүйемелдеу бойынша бейімдеу және интеграциялық қызметтер кешенін, сондай-ақ жергілікті қоғамдастыққа тиімді интеграциялау үшін әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтерін қамтиды», – деп хабарлады Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар Министр 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елде 520 пана іздеуші мен 325 босқын бар екенін хабарлады. БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы Конвенциясының нормаларымен ұлттық заңнаманы имплементациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Босқындарға медициналық және әлеуметтік көмекке қолжетімділік беру бойынша ұсыныстар әзірленді.
«Біздің қызметіміздің жетінші және басым бағыттарының бірі көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру болып табылады. Мигранттарды тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келу мақсатына қарамастан Қазақстанға келетін шетелдік азаматтардың бірыңғай есебін, сондай-ақ көші-қон ағындарының мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін migration.enbek.kz порталы құрылады. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін көшіп-қонушылардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделеді. Бұл көшіп-қонушыны цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда сапардың мақсаттарына қарамастан физикалық орналасқан жері мен қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Еңбекминінің басшысы.
Кездесу барысында Светлана Жақыпова ҚХА өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
- 30.11.2023
- 196