- Блогтар
- Шаққалиев А.А.
Шаққалиев А.А.
ҚР Сауда және интеграция министрі
Қазақстан мен Пәкістан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Ыстамбұлда ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Пәкістанның Федералдық сауда, өнеркәсіп және өндіріс министрі Гохар Эджазбен екіжақты кездесуі өтті.
Тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.
«Пәкістан – Гвадар, Карачи, Қасым порттары қазақстандық өнімдерді Пәкістан мен Оңтүстік Азия нарықтарына экспорттауды ілгерілету тұрғысынан да, Парсы шығанағы мен Шығыс Африканың экспорттық нарықтарына шығу мәселелерінде біздің елдеріміздің транзиттік әлеуетінің тартымдылығын арттыру тұрғысынан да біз үшін үлкен қызығушылық тудырады», - деді Арман Шаққалиев келіссөздер барысында.
Қазіргі уақытта құрлықтағы маршруттармен де, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, Иран аумағы немесе Қытай арқылы теңіз порттарын қолдана отырып, өзара жеткізуді ұйымдастырудың нұсқалары бар.
Сондай-ақ, Қарақорым тас жолы арқылы Қырғызстан, Қытай аумақтары, одан әрі Пәкістанға автомобиль тасымалдарының мүмкіндіктері қарастырылуда.
Кездесу барысында пәкістандық National Logistics Cell логистикалық компаниясы мен QazTrade арасында пәкістандық компанияның Ауғанстанға, Пәкістанға өнім тасымалдауына тіркелген тарифтерді ұсыну бөлігінде өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
Еске салайық, 2022 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 73,5 миллион долларды құрады. 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында елдер арасында 38,7 миллион долларға сауда жасалды. Әлеуетті экспорттық тауарлар тізімінде 85 атау бойынша келесі салалардың өнімдері бар: мұнай-химия, азық-түлік, машина жасау, фармацевтика, сондай-ақ көлік құралдары мен құрылыс өнімдері.
- 06.12.2023
- 166