- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының негізгі тәсілдері туралы баяндады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының негізгі тәсілдері туралы айтып берді. Ол аталған Тұжырымдаманың мақсаты жұмыскерлердің еңбек өмірінің сапасын арттыру және еңбек ресурстарын үнемдеу болып табылатынын атап өтті.
Светлана Жақыпова Тұжырымдамада еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін (бұдан әрі – ЕҚБЖ) дамытудың 4 негізгі бағыты көзделгенін, оның ішінде: тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде ЕҚБЖ-ны жаңғырту; жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру; кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту; еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру көзделгенін хабарлады.
Министрдің айтуынша, өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулар еңбек жағдайлары зиянды, оның ішінде санитарлық-гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін жұмыстардың, сондай-ақ ауыр еңбек пен қауіпті жабдықтардың салдары болып табылады. ЕҚБЖ жаңғырту шеңберінде проблемалық мәселелерді ескере отырып, мынадай шаралар кешені іске асырылатын болады.
Бірінші – еңбек жағдайларын жаңаша жіктеу мен бағалауды нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету. Бұл өндірістік ортаның зиянды факторларының кешенді әсерін анықтауға мүмкіндік береді.
Екінші – кәсіптік тәуекелдерді бағалауды жүргізетін мамандандырылған ұйымдарға: зертхана мен жабдықты аккредиттеу; кәсіптік тәуекелдерді бағалау жөніндегі сарапшыларды сертификаттау; Министрліктің ақпараттық жүйесімен міндетті интеграциялау және бағалау нәтижелерін мобильді қосымша арқылы ұсыну бойынша талаптар қою.
Үшінші – сапасыз бағалау нәтижелері анықталған жағдайда Тізілімнен алып тастай отырып, Министрліктің ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған мониторинг арқылы мамандандырылған ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу.
«Нақты қауіпті фактор негізінде жеке қорғаныш құралдарын (бұдан әрі – ЖҚҚ) бөлудің және саралаудың матрицалық әдісін қолдану жұмыс берушіге ЖҚҚ таңдауды жеңілдетеді. Бұл жұмыскерлерді белгілі бір жұмыс орнына тән тәуекелдерден қорғау құралдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу еңбек жағдайлары мониторингінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау жолымен толыққанды цифрландырумен сүйемелденетін болады. Қазірдің өзінде Кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылды, ол 2024 жылғы 1 шілдеден бастап нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Еңбекминінің басшысы.
Светлана Жақыпова қауіпсіз еңбек шығындарын талдау олардың еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктер (жеңілдіктер мен өтемақылар) берумен көбірек байланысты екенін көрсетті. Осы мақсатқа 2022 жылы жұмыс берушілер 227 млрд теңгеден астам қаржат бөлді. Соңғы 3 жылда бұл шығындар 47 %-ға өсті.
Жұмысшылардың қолданыстағы кепілдіктері нақты еңбек жағдайларын ескермейді және жұмыс берушілерді оларды жақсартуға ынталандырмайды. Бұдан басқа, жұмыс берушілердің жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға қызығушылығы төмен. Бүгінгі күнде жұмыскерлердің тек 54 %-ы сақтандырылған.
«Кепілдіктер беру тетігін трансформациялау жөніндегі шаралар шеңберінде түрлері мен көлемдерін айқындаудың жаңа тәртібі, оның ішінде кәсіптік тәуекелдерді бағалау негізінде оларды тағайындаудың проактивті форматы белгіленетін болады. Еңбекті қорғауға арналған шығындарды экономикалық жоспарлауға, сондай-ақ оның тиімділігін бағалауға әдістемелік тәсілдер әзірленеді. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің профилактикалық бағыттылығы кеңейтіліп, сақтандырудың негізгі мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді, атап айтқанда: тарифтің негізділігі, сақтандыру сомасының сәйкестігі, тәуекелді анықтау үшін деректердің толықтығы.
Аталған шараларды іске асыру жұмыскерлерге берілетін кепілдіктердің атаулылығы мен жүйелілігін ескере отырып, оларды толық қамтуға, ал жұмыс берушілерге еңбек жағдайларын жақсартуға қаражат салудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Министр жоғары өндірістік жарақаттанудың себептерінің бірі қауіпсіз еңбекке оқытудағы кемшіліктер болып табылатынын, білікті кадрлардың тапшылығы, оқу орталықтарының оқыту сапасы үшін жауапкершілігінің болмауы 2022 жылы жазатайым оқиғалардың 20 пайызына себеп болғанын атап өтті.
«Осы мәселелерді шешу үшін оқу орталықтары жүргізетін оқыту рәсімдерін және онлайн-платформа құра отырып, еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруді бөлу жоспарлануда. Оқу орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіледі, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құрылады, оның функцияларының бірі білімді тексеру үшін үлгілік оқу бағдарламалары мен бақылау мәселелерін әзірлеу болады. Еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және техникалық инспекторларды, өндірістік кеңестердің басшылары мен мүшелерін міндетті түрде біліктілігін арттырумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер мамандығының имиджін арттыруға бағытталған, оның ішінде білім беру гранттарының көлемін ұлғайта отырып, кәсіптік бағдар беру жұмысы шеңберінде бірқатар іс-шараларды іске асыру ұсынылады», – деді Светлана Жақыпова.
Еңбекмині басшысының айтуынша, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыру автоматтандырылған ақпараттық жүйелер, цифрлық платформа және кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын болады.
«Әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы алдын ала мемлекеттік бақылау тетігі енгізілетін болады. Жазатайым оқиға фактісі бойынша кәсіпорындарда кәсіптік тәуекелдерді бағалау нәтижелеріне сараптама енгізілді. Бұл мемлекеттік бақылау мен мониторингті жоғары тәуекел аймақтарына шоғырландыруға, алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға және жағымсыз салдарларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік еңбек инспекторларының, сондай-ақ кәсіподақтардың қоғамдық бақылау жүргізу бөлігіндегі өкілеттіктерін күшейтуден оң нәтиже күтілуде», – деді министр.
Светлана Жақыпова сондай-ақ еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілетінін хабарлады.
«Бұл төлемдерге кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған 55 жасқа толған жұмыскерлер құқылы. Төлемді алудың негізгі шарты еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыспау керек. Мұндай жағдайда жұмыскерлер үшін жұмысқа орналастыру шаралары ұсынылатын болады.
Арнаулы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы; зейнетақыға дейінгі аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі; жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіптік төлем; БЖЗҚ-дағы жинақтарды ескере отырып, зейнетақы төлемі. Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады», – деді ол.
Cөз соңында Светлана Жақыпова Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары үшін оң нәтиже күтілетінін атап өтті. Жұмыскерлер үшін – өмір сүру сапасын жақсарту және денсаулықты сақтау, жұмыс берушілер үшін – қауіпсіз жұмыс орындарын құруға және еңбек өнімділігін арттыруға экономикалық қызығушылық, мемлекет үшін – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
- 26.12.2023
- 148