- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова 2023 жылды қорытындылап, қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Еңбекминінің 2023 жылғы жұмысын қорытындылады және барлық азаматтарға денсаулық, амандық пен бақыт тілей отырып, қазақстандықтарды келе жатқан 2024 жылмен құттықтады.
«Құрметті қазақстандықтар! Өткен 2023 жыл Мемлекет басшысы қойған тапсырмалар мен және әлеуметтік қолдауды күшейтуге, қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттерді іске асыруда біздің Министрлік үшін өте жауапты жыл болды.
Министрліктің басты жетістігі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодекстің қабылдануы болып табылады. Бұл ТМД аумағындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы шоғырландырған және азаматтардың туғаннан бастап егде жасқа дейінгі құқықтарына кепілдік беретін алғашқы құжат. Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру құралы болып табылады және келесілерді көздейді: Отбасының цифрлық картасын енгізу; атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту; әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансфомациялау, мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру; азаматтарды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің тиімділігін арттыру; халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласына жаңа тәсілдер.
Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде 1 шілдеден бастап бірқатар жәрдемақылар қосымша 14,5 %-ға артты. Олардың ішінде мүгедектігі бойынша жәрдемақылар; асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша; I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға және басқаларға. Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 %-ға арттырылды. Жыл басында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің 8,5 %-ға ұлғаюын ескере отырып, олардың мөлшері жылдық мәнде 23 %-ға өсті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Әлеуметтік кодексті жүзеге асыру аясында биыл халықтың әртүрлі санаттарын, әсіресе балалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілгенін атап өту қажет. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау және халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін іске асыру бойынша жұмыс басталды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы Отбасының цифрлық картасы енгізілді, оның басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын «электронды жаршы» қызметін атқарады. Отбасының цифрлық картасын енгізудің арқасында осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 795 мыңнан астам адам SMS алды. Бұл ретте 313 мыңнан астам адам жәрдемақы немесе төлемді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланды.
Қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 %-дан 60 %-ға дейін ұлғайтылды, ал ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін қазақстандықтардың әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер әзірленіп, мақұлданды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай жұмыскерлер 55 жасқа толған және олар үшін кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған кезде 4 қаржы көзінен жүзеге асырылатын төлемді ала алады. Жұмыскерлер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады, басты шарт – еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыспау.
Сонымен қатар, Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш маңызды бағдарламалық құжатты дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Олар Қазақстанның 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы, 2024 – 2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы. Оларды іске асыру шет елдерден қажетті жоғары білікті мамандарды тарту және қолда бар еңбек ресурстарын өңірлер арасында ұтымды бөлу есебінен ел экономикасының дамуын, 2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орындарының құрылуын қамтамасыз етеді, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45 пайызды құрайды, сондай-ақ өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын азайтуға, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайту ықпал ететін болады.
Бұдан басқа, биыл Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту үшін заңнамалық негіз құрған «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданып, күшіне енді. Ол өз кезегінде экономика салалары мен білім беру жүйесі арасындағы өзара байланысты, алынған білім мен дағдылардың еңбек нарығының сұраныстарына сәйкестігін қамтамасыз етеді, формалды және формалды емес оқыту, сондай-ақ жұмыс орнында оқыту шеңберінде біліктілікті танудың бірыңғай форматын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды да назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан жылдың маңызды оқиғасы бірі Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау, ол біздің азаматтарға Мүгедектердің құқықтары турады БҰҰ комитетінің қарауына жеке өтініштер жіберуге мүмкіндік береді.
Жалпы, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру шеңберінде жұмысқа орналастыру және арнайы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдануда. Мүгедектігі бар ересек азаматтар мен балаларға арналған оңалту орталықтары ашылуда. Республиканың барлық өңірлерінде кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін және оларды жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы жетілдірілді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай проактивті форматта жүргізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда, ол куәландыру рәсімін әлдеқайда оңтайландырды және жеңілдетті.
Сондай-ақ, өткен жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалғанын атап өткім келеді. Бүгінгі күні республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. Биыл жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,4 млн адамға, оның ішінде 2,3 млн зейнеткер мен 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 4,6 трлн теңге жұмсалды.
Осы жылдың 11 айында өмірлік қиын жағдайға тап болған 595,7 мыңнан астам қазақстандық 52,4 млрд теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек түрінде мемлекеттен қолдау алды. АӘК алушылар арасынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде 6,7 млрд теңге сомасына 186,1 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының кешенін іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,7 %-ға дейін төмендетуге ықпал етті. Биыл 961,9 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Оқыту және кәсіптік бағдар беру түрінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларымен шамамен 311,1 мың адам қамтылды.
2023 жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде әлеуметтік осал санаттарға жататын қазақстандықтарға 9,1 мыңнан астам грант берілді. Мемлекет басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдетілген микрокредиттер беру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 5,5 мыңнан астам микрокредит берілді.
Осы жетістіктердің бәрі әлеуметтік серіктестеріміздің көмегімен және қолдауымен болып отыр. Халықаралық ұйымдарға, барша жұмыс берушілерге, кәсіподақ ұйымдарына, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне Министрлікпен белсенді өзара іс-қимыл жасағаны үшін ерекше алғысымды білдіремін және одан әрі жемісті жұмыс жасаймыз деген үміттемін.
Заманауи жаңа сын-қатерлер біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр, алдағы жылы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету үшін біраз жұмыстар атқаруымыз керек, оған тек бірлесіп қана қол жеткізе аламыз.
Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді келе жатқан 2024 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Жаңа жыл өмірімізге жақсы өзгерістер әкеледі деп сенеміз, еліміздің сенімді дамуына үміт артамыз.
Осы жылы Отанымыздың игілігі үшін жауапкершілікпен еңбек еткен азаматтарға зор алғыс айтқым келеді. Жаңа 2024 жылы халықтың өмір сүру сапасының артуын, отбасы мен рухани құндылықтардың нығаюын шын жүректен тілеймін! Келе жатқан жыл біздің еліміз үшін жақсылық пен жасампаздыққа толы жыл болсын.
Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, әр отбасыға құт-береке, бақыт пен шаттық, қуаныш пен өзара түсіністік тілеймін!», – делінген Светлана Жақыпованың үндеуінде.
- 29.12.2023
- 211